Әлем • 17 Қаңтар, 2022

«Омикрон» жедел таралуда

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа медицина агенттігі Гер­манияда «Омикрон» штамының таралуы жеделдеп, рекордтық деңгейге жеткенін хабарлады. Кеше вирус жұқтырғандар саны 80 мыңнан асып, пандемия басталған уақыттан бері рекордтық деңгейге жеткен.

«Омикрон» жедел таралуда

Аталған агенттік вирустың жергілікті (энедмик) вирусқа, яғни адамзат бірге өмір сүре алатын вирус түріне айналу мүмкіндігі барын алға тартады.

Ресей де «Омикрон» штамының жедел таралып жатқанын хабарлады. Премьер-министрдің орынбасары Татьяна Голикова осы аптаның соңына дейін Үкімет пандемиямен күрес бойынша жаңа жоспар ұсынатынын мәлімдеді.

Жағдай қиындағанын хабарлаған тағы бір Еуропа елі – Аустрия. Бір күнде 18 427 науқас анықталған. Аустрия канцлері ақпан айында коронавирусқа қарсы міндетті вакциналауды енгізу жоспарын растады. Карл Нехаммердің айтуынша, тиісті заң жобасының парламенттік сараптамасы аяқталды. Ұсыныстарды ескере отырып, құжатты қабылдау ғана қалды. «Менің ойымша, міндетті вакциналау қажеттілігі күмән тудырмайды», деді Нехаммер.

Мажарстан үкіметі сәрсенбіде вирус жұқтыр­ғандар саны 5 270-тен 7 883-ке жеткенін хабарлады. Дегенмен елдегі ауруханаларда ем қабылдап жатқан науқастар саны азайған. Үкімет дерегіне сүйенсек, науқастардың 29 пайызынан ғана «Омикрон» штамы табылған. Алайда жеке зертханалар бұл көрсеткіштің жоғары екенін айтады. 10 миллионға жуық халқы бар Мажарстанда пандемия басталғаннан бері 40 мыңнан астам адам вирустан көз жұмды. Қазіргі таңда 2 758 науқас ауруханаларда ем алып жатыр, олардың 257-сі өкпені жасанды желдету аппараттарының көмегімен тыныстауда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуро­палық бөлімінің басшысы Ханс Клуге алдағы 1,5 айда Еуропа халқының 50%-дан астамы коронавирустың «Омикрон» штамын жұқтыруы мүмкін дейді. Бұл мәлімдемені Вашингтон универ­ситеті денсаулық көрсеткіштері мен бағалау институтының болжамына сілтеме жасап хабарлады. Ол қазірдің өзінде Еуропа мен Орталық Азия­ның 50 елінде «Омикрон» инфекциясы анықталғаны туралы хабарлады.