Әдебиет • 18 Қаңтар, 2022

Ескілік пен естілік

1208 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Абайдың бұл өлеңіне арбалып жүргеніме біраз болды. Үйге киетін ескі киімдерімді кисем де, шешсем де есіме түседі. Бірақ Абай ескі киім емес, ескілік киімі туралы жазып отыр. Апыр-ай, о заманда ескілік киімі туралы  өлең жазу Абайдың ойына қайдан келген?

Ескілік пен естілік

Әр ойланған сайын сенің де басыңа бір ой келеді. Мысалы, Абай ескілік киімін айтып отырып, естілікті еске салғандай көрінеді. Мағынасы мифтендірілген мето­нимияға жақын. Яғни ескілікті болған соң, кісілікті болуы да заңды.

Сырт киген киімді суреттегенмен, кім кигенін де меңзеп тұрған тәрізді. Сол адам­ды өзге емес, «менің өзім» деп қабыл­дағандай іштартады. «Кигенім», «аяғымда», «белімде», «шақпағым», «дән­дәкуім», «қанжығамда», «көпшігім», «сай­маным» деп, бәрін өз атынан айтады. Абайдың осы ескілік киіміне деген ыстық ықыласын өлеңнің әр жолын оқыған са­йын байқайсыз.

 Соған қарап «Абай қазақты көп сынады» деп жүргендердікі бекер сөз бе деймін. «Жақсы көріп отырып сынады» деп жақауратуымыз да сөз таппағандықтан шығар. Шындығында мұның бәрі Абай дүниетанымының бер жағы сияқты. Әйт­песе өлеңдерінде «іш» деген сөзді жиі қол­данатын ақынның іштегісі де басқа.

Соның бір дәлелі осы «Ескілік киімі» деген өлеңі болса керек. Оны ақынның ескілік киімін қалай суреттеп жазғанынан да аңдауға болады. Бұл өлеңнің әрбір жолынан әлдеқандай бір жылылықтың лебі еседі. Жеке-жеке суреттеп жазған киімнің бәрі Абайдың аяулы сезіміне бөленген.

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлеңінде аттың сынын қалай жазса, ескілік киімінің сынын да солай жазған. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген өлеңінде қыздың сынын қалай жазса, ескілік киімінің сынын да солай жазған. Нені жазса да махаббатпен жазатын Абай, ол сезімін ескілік киімінен де іркіп қалмаған.

«Оған не себеп?» деп еріксіз ойлана­сың. Есіңе үлкен адамдардың киген киі­мін кие тұтып сақтайтын дала дәстүрі түсе­ді. Не заманда өмір сүрген кейбір атақты адамдардың киімі әр-әр жерден табылып жатуы да бекер емес. Ондай әулеттік мұ­раны Абайдың да көргені анық. Алайда ол бұл киімді атақты адамның киімі деп жазып отырған жоқ.

«Ескілік киімі» – Абайдың даналық бол­мысын танытқан өлеңінің бірі. Атақ-абы­ройды ақындық көңіліне шен көрмеген адам. Ескілік киімін бір замандағы иесінің әлеуметтік тегінен биік санаған. Кім кисе де, ол енді ұлттың киімі, ұлттық киім. Жақ­сы көріп, іштартып өлең тақырыбы еткені де содан.

Сонымен бірге ол Абайдың адами болмысын да көз алдымызға әкелетін өлең. Онда біз ескілік киімін өз бойына өлшеп қы­зықтаған асыл перзентті көреміз. Өз замандастарына көңілі тола бермейтін ақыннан осы жолы ескілік киіміне деген құрмет сезімін де байқаймыз.

Бұл өлеңде бәрінен де Абайдың ойшыл­дық болмысы басым көрінеді. Өлең­нің өзі де «Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен» деп басталады. Демек ол ша­масы жүз жыл бұрынғы киілген киім­ге жайдан-жай сөз арнап отырған жоқ. Сол замандағы қазақтың киім мәдениеті қан­дай болуы мүмкін? Сен де еріксіз ойла­насың, сен де еріксіз толғанасың.

