Қоғам • 19 Қаңтар, 2022

Кенжеболат Жолдыбай: Әркімнің жолы – әртүрлі сапар

726 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Саясаттанушы, публицист, «Құрмет» орденінің иегері Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ – өзі өмірге келген Жезқазған өңірінде ғана емес, республикалық деңгейде қоғамдық және мемлекеттік қызметтерде айшықты қолтаңбасын қалдырған, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлесін қосқан азамат.

Кенжеболат Жолдыбай: Әркімнің жолы – әртүрлі сапар

Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағаларының орынбасары болып, талай игі істердің басы-қасында жүрсе, ел ордасында да Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігінің бас директоры, «Еуразия+ОРТ» бас директорының кеңесшісі, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметтерін атқарып, абырой биігінен көріне білді.

– Кенжеболат Махмұтұлы, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жет­кізген кезде қырықтың қырқасына шық­қан, біліміңіз бен біліктілігіңіз арқылы ту­ған жеріңіздің көркеюіне атса­лысқан азамат болдыңыз. «Өт­кен күнде белгі бар» демекші, сол шақтарға ойша көз жүгіртсеңіз, қандай қадау-қадау оқиғаларды атап өтер едіңіз?

– Өмір деген тоқтаусыз ағып жатқан өзен, ал оның арнасын әркім әртүрлі қасиетімен, біреу бойындағы өнерімен, Құдай берген дарынымен, кісілік және кі­шілік тұнған адамгершілігімен, инабатты мәдениетімен, енді біреу қайсар-қайтпас мінезімен толықтырады.

1990 жылдардағы ішкі дағ­дарыс аса үлкен сынақ болды. Ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Жаппай жұмыссыздық белең алды. Тұрақты жалақы жоқ. Еңбек етіп жүрген адамның алған жалақысы да мардымсыз. Зейнеткерлер уақтылы зей­нетақысын ала алмады, өмір­ге келіп жатқан сәбилерге жәр­демақы төлеу жүйесі де тоқтап қалды. Осындай дағда­рыс кезінде халықтың еңсесін көтеріп тастаған ерекше бір оқиға болды. Ол – 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміздің жасалуы. Ең бастысы, Ресейдің өзі қолданыстан шығарып тас­таған әрі өте құнсызданып кеткен КСРО-ның рублінен құ­тылдық. Ұлттық валюта ұлт­тық экономикалық дербестіктің негізі болды. Алғаш теңге шыққанда бір теңгені қолына ұстап, «Бұл – біздің теңгеміз. Бұрынғы ата-бабамыз теңге деген» деп толқыған жандарды көзім көрді.

Мемлекеттік шекарамызды шеген­деп алғанымызды тағы бір есте қалатын оқиға ретінде айтуға болады. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде шешімі табылмаған Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара аумағын айқындап ал­дық. Осының өзі – жемісті де жеңісті жетістік. Тоғызыншы территорияның тұтастығын әлем мойындады. ХХІ ғасырдың өзінде шекарасын шегендей алмай, оның соңы дау-жанжалға, қақтығысқа ұласып жат­­қан мемлекеттер же­тіп артылады. Егемендіктің ең басты нышандары саналатын Елтаңба, Әнұран, Көк Бай­рағымыз ел еңсесін биіктетті. Тәу етер тәуелсіздіктің бү­гін­гі ұр­­па­ғы қазақтың аз қолымен тұр­­ғыз­ған астанасында арманын аспан­датып, талғамын шың­дай­ды, ойы мен бойын түзейді. Елордамыз әлемдік саясат көк­жиегінде жұлдыздай жарқ етті. Планетамыздың Солтүстік жарты шарындағы елдердің басым бөлігінің арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу үшін «ұғынысу нүктесіне» айналған Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) он жылғы үзілістен соң елордада өткі­зілген саммиті Қа­зақстанның бұл мәр­тебелі ұйымға төрағалық жасаған кезін­де өткенін баса айтқан жөн. Жал­пы алғанда, қазақстандық төраға­лық барысында Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің белгіленген үш бағыты бойынша Ұйым жұмысын ұйымдастыруға айтарлықтай теңгерімді және әділ қадам жасай алды. Елеулі оқиғалар қатарына «Астана. ЭКСПО-2017» ха­лық­ара­лық көрмесін, үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, ха­лық­аралық деңгейдегі түрлі фо­румдарды жатқызуға болады. Қазақстан COVID-19 басталғалы бері вирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы мемлекеттердің бірі болды. Оқиғалардың түзі­лімін жалғастыра беруге болар, алайда грек философы Софокл айтқандай: «Кейде күннің қан­шалықты керемет өткенін түсіну үшін кешке дейін күтуге тура келеді». Яғни уақыт – таразы, ол бәрін безбендеп, өз орнына қояды.

