Коронавирус • 19 Қаңтар, 2022

Эпидемиялық ахуал: 16 өңір «қызыл аймақта» тұр

270 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі эпидемиялық ахуал күрт нашарлап кетті. Қазір «жасыл аймақта» ешқандай өңір қалмады. Барлығы дерлік – «қызыл аймақта». Тек Түркістан облысы ғана «сары аймақта» тұр. Жағдайдың бұлай ушығуына коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамының таралуы себеп болып жатыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен арнайы брифингте жан-жақты мағлұмат берілді.

Эпидемиялық ахуал: 16 өңір «қызыл аймақта» тұр

Аталған брифингке Премьер-Минис­трдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ден­саулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау министрлігі Сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау комитетінің төрағасы Айжан Есм­а­ғам­бетова қатысты.

– Жалпы, әлем бойынша ауру санының кезекті рет күрт артуына өздеріңіз де куә болып отырсыздар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Еуропада соңғы екі аптада ауру саны өсті. Оның ішінде халықтың 50%-ы «Омикронмен» ауырып жатыр. Аурушаңдықтың артуына халықтың белсенді ішкі және сыртқы көші-қоны, ұзақ мерекелік күндер, сондай-ақ елдегі толқулар да ықпал еткен. «Омикронды» әдеттегі маусымдық вирустық инфекция деп ойлайтындар бар. Бұл штамды қарапайым тұмау деп қабылдауға болмайды. «Омикрон» штамының ерекшелігі – тез жұғатынында және оны қайта жұқтыру қаупі жоғары. Таралу коэффициенті – 1-5. Ол «Дельта» нұсқасынан 70 есе жылдам таралады. Мәселен, тек соңғы тәулікте 9 700 жағдай тіркелген. Кейінгі айда коронавирус инфекциясын жұқтыру 20 есеге өсті. Мұндай тәуліктік көрсеткіш пандемия басталған сәттен бері тіркелмеген, – деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары еліміздің барлық өңіріндегі эпидемиялық ахуалдың нашарлағанына тоқталды. Оның айтуынша, аурушаңдық деңгейі бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қарағанды және Атырау облыс­тары көш бастап тұр. Желтоқсан айының соңында стационарларда 3 мыңнан аз адам ем алса, бүгінде науқастар саны 7 мыңнан асты. Емханалар деңгейінде емделетін науқастар саны да 4,8 есеге артты. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласы бойынша стацио­нарларда ем алатын адамдардың саны 200 адамнан 1 мыңға дейін, яғни 5 есеге өскен. Бұл жағдай денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме артып отыр. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия қосымша шектеу шараларын қабылдады. Яғни вакциналау мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығында теріс ПТР тестінің болуы міндеттелді. Ashyq бағдарламасы бойынша «жасыл» мәртебе болғанда ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген объектілер тізбесі кеңейтілді. Өңірлердегі эпидемиялық ахуалға байланысты оқушыларды, сту­денттерді оқытуға дифференциалды тәсіл қолданылады. Халық көп жиналатын орындарға қосымша шектеулер енгізілді. Бұл мәжбүрлі шаралар, ең алдымен, азаматтарымызды қорғауға бағытталған.

– Қазіргі «Омикрон» штамы тез таралуы­мен қоймай, жас талғамайтындығымен қауіпті. Қалыптасқан иммунитетті сақтап қалудың бірден-бір жолы – ревакциналау. «Алдын ала емделгеннің есесі кетпес» дейді халқымыз. Сондықтан вакцина алып үлгермеген әрбір қазақстандық тез арада вакцина қабылдауы керек. Вакцина алғанына 6 ай өткен азаматтар – ревакциналануы қажет. Ең бастысы, Қазақстанда қолданылатын барлық вакцина тиімді әрі қауіпсіз, – деді Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ ол журналистер тарапынан Pfizer вакцинасына қатысты қойылған сұрақтарға да жауап берді.

– Біріншіден, Pfizer қазір қолжетімді. 4 млн дозадан астам Pfizer екпесін сатып алдық. Қазір вакцинаның бұл түрі қолжетімді адамдардың нақты санаты бар. Олар – 12-15 жас аралығындағы жас­өспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер. Ұжымдық иммунитет қалып­тастыру қажеттігін ескерсек, 60-тан асқан адамдарға да мүмкіндік бердік. Бұл – ел халқының 1 млн-нан аса адамы деген сөз. Сондықтан Pfizer вакцинасы аталған санаттарға толық қолжетімді. Басқа да вакцина түрлері бар екенін ешкім ұмытпау керек. Екпенің қолжетімділігі туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұған қоса қосымша 1 млн доза сатып аламыз. Ал ақылы Pfizer вакцинасы туралы мәселе ылғи көтеріліп жүр. Бірнеше рет жауап бердік деп ойлаймын. Pfizer-ді ақылы сатпау туралы шешім қабылданған. Жоғарыда Pfizer вакцинасын 60-тан асқандарға тағы бөлеміз дедік қой. Соның орнын толтыру үшін сәуір айына қарай
1 млн дозасын алғызамыз, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Брифинг барысында елдегі тәр­тіпсіздіктер кезінде зардап шеккендер туралы мағлұмат сұралды. Бұл деректерді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келтірді.

– Өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының шұғыл деректері бо­йынша, төтенше жағдай режімі енгізілген кезден бастап, жалпы елдегі террористік актілердің салдарынан 2 739 зардап шегуші медициналық көмекке жүгінген. Бүгінгі таңда 200 адам стационарлық ем алып жатыр. Адамдар жазылып шығып, әрі қарай амбулаторлық емделуге бағытталуда. Қазір жансақтау бөлімдерінде ауыр жағдайда жатқан 14 науқас бар. Оның ішінде төртеуі – Алматыда, біреуі – Алматы облысында, бесеуі – Қызылорда облысында. Медициналық ұйымдарда көз жұмғандарға келсек, бүгінде 177 науқас қайтыс болды. Соңғы 3 күнде реанимация­да жатқан екі науқастың жағдайы нашарлап, көз жұмды. Біздегі дерек бойынша, митингіге қатысушы бір жүкті әйел зардап шегіп, Талғар аудандық орталық ауруханасына түскен. Оны дәрігерлер құтқарып қалған. Алматыда 5 және 12 жастағы екі бала қайтыс болды деген мәлімет бар, – деді А.Ғиният.