Өлеңді оқи келе ақынның қазағын қалай жақсы көргенін сезінбеу мүмкін емес. «Ескілік киімінен» оны киген адам­ның мәрт мінезі де қылаң бергендей болады. Ақынның суреттеп отырғаны құр киім ғана емес, сана түкпірінен сілкіне тұрған арда образ сияқты елестейді.

«Тон қабаттап кигенім – шидем шекпен» дейді екінші жолында. Тонды кім кимейді, шекпенді иығына кім ілмейді. Бірақ мұнда екеуін бірдей қабаттап киіп отыр ғой. «Сөз жоқ, түз адамы болуы керек» деп ойыңа бір түйіп қоясың. Сол ойыңды қостағандай, Абайдың тағы бір өте таныс өлеңі ойыңа орала береді.

«Шидем мен тон қабаттап киген малшы,

Бет қарауға шыдамай теріс айналды».

Бірақ малшының киімін жүз жыл бойы кім сақтай қойсын. Сондықтан Абай­дың «Қыс» атты атақты өлеңін мұнда тық­палаудың еш жөні жоқ. Оның үстіне ши­дем шекпеннің де түр-түрі бар екен. Түйенің жүнінен тас қып тоқыған шидем шек­пеннен су да, суық та өтпесе керек. Сонымен бірге тайлақтың жүнінен тоқып, сәнге де киетіні бар болып шықты.

Айтпақшы, бала күнімізде жаттаған «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңінде де «Тоңған иін жылытып, то­нын илеп, Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып» деген жолдар кездеседі. Абай өлеңдерінде киім туралы айтыла қалса, бәрінде жоқ-жітік адамдардың жай-күйі қоса сөз болатыны бекер ме? Бұдан оның қарашаға жаны ашығаны, қараша тоңса, бірге тоңғандай күйге түсетіні білінеді.

Абай елден асып ішініп, киінгенді ұнат­паған адам деседі. Демек бұл киім­ді киген кісінің кім болғанының еш ма­ңызы жоқ. Керісінше, мұны жазған адам­ның үлкен мәдениеттен хабары ба­рын аңғарамыз. Бәлкім бұл өлеңді мағы­насына қарап, қа­зақ даласындағы алғашқы жә­дігерлік дүние сипаты десе де артық бол­мас. Осы өлең­ді өрнектеп көшіріп, ұлттық му­зейдің төріне іліп қойса да жараса кет­келі тұр.

Өлеңнің одан кейінгі жолдары «Жейде-дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар, Жырым балақ матамен әдіптеткен» деп жалғаса­ды. Осы арада ақынның алдына қандай мақсат қойғанын бірден түсіне қоясың. Абай өзінен жүз жыл бұрын өмір сүрген адамның киім-кешегін түгендеуге бет қо­йыпты. Демек Абайдың ескілік киімінің үлгісін жәдігер ретінде ұрпаққа жазып қалдырғысы келгені рас болды.

Оған келесі шумақтағы «Мықшима аяғымда былғары етік, Киіз байпақ тоң­дырмас ызғар өтіп» деген жолдар да айғақ. Әдетте жазба ақынның өлеңі қара өлеңнен бөлек болады. Жазба ақындардың басы Абай десек, мына өлеңнің алғашқы жолдары қара өлең сарынын құлаққа әкелуі тегін емес. «Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен, Тон қабаттап кигенім шидем шекпен» де сол, «Мықшима аяғымда былғары етік, Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп» деген де сол.

Ескілік киіміне көне сарын қона кет­кендей әсерге бөлейді. Абай жазам де­се, өлеңнің басқа түрін таппай қалған жоқ. Ол қара өлең үлгісін әдейі алып отыр­ған секілді. Ішкі мазмұн мен сыртқы түр­дің үйлесімі өлеңді осы үлгіге әкеліп сал­ғандай сезіледі. Өлеңнің бас-аяғын жи­нақтап, «ықшам киімдей» жұмыр пішім мен пішін тудырған да осы үлгі дер едік.