– Өзіңіз бастамашы болған бір­қа­тар маңызды саяси-әлеу­меттік жо­балар, оларды жүзеге асыруда қол­­­­дау көрсеткен жандар туралы айтсаңыз?

– Хакім Абайдың: «Әуелі құ­дайға сиынып, екінші өз қайра­тыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», деген сөзі бар. Ал Чеховтың өмірлік кредосы: «Ерінбеу, жалықпау, күресу, іздену, өзіңді өзің қор санамау, құдайдан басқаға табынбау» екен. Сондықтан өз ақылың мен еңбегіңе сүйенгеннен абзалы жоқ деп санадым да, осынау қа­ра­пайым ұғымды басшылық­қа алып, шама-шарқыма қа­рай көңіл­дегі үлкен арман, ұлы мақсатты ұштау үшін үз­бей еңбек еттім. Осы орайда, өткен­нің өрнегін, бүгіннің бер­генін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көптеген жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Атап айтқанда, Жезқазған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру ай­мақтық комитетінде, Халық­ара­лық «Қа­зақ тілі» қоға­мының Жезқазған облыстық ұйымы бас­қар­масында, Ұлытау ауда­ны әкімдігінде қызметтер атқар­ғанда ел экономикасын на­рық­қа бейімдеуді, қазақ тілін мем­лекеттік тіл дәрежесіне сәй­кес­тендіруді, тарихтың талқылы да тартысты кезеңінде қазақ хал­қының кеткен қапысын түгендеп, еліміздің еңсесін көтеруді, ұлт­тық рух пен ұлттық сананың кемел­денуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сақ­тауға, ба­ға­лауға, дамытуға серпін бе­ру­ді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұттым. Әрине, мұн­дай ауқымды жұмыстарды атқаруда адамгершілігі зор, па­ра­сат-пайы­мы терең, зейіні зерек, зерделі азаматтардың кө­мектері мол болды. Мәселен, киелі Ұлытауды дүйім жұртқа танытуды көздеген «Ұлытау» ұлттық, әдеби, мәдени, тарихи-этногра­фиялық журналын қа­сиетті жердің сан ғасырлық та­ри­хында тұңғыш рет өмірге әкелуге сол кездегі аудан әкімі Серік Тілеубайұлы, журналист-жазушы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Батырбек Мыр­­­забеков үлкен үлес қосты. Сон­дай-ақ Ұлытау өңірінің тари­хи-мәдени дүниелерін, көне әде­би мұраларын қамтитын то­лық көлемді бейнефильмді жа­сау мақсатында арнайы ұйым­дастырылған әуе десанты жұмы­сының сәтімен аяқталуына Жез­қаз­ған әуежай басқармасының басшысы Рысмағамбет Игіліков пен белді қызметкері Жақангер Рымбаевтың, теле­оператор Сер­­­гей Майковичтің ық­палы ай­­тар­лықтай болды. Түптеп кел­­генде, бұл іс-шаралар бүгін­дері Ұлы­тауға мән беріліп, оны Халық­ара­лық ту­ризм орталығы ету ту­ра­лы шешім шығарылуына игі әсер етті десек, қателесе қой­маспыз.

