Экономика • 13 Қаңтар, 2022

Инфляциямен күрескіміз келсе, ұсыныспен жұмыс істеу керек

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы екі жыл көлемінде инфляция мәселесі біздің ғана емес, бүкіл әлемнің басты мәселесіне айналды. АҚШ та, Еуропа да инфляциямен күресіп жатыр. Демек, бұл – ортақ проблема. Бір жағынан біздің инфляция ішкі жағдайлар салдарынан жинақталып қалған түйткілдердің нәтижесі іспетті. Көп тауарды сырттан сатып алуымыз себепті импорттық инфляция да күшіне мініп тұр.

Инфляциямен күрескіміз келсе, ұсыныспен жұмыс істеу керек

Жалпы, инфляцияға қатысты сөз қозғағанда оның екі қыры бар екенін ұмытпауымыз керек. Бірінші қырын айтайық. Егер Ұлттық банк өзінің мөл­шерлемесін жоғарылатса, айталық, 12,15 тіпті 20 пайызға дейін көтеріп тастайтын болса, онда сөзсіз инфляцияны төмендете алады. Бірақ ондай жағдайда экономиканың дамуы тоқтай­ды және кәсіпкерлер шы­ғын­ға батады. Өйткені база­лық мөлшерлемесі көтеріл­ген жағдайда банк несиесі де көтеріледі. Иә, бұл банк үшін жақсы шығар: жоғары пайыздық мөлшерлемеден көбірек табыс табуға мүмкіндік бар. Бірақ тым жоғары пайыз­дық мөлшерлеме несиелеуді өлтіретінін де естен шығармау керек. Демек, бұл нұсқаны қолдану орынсыз. Бұл пайда әкелмейді. Бізге кешенді шаралар қажет. Ұлттық банк өз механизмдерін іске қоссын, Үкімет бюджет ережесін сақ­тап, Ұлттық банк ұсыным­дамасын орындасын. Елде әсіресе, өндіріс саласы, оның ішінде халықтық тұтыну та­уарлары, шағын және орта бизнесте үлкен реформалар жасалуы керек. Енді инфляцияның екі түрі бар екенін айтайық. Алғашқысы – сұраныс инфляциясы. Сізде жоғары деңгейде сұраныс бар, бірақ ұсыныс жеткіліксіз. Міне, сұраныс пен ұсыныс арасындағы осы теңсіздік бағаны өсіру арқылы рет­теледі. Ал егер ұсыныс сұра­ныстан жоғары болса, онда нарық заңына сәйкес баға төмендей бастайды. Егер біз инфляциямен күрес­кі­міз келсе, бірінші кезекте ұсы­ныс­­пен жұмыс істеуіміз керек. Ұсыныс, бұл – жергілікті ха­лық­тың барлық қажеттілігін өтеп отырған шағын және орта бизнес. Көп жағдайда сұраныс – тұтынушылар (қарапайым халық) тарапынан, ал ұсыныс – бизнес тарапынан туындайды. Осы бағытта жұмысты дұрыс атқара алсақ, бізде ешқандай да проблема туындамас еді.

Айналып келгенде, инфляцияны 3-4 пайызға дейін түсіріп тастау – міндетті түрде орындалуы керек мақсат болмауы тиіс. Неге? Себебі, егер сіз өз еліңіз­дің экономикасын өте жоғары өсім қарқынымен, мысалы, жыл­дық 10-12 пайыздық өсіммен қамтамасыз ете алып отырсаңыз, онда 8,9 пайыздық инфляцияға алаңдаудың да еш негізі жоқ. Ал қазір бізде инфля­ция – 8,9 па­йыз көлемінде, ал эко­но­микалық өсім 3 пайыз­дан әрең асады. Егер біз жақсы экономикалық өсім­ге жеткіміз келсе, онда көп бизнес жекеге беріліп, шағын және орта бизнесте бәсеке­лес­тік қызып, ел осындай нақты нарық механизмдеріне қарай ойысуы қажет. Сол кезде бізге 8 пайыздық инфляция қорқы­нышты болмай қалар еді.

 

Арман БЕЙСЕМБАЕВ,

TICKMILL халықаралық брокерлік тобының сарапшысы