Бұл шуамақтағы үшінші-төртінші жолдар: «Үлкен кісе белімде жез салдырған, Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп» деп келеді. Абайдың «жалпақ кісе» демей, «үлкен кісе» деуінде құрмет сезімі тұрғаны бір қарағанда біліне бермес. Бірақ «шақпағы» мен «дәндәкуінің» «жарқ-жұрқ еткені» көңіліңе бірден мақтаныш сезімін ұялататыны шындық.

Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңі отыз сегіз жолдан тұрады. Осы өлеңінде маңдай, көз, қас, мұрын, бет, тіс, мойын, тамақ, иық, жауырын, омырау, бой, бел, білек, шаш, саусақ, бәрі бар. Бірақ осы сұлу тән мен түзу мүсін­нен басқа бірде-бір артық заттың кіріс­тірілмеуі – таңғаларлықтай нәрсе.

Онда әдеттегідей не сәукеле, не көй­лек, не сырға, не шолпы туралы бір ауыз сөз жоқ. Соншама тығыз жазылған бей­нелі сөздердің қасында киінген киім де, тағынған асыл тастар да түк емес еке­нін айтқызбай ұқтырғандай. Ол қай өле­ңінде де киім-кешекті қасақана айналып өткендей қалып танытатыны да жайдан-жай емес шығар.

Сонда Абай қазақ ақындарының өлең­дерінде көп кездесетін сәнді киім мен қым­бат заттар туралы ештеңе айтпаған ба деген сұрақ туады. Жоқ, Абай өлеңді көп жазбағандықтан да, артық-ауыс дүниеге мән бере бермеген. «Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын» дегендей бір-екі жол ғана бар. Онда да «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?» деп сараң тоқталып өтеді.

Киім туралы айтса да байлық пен барлықтың белгісі деп көрсетпейді. «Ың­ғайлы ықшам киім аңшы адамға» десе, оны не үшін айтқанын түсіну қиын емес. «Аяңы тымақты алшы кигізгендей» десе, онысы киімнен бұрын бейне, сурет, метафора. «Сілке киіп тымақты, насыбайды, Бір атасың көңілің жайланғанда» десе де, көз алдыңа тымақтан басқа сурет келеді.

Абайдың киімді әтуер көретіндерді мазақ ететіні де бар. «Мінер атын, киімін ып-ықшам ғып, Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып» дейді. «Тайға міндік, Тойға шаптық, Жақсы киім киініп» деген өлеңі де, «Не бітті?» деп аяқталады. «Көйлегін ақтан тіккіштеп» деп жаратпаған сыңа­йын жасырмайды. «Оқалы тон тола ма, Ар-ұятын сатқанға?!», «Қуанарлық қыз емес, Жылтырауық таққанға», «Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге» деген өлең жолдарында да ойы анық та қанық.

Ал шын мәнінде не қымбат екені де Абайда анық жазылған. «Өмір тонын кигізіп, Жоқты бар қып жүргізер» дейді Абай. Адамның саналы өмірінен басқаның бәрі алдамшы нәрсе болып тұр. Сөйте тұра ақын «Ескілік киімін» неге жазды? Бас киімнен, аяқ киімге дейін неге жеке-жеке тоқталды? Неге ескіліктің қалдығы деп естен шығарып тастамады?

«Күләпара бастырған пұшпақ тымақ, Ішкі бауын өткізген тесік құлақ», дейді Абай. Ескілікті тымақтың осылай тігіл­геніне ақынның өзі де таңданыс білді­ріп отыр. Жүз жыл бұрынғы адам өзін ішер ас, киер киіммен қалай қамтамасыз еткен? Олардың таза жүріп-тұрудағы мәдениеті қандай болған? Бәлкім оған Семей кітапханасында біреу сендердің ата-бабаларың жабайы болған деген шығар?

«Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап, Артын белге қыстырған бар құрысқақ», депті Абай. Демек оның жүз жыл бұрын­ғы бабалары дұрыс киіну үшін қолда бар­дың бәрін жасапты. Ата-бабаларымыздың ағаш­тан қалай түйін түйгенін, домбыраға қалай тиек жасағанынан білуші едік. Енді оның белге қыстыратын құрысқақты то­был­ғыдан қалай істегенін біліп, еріксіз тән­ті болып отырмыз.

Абай осы өлеңі арқылы қазақ даласына музей мәдениетін әкелген деуге толық негіз бар. Бұл өлеңді жазудағы түпкі мақ­саты да сол болғанын дәлелдеудің де қа­жеті жоқ. Жоғарыда өзіміз айтқан, ескі­лік киімін жазу арқылы естілікті еске сал­ғандай өлең екен деуіміз де сондықтан. Абай­дың ішкі мәдениеті қандай терең бол­ғанын біз аса көп ескере бермейтін осы өлеңі де анық аңғартып тұр.

Міне, сөйтіп Абайдың «Ескілік киімі» атты өлеңі туралы ойымды қағазға түсіріп шықтым. Өз жазғанымды өзім қайыра бір оқып тастағаннан кейін, еріксізден еріксіз өз киімдерімді ойша шолып шыққаным да бір қызық болды. «Осы менің базар мен дүкеннен таңдап алып киіп жүрген киімдерімде артық әлеміш жоқ па?» деп бір дағдардым. «Осы мен бойымды күтем бе, киіп жүрген киімдерім олпы-солпы емес пе?» деп екі дағдардым.

Ұлттық киімнен алыстаған сайын, ұлт­тық болмыстан да алыстап кеткеніміз өті­рік емес. Ұлттық киім дегеніміз қазіргі той-томалақта иыққа жауып жүрген түй­месіз шапан мен епетейсіз қалпақ та емес. Біздің де ұлттық киіміміз Абай айт­қандай «ыңғайлы» да «ықшам» һәм «қа­баттап кию­ге» де жарамды болуы керек. Ақынның осы өлеңді «Бір келісті сайманым топқа мінер» деп аяқтағанындай, ондай киім болса, топқа да қысылмай киер едік.

Ал бүгінгі ұлттық киім деп жүргеніміз Абай айтпақшы, «ызғар өткізбейтін» киім бе? Бабаларымыз шынымен де осындай иығыңа ілсең түсіп қала беретін киім киген бе? Біз неліктен ұлттық киім үлгісі етіп осы жалбағай шапанды ғана көрсетеміз? Бұл киімдер ат үстіндегі қазақтан гөрі, отырықшы халықтардың киімі сияқты көрінетіні несі?

Абайдың «Ескілік киімі» өлеңін оқы­масам, мен мұндай ойға да келмес едім. Ол өлеңді оқымай-ақ сіздің де осындай ойға келуіңіз әбден мүмкін. Себебі қадірлі ақсақалдардың иығына шапан жауып тұрғандағы кейпіміз кейде мақтанға ұқсаса, кейде мазаққа да ұқсап кетеді. Ол ақсақал да шаруадан қалмаған болса, бұл шапанды енді не істеймін деп ойлап тұрмасына кім кепіл?

Себебі той-томалақта иыққа жа­уып жүр­геніміз өңірін қымтағаннан гөрі, омы­­­рауын етегіне дейін бірінің үстіне бі­­рін баттастыра оюлап тастаған шапандар. Ес­кілік киімін бастан-аяқ түгендеген Абай, ондай да киім бар деп жазбапты. Кері­сінше, Қадыр Мырза Әли «Қыр қаза­ғын қырған кезде, оқалы, Шапан киген Бұқара мен Қоқаның» деп жазыпты. Қадыр ағамыз мұны шен-шекпен ретінде алып отырғанын түсінеміз, бірақ «шапан» дегенді де іштартып отырмағаны былай да белгілі.