Кезінде қазақ тіліне қатысты мәсе­ле­лер төңірегінде құдды арыстан бақ­қан ауылдай алыс-жұлысы, айтыс-тартысы, арбасуы әрі айқасуы же­тіп артылатын. Ал мұндай ортаға рухы мықты, жү­регі түкті, төзімі зор, ұл­тым деп ұйқысы қашып, жұртым деп жабығатын, елін ерекше сүйе­тін адам­­дар ғана атының басын бұруға тәуе­кел етері шындық. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, осындай санаулылар санаты­ның төрінен табылған Жезқазған мыс қорыту зауытының, Жезқазған кен байы­­ту фабрикасының, Жезқазған құю-ме­ханикалық зауытының, Батыс Жез­­қаз­­ған кенішінің «Қазақ тілі» бас­тауыш ұйымдарының төрағалары Мыр­қы Асқарұлы, Жақан Мах­мұтұлы (мар­құм), Темеш Мол­дабеков (марқұм), Мұса Ті­леуов, Жезқазған облыстық телера­дио­компаниясының басшысы Сә­бит Байдалин (марқұм), Сәтбаев қа­ла­­лық және де Аға­дыр аудандық «Қазақ тілі» қоға­мының төрағалары Қойшы­бек Тоқ­тамысов (марқұм) пен Өмір Кә­ріп­ұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мы Жезқазған облыстық ұйы­мы­ның жауапты хатшысы Дина Рамазан­қызы, Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары болған Төлеген Бүкіров пен Асқар Ер­мекбаев тәрізді азаматтарды атап өткен жөн. Нәтижесінде, мем­лекеттік тілмен етене табы­суға бағытталған бірқатар іс-шара­ларды жүзеге асыруға мүм­кіндік туды. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолдары» ғылыми-практикалық конференциясы, «Туған тілдің тұғыры биік болсын» деп киелі Ұлытаудан исі қазаққа ұран тастаған «Теле­жаңғырық», «Іс қағаздарын қазақ­шаға көшіруге дайындық барысы» атты аймақтық семинар-кеңес – солардың бір парасы ғана. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде істеген жылдары марқұм, талант­ты жур­налист Светлана Галиева­мен бірлесіп жасаған «Астана – жас­тар көзімен» атты ша­ғын ғана жобасын кейіннен жастардың «Еуразия сақинасы» халықаралық ақпараттық форумы деңгейіне дейін көтеріп, Риддер қаласында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен, ал Мәс­кеуде ТМД елдерінің жас журна­листерімен медиа са­ласының өзекті мәселелерін тал­қылаудың сәті түсті. Респуб­ликалық «Казахстанская правда» газетінде қызмет істеген тұста Оңтүстік Қазақстандағы Өгем сілеміндегі Ба­тыс Тянь-Шань тауларының біріне «Казах­станская правда» шыңы атауын беру туралы акция­ны ұйым­дас­­тырған едім. Бұл жөнінде «Время жить и творить» деген кітабымның «Восхождение» та­­рауында жазылған. Ең бас­тысы, сол жолы сәті түсіп, әріп­тес­теріммен бірге 4034 метр биік­тік­ке көтеріліп, идеям іс­ке асты. Сондай-ақ Бас редакторлар клубына басшылық жа­са­ған кезімде Қазақстан Жур­налистер одағымен бірлесе отырып Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет «Қазақстан журналисінің этикасы» қабыл­данғанын айтқан жөн.

– Қат-қабат жұмыстардың арасында шығармашылықпен де айналысып, бірнеше кітап жаздыңыз. Қандай тақырыпқа қалам тербесеңіз де өскелең ұр­пақ бойына ертеңге деген сенім мен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында өткен мен бүгінге ал­­тын көпір болар өрелі дүниелерді ұсы­нып келесіз. Қазір қоғамда ма­те­риалдық байлыққа ұмты­лу белең алып тұрғанда, жас буынды қалай руха­ни құнды­лықтарды құрметтеуге үйрете аламыз?

– Бақытжан Раисова деген алтайлық ақын қыз бар. Оның ішкі дүниесіне кез келгеннің аузына түсе бермейтін кемел ой, келісті өрнек, тың тіркестер тән. Жазғандары керемет. Өлеңдерінің бірінде «Тектілік пен тексіздіктің арасын, көміп кетті ақша деген борасын» депті. Расында солай. Құлқынның құлдары бұрын да болған. Қазір мүлдем үдеп бара жатыр. Мұны «құлқындемия» демеске шара жоқ. Бұл індеттің емі – жастардың бойына имандылықты сіңіру. Сонау атамзаманнан бері қариялар жас өскіндерге алғысын «Иманды, ырыс­ты бол» деп берді. Яғни иманды, ырысты байлықтан жоғары қойды, осыны бала санасына сіңірді. Шырық бұзғандарды «Не деген имансызсың» деп сөкті. Ол дәуірлерде қарғыстың ең ауы­ры еді. Аталарымыздың айтуын­ша, иман адамның жүрегінен орын алып, көкірегінде сақталуға тиіс. Иә, адам білімді болуы мүмкін, бірақ жүрегінде көз болмаса (иманы болмаса) оның білімі ізгілікке арналмайды, керісінше, өз атағын, байлығын асырып, үрім бұтағы үшін «жақсы өмір» жасап кетуге арналады. Адам өзін жегідей жеген эгоистік пиғылдың құлы болмас үшін, әлбетте, рухын жетілдіріп отыруы керек. Бұл – тек рухани тазаруға бет бұру арқылы жүзеге асатыны анық. Бұлай болмаса жексұрын әдеттер жаулап алып, адамдар бір-бірінің өмірін бұзып, ежелгі римдік драматург Плавт айтқан, кей кезде ағылшын философы Томас Гоббс қайталаған «Адам адамға қасқыр» деңгейіне түседі. Жүсіп Баласағұн да: «Адамда жақсы қасиеттер болмаса, оған бақыт та, бақ та қонбайды», деп ескерткен.

