Аймақтар • 14 Қаңтар, 2022

Еріктілер қаланы тазартуға кірісті

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында еріктілер штабы жұмыс істей бастады. Штаб көмекке мұқтаж барлық қала тұрғындарына қолдау көрсетуді мақсат етеді. Волонтерлер штабында консультациялық, психологиялық, заңдық, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және шұғыл желі телефонына келіп түскен өтініштер бойынша волонтерлік көмек көрсетіледі.

Еріктілер қаланы тазартуға кірісті

Штаб жұмысына Жастар ре­сурс­тық орталығы, «Қазақстан во­лонтерлер лигасы» ҚҚ, «Жас Отан» ЖҚ, Алматы мейірімділік клубы, Lider.kz және тағы бас­қа тәжірибелі волонтерлер мен қаланың ірі волонтерлік ұйымдары жұмылдырылған. Абылай хан көшесі, 79 және Байтұрсынов көшесі, 22/1 мекен-жайында орналасқан қалалық еріктілер штабы +7 (727) 279 13 29, +7 (727) 225 49 01, +7 (705) 213 00 77 телефондары бойынша өтініштер қабылдап, күн сайын сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бүгінде еріктілер бүлікшілер бүлігінен бүлінген қала ішін қо­қыстардан тазартып, қайта қал­пы­на келуіне бар күш-жігерін аямауда. Еріктілер ең алдымен елдегі төтенше жағдайда қо­ғам қауіпсіздігі, тұрғындардың аман­дығы үшін күресіп жатқан ау­рухана қызметкерлері мен әс­ке­рилерге, сондай-ақ нау­қас­тар­ға, зейнеткерлерге азық-түлік пен тамақ үлестіруде. Осы бір ап­та­ның ішінде еріктілер міндетіне кіріскендердің саны 300-ден асады. Қала тұрғындары, түрлі қауымдастықтар, қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлер, тағы да басқа қала өміріне бейжай қарамайтын еріктілер бүгінде мұқтаж жандарға 21 тонна азық-түлік таратқан.

«Жастарға жол» қоғамдық қорының деректеріне сүйенсек, қаладағы аласапыран кезінде бірі тамақ істесе, бірі нан пісіріп, жан-жақты қолдан келген көмекті көрсетуге тырысқан еріктілер көп болған. Түрлі көмек түрін ұсынған алматылықтардың көп­шілігі қан тапсыруға да бар­ған. Азық-түлікпен ғана емес, қаланы қайта қалпына келтіруге де біріккен жастардың қарасы қалың. Еріктілер азық-түлік себеттері мен басқа да көмек түрлеріне өз қа­ра­жатын жұмсаған. Қайырымды жан­дардан 35 млн теңге қаржы жи­налыпты. Қиын-қыстау кезеңде жақ­сылық жасауға ұмтылған ал­ма­тылықтардың әрекеті көпке үлгі.

 

АЛМАТЫ