Осы мақаланы жазарда өз ойымды нық­тау үшін этнограф-ғалым Ахмет Тоқ­табаймен бір ауыз ақылдастым. Этно­мә­дениетіміз жайында кітап жазған Кен­жехан Матыжановпен де пікірлестім. Ах­мет ағамыз: «Қазіргі шапандар омырауына айран төгіп алған киім сияқты» деп қалды. Кенжехан замандасымыз: «Ат-шапан айып» дегенді ұмытпаймыз», деді. Ат мінуге, шапан киюге жарамды болмаса, халқымыз да олай айтпас еді.

Бұрынғы шапандар жылы болыпты. Неше қабат материалдан тігіліпті. Ерлер де киіпті, әйелдер де киіпті. Кейбірінде түйме, кейбірінде ілгек те болыпты. Хан-сұлтан жамылыпты, бай-бағлан белін буыныпты, қараша кәдімгідей киініпті. Тон сияқты теріден иленіп тігілгендері де болған көрінеді. Демек заманға ыңғайлап тіксек, еш айыбы жоқ екен.

Ол кезде омырау түйме болған ба, бол­маған ба деп, өзімізді жабайы етіп көр­сетудің де қажеті шамалы. Ақан серінің «Бешпетіңді беріп кет түймесімен» дегені сияқты, киім бұйымдары халық әндерінде де аз кездеспейді. «Ақ көйлек, қара камзол белін буған» деген халық әні де бар. Яғни етекті жауып, белді буып, омырауды қымтап жүру басқа-басқа, дала қазағына бұрыннан тән болса керек.

«Тымағын баса киіп тақымдаған, О, ме­нің батыр бабам!» деп жазыпты кейін­гінің ақыны Фариза Оңғарсынова да. Оның қасында қалпақ пен шапанды биттің қа­бығындай етіп тігетіндерге қайран қал­масқа әддің жоқ. Кейбір шапанды шапан ба, халат па, ажырату да қиын. Иығыңа ілме­сең, иініңді жылытып киіп жүрмесең, оның несі киім? Егер ол шынымен ұлттық киім болса, соған сай өлшемдері де болуы керек емес пе?

Абайдың «Ескілік киімі» өлеңінде «Жейде-дамбал ақ саңнан» дегеніне де бір назар салып қойған артық емес. Өлеңнің бұл жолы сырт киім анандай болғанда, іштен киетін киім қандай болған деген сұраққа жауап береді. Халық әндерінде «Бүрмесі ақ көйлектің желбіреген», «Ақ көйлек, қызыл бешпет, әдемі қыз» деген сияқты өлең жолдары да бар. Ақан серінің «Етегін ақ көйлектің алтындаған» деген әнін де жұрт жақсы біледі.

Осының бәрі дала қазағының киім мә­дениетін қаншалықты ұстанғанын айғақтай түседі. Абайдан жүз жыл бұрын қалай киінген, одан әріде қалай болған деген сияқты сұрақтарға іздей берсең, тия­нақты жауап та табылады. Соның бәрін біле тұра еліміздің қай түкпіріне барсақ та бір шапан, бір қалпақты алдыңнан тоса беретіні ойландырмай қоймайды.

Біз баспасөз жұмысына жаңадан араласып жүрген кезде, Өзбекәлі Жәнібековтің «Шапанға алашаның оюын жапсырып қойған» дегенін өз құлағымызбен есті­генбіз. Кейін сол сөзін бір сұхбатында да айтты, қайбір кітабында да жазды. Со­дан бері қырық жыл болды, бірақ шапан көп өзгерген жоқ. Тіпті кеше қамсау үшін киген десеңіз де, бүгін олай жамылып отыруға да қолайлы емес. Онда да көбін қаудырлатып, Қытайдан тіктіріп әкелетіндерін қайтерсіз?

Бір сөзбен айтқанда, осы шапандардың үлгілері Абай жазған «Ескілік киімінен» де ескі ме деп қалдық. Сондықтан қонағыңды шын қадірлесең, иығына сол Абай жазған шидем шекпеніңді іл, бойыңды жылытатын тоныңды жап дегіміз келеді. Басына тымақ кигізсең, артын белге қыстыра­тын құрысқағы болса да артық емес. Ал тарихи кинолардан ғана көретін кісені сыйлы кісіңіз жас адам болса, қалай тағу­ды өзіңіз білесіз. Былғары етікті бы­лай қойып, киіз байпақтың пайдасы қан­дай болатынын өткен жылы осы га­з­ет­те басылған «Киіз ұлтарақ» атты мақа­ламызда жазғанбыз. Оны да ойдан шы­ғармай, Ақселеу Сейдімбектен өз құла­ғымызбен естіген әңгімеміз бойынша мы­салға келтірген едік.

Міне, ендігі мысалды Абайдың «Ескі­лік киімі» атты өлеңінен алып отырмыз. «Айтарын айтып кеткен абайламай» де­мекші, Абай данышпан оны да айтып­ты. Бірақ біз өзіміз ұнатпаймыз, өзіміз әңгі­ме қыламыз. Сөйтеміз де кешегі дала қаза­ғы түгілі, бүгінгі қала қазағына да қолай­­сыз шапанды той сайын кигізе береміз. Шын­дап келгенде, шын құрметтесек ол ша­пан да, Абайдың «Ескілік киімі» өлеңімен бірге музейлердің төрінде тұруы керек емес пе?!.

Рас, шапан кәделі киім түріне жатады. Бірақ шапанды кім жапқан, кімге жапқан? Оны да ойланып қойғанның артығы жоқ. Құнанбайдың түймесі деген түйме бар екен. Сонымен бірге Құнанбай жапқан шапан деген де бір сырт киім сақталып қалыпты. Алайда ол шапанның омыра­уында ешқандай әлеміш жоқ. Рас, түймесі де жоқ. Егер солай екен деп, иыққа іле салуға оңай десек, кеміткеніміз болып шығады.

Біздің мақсатымыз шапанды кәделі киім ретінде жоққа шығару емес. Тек еш­кім кимейтін киімді соншама өрнектеп әуре болатынымыз түсініксіз. Бір тойда ондай шапанды бір адамға емес, он­даған адамға кигізіп жатады. Демек кәде ре­тінде де, киім ретінде де соншалықты бағалы дүние болмай тұр. Әрі кейбірін тік­кен, кейбірін жапсырған өрнектері мен далақтай омырауы әлдеқандай бір тоғы­шарлықтың белгісі сияқты елестейді.

Бес-алты жыл бұрын «Абайдың жария­ланбаған өлеңі» деген бір өлең табылды. Сонда: «Қайтер еді, жігіттер, тым қым­батты кимесек? Мақтан үшін бүлісті, үсті-үстіне үймесек. Елтірі мен теріні, жақ­сы қылып илесек. Әрі жылы, әрі берік, жыр­тылмайды сүйресек» деген жолдар бар. Кей сөздері кейін қосылған шығар, мүмкін Абайдікі емес те шығар. Бірақ тап осы өлеңде Абайдың ойы бар дегенге өз басым келісем.

Абайды оқып, ата-бабаларымыз қандай ықшам да ыңғайлы киінген деген ойға келесің. Ақан серіні оқып, қазақ қыздары қалай әдемі де жарасымды киінген деген сезімге берілесің. Халық әндерін тыңдап отырып, біздің халқымыздың киінетін киімдері мен тағынатын асыл тастары басқалардан кем болмаған екен-ау деген сөзге тоқтайсың. Расында, бұл мақала этномәдениетіміздегі шапанның орнын төмендету үшін жазылған деп түсінбесеңіз болғаны, әйтеуір.