Сондай-ақ дүниеге құштар­лықтың емі – шүкір әрі тәубе. Ендеше, қазіргі сананы ақша билеген заманда қазақ болып қалу үшін бұл қасиеттер ауадай, судай, күндей әрдайым керек. Іш­кі жан сарайы мөлдір адам ғана түрлі пәндауи қылықтардан ада болады. Сондықтан ақыл-ойды өсіре­тін, білім әрі біліктілікті мо­лайтып, жана­шырлықты, мейі­­рімділікті, иман­ды­лықты терең­дететін істерге бір кі­сідей атсалыссақ, жас буынға ру­ха­ни құндылықтарымызды құр­мет­теуге үйрете түсеріміз сөзсіз. Тәр­бие, тіл, өнеге бесіктен, отбасы­нан, балабақшадан, мектептен басталатыны белгілі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін тү­зеуден бастауымыз керек», деп ес­кертуі мүлдем бекер емес. Де­мек ұлттық мектептерде бүгінгі ұр­­­пақ­­­ты ұлттық рухта тәрбиелеу ең басты міндет болып саналуы қажет.

Әрине, ешкім жаман мінезбен, қаскөй көзқараспен келмейді. Адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы оның өскен ортасына байланысты. Біздер күн иісі сіңіп, жусан иісі аңқыған қазақы топырақта өстік. Сондағы қариялардың жоғары білімі болмаса да, сол сауаттан артық дана­лығы мен өмір тәжірибесі болған. Сол даналық бізді аялады. Осын­дайда өткен ХХ ғасырдың басында өмірге келіп, зейнетінен бейнеті басым тіршілік кешкен ата-анамды еріксіз есіме аламын. Әкем Махмұт өле-өлгенше ораза, намазын қаза қылмаған, адам баласына зәредей қиянат жасамаған, арамнан ас ішпеген, ғайбат сөйлемеген, тақуа кісі болды. Анам Шархия болса, жоқ-жітікке, ағайынға қайырымды, қолы ашық еді. Ол кісілердің берген тәлім-тәрбиелері біздің өмір белестерін бағындырудағы ең не­гізгі және басты сүйенішімізге айналды. Олардың: «Адамды алға сүйрейтін – тек қана адал еңбек. Жұмыстың жаманы жоқ. Еңбек етуден қашпаңдар. Еңбек те ерінбегенді ұнатады. Біреудің ала жібін аттаушы бол­маңдар. Маңдай терің төгілмей үйіңе береке кірмейді» дегендері қара шаңы­рақта біз жиі еститін әңгіме болатын.

Әлі есімде, 60-жылдардың ор­тасында бізден темір жолмен арнайы вагондарға артып, басқа аймаққа тайланған шөптерді жөнелту қажет болды. Бұл жұ­мыс­қа біраз адам жегілді, ақы­сына сол шөп белгіленді (шарт бойынша берілуге тиіс шөптің мөлшері тиелген вагонның санына қарай байланысты болды). Ел болғасын әртүрлі адам бар. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып, артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді әкем бірден тыйып тастап отыратын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы: «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұдан өткен күнә жоқ. Адамды алдауға болар, Құдайды алдай алмайсың!» деген сөздері мәңгі есімде қалыпты. Иә, ар-ұжданмен өмір сүріп, қоғам игілігі үшін еңбек еткенге не жетсін!

– Сөз бен істің бірлігі бол­ған кезде қоғам дамиды, ел өр­кен­дейді. Жоғары мін­бер­лер­ден тіліміз жайлы тол­ғам­ды ой айтатын кей­бір азамат­тарымыздың отбасын­дағы ұр­­па­­­ғ­ының бір ауыз ана тілін­де сөйлей алмауы жаныңа бата­­тыны рас. Өзіңіздің от­ба­­сыңыздағы ұлттық құнды­лық­тар, тәлім-тәрбие жайлы айтсаңыз.

