Қазақстан • 19 Қаңтар, 2022

Партия бар күшін жұмылдырады

149 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнеконференция режімінде барлық өңірлік филиалдармен жергілікті жерлерде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда өткен Парламент Мәжілісінде қойған міндеттерін орындауға қоғамдық және партиялық қолдауды қамтамасыз ету жөнінде жиналыс өткізді, деп хабарлады Nur Otan-ның баспасөз қызметі.

Партия бар күшін жұмылдырады

Отырыс қасіретті оқиға кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіз еске алумен басталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «тәуел­сіз­дік тарихында біз алғаш рет аса күр­делі және қатерлі кезеңге тап бол­дық». Еліміз осы күндері ауыр сынақ­ты бастан өткерді. Сын сағатта Мем­лекет басшысының батыл шешім­дер қабылдауының және халқымыз­дың даналығы мен сабырлығының арқа­сында қасіретті қаңтар оқиғаларынан өттік. Еліміздің егемендігі мен тәуел­сіз­дігін сақтап қалдық. Қимас жандарынан айырылған барша отандастардың қайғысына тағы да ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған, соққы көр­ген азаматтардың тезірек сауығып ке­туі­не тілектеспін. Ең бастысы, елдің ты­­ныштығы, адамдардың амандығы еке­ніне тағы да көзіміз жетті. Қираған дү­ние түзелер, өртенген ғимараттар қал­пына келер, бірақ жүрегімізге түс­кен сызат ешқашан өшпейді», деді Б.Байбек.

Оның айтуынша, Nur Otan Мем­лекет басшысы қойған әлеуметтік-эконо­микалық саладағы нақты міндеттерді орындауға өзінің бүкіл ресурстарын іске қосқан. Партияның Мәжілістегі фрак­циясы Президент атап өткен мәсе­лелерді орындаудың заңнамалық негі­зін қамтамасыз ету ісіне кірісіп кет­кен. Мәслихаттардағы депутаттар жер-жерде халықпен тікелей кез­­десіп, түсіндіру жұмыстарына бел­­сене атсалысып, сондай-ақ қи­ратылған инфрақұрылымдарды қал­пына келтіруге үлес қосуда. Бұл ретте партияның қоғамдық қабылдаулары осы күндері тұрақты жұмыс істеді. Партияның бірнеше мың белсендісі «Халық сақшысы» қоғамдық жа­сақ сапында Алматы қаласында қо­ғамдық тәртіп орнатуға атсалысып, әскерилерге, полиция және ком­му­налдық сала қызметкерлеріне көмек­тесті. Сонымен қатар партия ерік­тілері тек Алматы қаласының өзінде 155 млн теңгеден астам сомаға әртүрлі көмек көрсетті.

«Қазіргі таңда партияның барлық мүмкіндігі мен күш-жігерін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға қойған мақсат-міндеттердің сапалы орындалуына жұмылдыруымыз керек. Партияның қолында қажетті тетіктің бәрі бар. Біз былтыр ел аумағында барлық деңгейлерде құрылған 1 700-ден аса Қоғамдық кеңес жұмысын жолға қойдық. Оның құрамында 12 мыңнан аса адам бар, үштен бірі – қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіпкерлер, ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер. Былтыр олар нәтижелі қызмет етіп, көптеген келелі ұсыныс берді, бірқатар көкейкесті проблеманың шешілуіне мұрындық болды. Қажетті тәжірибе мен мүмкіндіктер бар. Сон­дықтан Nur Otan-ның қоғамдық кеңес­тері Президент бастамаларын қолдап, берілген тапсырмалардың жергілікті жерлерде толыққанды орындалуына көмектесуі керек», деп атап өтті ол.

Партия Төрағасының бірінші орын­басары атап өткендей, ақпан айын­да Nur Otan депутаттарының қоғам­дық рейтингін қалыптастыруға арнал­ған платформа жария форматта іске қосылады.

«Қоғамдық рейтинг мәслихат депутаттарын халықпен етене араласып, сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс орнатуға ынталандыру үшін жасалған болатын. Осы оқиғалар бұл бастаманың қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін көрсетті. Халық қалаулылары – ең алдымен, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс. Ашық түрде, елмен етене жұмыс істейтін, қоғамдық жауапкершілікті мойнымен көтере алатын білікті депуттарымыз бен резервтегі белсенді партияластарымыз халық талабына сай лайықты бағасын алуға тиіс. Былтыр қыркүйек айынан бастап бұл механизм барлық өңірде сынақтан өтті. Ақпан айынан бастап біз қоғамдық рейтинг нәтижесін тұрақты түрде жариялап отырамыз», деп мәлімдеді Б.Байбек.

Кездесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Тұңғыш Президенттің ел тарихындағы рөліне арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Күшіміз – бірлікте!» деп барлығымызды ортақ мақсат жолында топтасуға шақырып отыр. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Nur Otan партиясы елдің бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Партия ту еткен осы мәселелердің қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «Парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар – Nur Otan партия­сы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. Nur Otan партиясы құрылғалы бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. «Ұлы істер үндемей бітеді» демекші, бұл – даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан біз айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн», деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазір Тұңғыш Президентіміз туралы да небір пікір айтушылар көбейген. Тарих безбеніне салсақ, кез келген оқиғаның, не тұлғаның өткендегі рөліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайды. Мысалы, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы да қарама-қайшы пікірлер көп. Бірақ ол заманауи түрік мемлекетінің негізін қалаушы тарихи тұлға болып қала бермек.

«Өткенге баға беру әркімнің қолы­нан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-шы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Жалпы әлемдік қауымдастық мо­йындады. Елбасы мен сол кез­дегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемле­кет­тіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт та­рихында өзінің оң бағасын алары сөз­сіз. Ал осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Бұл – сөзсіз. Президент жариялаған ре­фор­малардың да мәні осы. Бірақ Мем­лекет басшылығынан кеткен Нұр­сұл­тан Назарбаевты жата жамандау – елдігімізге, азаматтығымызға сын», деді ол.

Б.Байбек атап өткендей, 30 жылға енді толған тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қазақстандық қоғамда мемлекеттіліктің дәстүрін, оның ішінде билік сабақтастығының дәс­түрін қалыптастыра білуіміз шарт.

«Біз үшін қазір елдігімізді сақтау, бар­ды ұқсату аса маңызды. Сон­дықтан Елбасы құрған Nur Otan партия­сы ел­дің бірлігі мен қоғамның тұрақ­ты­лығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруы керек. Қазіргі таңда біз алда болатын кезектен тыс Съезд жұмысына дайындықты бас­тап кеттік. Қаңтардың қасіретті күн­дер­інде Елбасы баршамызды Пре­зи­денттің маңайына топтасып, елдің аман­дығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін бар­шаңыз білесіздер. Кім не десе де, Nur Otan партиясы – Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш. Партиямыз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін – қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын», деп түйіндеді ол.

Отырыс барысында Алматы қа­ла­сы, Маңғыстау, Жамбыл облыс­тық филиалдары төрағаларының бірін­ші орынбасарлары, сонымен қатар Jas Otan жастар қанатының төра­ғасы қазіргі таңда партия тарапы­нан жергілікті әкімдіктерге инфра­құ­ры­лымдарды қалпына келтіру, қоғам­дық тәртіпті нығайту, волонтерлер қыз­метін үйлестіру және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат берді.