Әсілі, біз де Қадыр Мырза Әли айт­пақшы, «Әйтсе де көкті сүзген мүйіз үйді, Көргенде киіз үйді сағынамын» дейтін қазақтың біріміз. Айтпақшы, «Емес енді бүгінде осал аға, Пысқырмайды киіз үй, шошалаға. Сен сияқты Аяз би көн шо­қайын, Іліп қойса болмай ма босағаға» дегенді де Қадыр Мырза Әли айтқан.

Қазақта «сұлуынан жылуы» деген де сөз бар. Абай суреттеп жазған ескілік киі­мінің жылуын да тәніңмен сезінгендей боласың. Бірақ Абайдың өзінің қолдан салынған суреттерінің көбінде омырауы ашық шапан киіп жүреді. «Осы қалай екен?» деп, фотосына қарасаң, мүлдем басқа жайға тап боласың. Абайдың бей­несі сақталған екі фото бізге жетіп отыр. Біріншісінде Абай 1896 жылы Семей қала­сында, Ақылбай мен Тұрағұлды екі жағына алып түсіпті.

Ол туралы бірер жыл бұрын: «Сурет­тегі қас-қабағы алшақ, құлақ-шекесі жұ­мыр, маңдай алды кең жаралған; дөңгелек жүзді, дөңес мұрынды, қалың ерінді; денесінің толықтығына қарамай жинақы отырған, етек-жеңі жайылып кетпеген қазақ – Абай» деп жазыппын. Сонда Абай­дың киіп отырған сырт киіміне де мән берсем керек. Мұндағы Абайдың шекпенінің омырауында бір тұрмақ, екі қатар түйме бар сияқты көрінеді. Қасында тұрған екі баласының да тамақ-мойындарына дейін қымтаулы, түймелері толық салулы тұр.

 Содан соң: «Ойшылдың осы сом жа­ралған бет пішінінен көп дүниені оқуға бо­латын секілді. Адамға тапжылтпай қарай­тын көз бен қабақтың ауқымына жар­ты әлем сыйып тұрғандай әсер береді. Сон­шалықты тұжырымды көзқарастан қа­ғыс қалған ештеме жоқтай көрінеді. Көз жанарының ішінен сыртқа тепкен салқын сәуле етіңнен өтіп, сүйегіңе же­теді. Салғырт тартып, сырт салған жүзіне қан­ша үңілсең де, ішін бермейді, бірақ. Жа­ратқанның алдында адамның өзін қа­лай ұстайтыны бимағлұм шығар, ал да­ныш­панның алдында өзіңді тарыдай сезі­нетінің рас-ау» деген де сөздерім бар екен.

Осы болмыстың ол киген сырт киіммен де бірге орнықты көрінетіні сонша, шапаны не шапан екен деп, оған да бір үңіліп қарап қоясың. Бас бармағын омырау түймесінің арасына салып, алақанымен кеуде тұсын басып отыр. Басында тымақ емес, дөңгелек тақия, сондықтан суретке түскен жерлері салқын деп айта алмайсың. Өз басым осы фото мен «Ескілік киімі» өле­ңінің арасында бір байланыс бар сияқты сезіндім және оның бекер емес еке­нін де түсіндім.

 Көз алдымда Абайдың суретшілеріміз салған суреттерінен мүлдем басқа бейне пайда болды. Содан осы біз Абай ғана емес, атам қазақтың да бар болмысын өз­гертіп алған жоқпыз ба деген ой келді. Ол күдіктің ішінде үйде отырғаннан түз­де жүргені көп дала қазағының үстіне ки­ген киімі де бар деп есептесеңіз, еш қате­леспейсіз. Иә десеңізші, ұлттық киімді де Ақселеу ағамыз сияқты ардақтап, Өзбекәлі әкеміз сияқты әспеттеп, Абай ата­мыз сияқ­ты ұлықтай білгенге не жетсін!