– Сауалыңыздың астарын түсініп отырмын. Жезқазған мемлекеттік мү­лік және жеке­шелендіру аймақтық комите­тіндегі әжептәуір қызметімнен «Қазақ тілі» қоғамына өз ер­кім­мен кел­генімде көптеген азаматтың: «Көл­ден кетіп, шөлге келгенің қалай?» деп таңғалыс білдіргендері есімде. Жаңалық ашпай-ақ қояйын, кейбір қан­дастарымыздың өз ана тіліне немқұрайды қарауы, мүдделілік танытпауы, өзгенің сойылына айналып, қыңыр, қисық пікір­лер айтып, аяқтан шалғаны өзін сыйлайтын кез келген азамат­тың намысын оя­тары анық. Мұ­ны айтпаса да болар ма еді. Алайда «Данадан қанып сөздің бұлағына, Наданның құйса болар құлағына» дегендей, ондайларға дер кезінде тосқауыл қоймасақ, ананың сүтінен, әкенің мейірімінен жаралған тіліміздің көктемейтіні анық. «Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тіл, бірі – дінің жүректегі», депті Бала­сағұн. Сондықтан шығар, отан­дастары француз ойшылы Сенан де Мейанның: «Өзге тілде сөйлейтін ұлт біртіндеп өзінің төл болмысын жоғалтады», деген ескертуін ешбір ұмытпайтын көрінеді. Бүгінде Франция ұлттық ерекшелігінің ең соңғы кепілдігі ретінде өз тілін сақтауға бар күшін салуда. Сөйтіп, өзінің мәдениетінің мерейін қамтамасыз етуге арналған бү­кіл қаржысының жартысын француз тілінің өрісін кеңейтіп, нығайтуға жұмсайды екен. Мұндай тәжірибе көршілес Ресей мемлекетінде де бар. Халықаралық деңгейдегі ең ірі тілдерге қатысты мұндай қамқорлықтарға қарап, от басы, ошақ қасынан алыстай алмай, тойдың тілі ғана болып жүрген біздің мемлекеттік дәрежедегі, бірақ мемлекет­ке қажеті шамалы қазақ тілінің болашағына қалай алаңдамассың?! Осы ретте Қоғамдағы атқарылған қызме­тімнің шет жағасы жоғарыда айтылды. Ал отбасыма келер бол­сам, балаларым мектепті де, жоғары оқу орындарын да қазақ­ша бітірді, қазір немерелерім қа­зақ мектептерінде білім алып жүр.

Алайда бүгінгі қазақ қоға­мының тіршілігі орысша орта­ға бейімделген. Осыған байла­нысты бір мысал келтіре ке­тейін. Елордада былтыр ашылған №91 мектеп-гимназиясының Instagram парақшасында беріл­ген мәліметке сәй­кес мұнда жаңа оқу жылы қарсаңын­да, яғни 2021 жылғы 28 тамызда 1262 оқушы қабылданып, барлығы 55 сынып жиынтығы құрылды. Қазақ тілінде оқытатын сыныптар 15 болса, орыс тілінде оқытатын сыныптар – 37. 0-сынып – 3. Бір айта кетерлігі, сол орыс сынып­тарындағы оқушылардың ба­сым көпшілігі – қазақтың балалары. Бұл жағдай ұлты қазақ, тілі орысша ата-ана­лардың қа­лауы бойынша орын алуда. Жал­пы алғанда, мұндай ахуал елі­міз­дің ірі қалаларына да тән құбы­лыс болып тұр. Сөйтіп, қа­зақтардың өздері елімізде орыс тілдік ортаны қалып­тастырып отыр. Осындағы №76 таза қазақ мектеп-лицейінің 1-сыныбында оқитын немеремді алуға бар­ғанымда, ата-аналардың, әсі­ресе келіншектердің бір-бірімен тек орысша шүлдірлесіп қана қоймай, сабағын қазақша оқып шыққан балаларына орыс тілін­де сөйлеп жатқандарын ылғи бай­қаймын. Шындап келгенде, қазақ баласының қазақ тілін білуі анасына байланысты. Ақ сүтін берген ана өз тілін білсе, баласы сол ананың тілін білмейді деуге кім сене қояр екен? Анасы ана тілін білмесе, баланы неге кінәлаймыз? Тәрбие отбасында. Тәрбиенің қуаты туралы Жү­сіпбек Аймауытов «Тәрбие» де­ген еңбегінде өте жақсы айтады: «Рум халқын атақ­ты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескен­дір­ді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды за­лым қылған кім? Се­не­каның қате тәр­биесі. Неміс жұртының ұлтшылдық бірік­шілігі неден? Тәрбиенің қуаты. Адам­ды бұзатын да, түзейтін де – тәрбие». Сондықтан ана мық­ты болуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Базаргүл СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін