Біз өткен отыз жылдағы қателіктерді, кемшіліктерді тізбелеп, оған бағасын бермей және қаңтардағы қайғылы оқиғаға сәйкесінше шынайы баға бермей, жаңа Қазақстанды құрайық деген сөз, меніңше, бұл манипуляция сияқты. Өткенге көз тастамай, «жабулы қазан жабулы күйінде қала берсін», біз енді жаңаша өмір бастаймыз деген бұл – иллюзия. Қаңтар айының шындығы әлі толық ашылған жоқ. Қайтыс болған адамдардың кім екені, қандай жағдайда қайтыс болғанын қоғам толық білмейді. Оған кім жауап береді? Билік басындағылардың, оның ішінде Мемлекет басшысының жауапкершілігі қандай?
Сол себепті менің ойымша, ешқандай да әлеуметтік шешімдер, экономикалық жеңілдіктер бізді алға жылжытуға мүмкіндік бермейді. Себебі бізді қаңтар айының трагедиясы аяғымыздан байлайтын үлкен тұсау. Сондықтан мәселені қаржы бөлу арқылы шеше алмаймыз. Қазір біздің қоғамға керегі – шындықтың ашылуы, биліктің жауапкершілікті өзіне алуы. Шеруге шыққандарды террорист, бұзақылар деп тек бір жақты баға емес, жан-жақты, шынайы баға берілуі керек. Ең алдымен, мемлекеттік төңкеріс жасауға қандай да бір топтың, адамдардың жоспары болса, сол жоспары нақты, ашық айтылуы керек. Сол сұрақтардың бәріне жауап алынбай, жаңа Қазақстанды құру дегеннің өзектілігі жоқ.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
әлеуметтанушы,
Цифрлық зерттеу орталығының жетекшісі