Аймақтар • 20 Қаңтар, 2022

Өңірде баға байлауға көнбей тұр

327 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баға тұрақтылығы бұқара үшін басты мәселенің бірі. Қажетті азық-түлік қоры қалыптасқан дегенімізбен, қара халықты қымбатшылық қос бүйірден қысып келеді. Қай жерге барсаңыз да, қан­дай зат алсаңыз да бағаның аспандап тұрғанын көруге болады. Бұл жергілікті билік пен кәсіпкерлердің арасындағы байланыстың нашарлығын көрсетеді. Сөйтіп екі ортада қарапайым халық қиналып қалады.

Өңірде баға байлауға көнбей тұр

Баға тұрақтылығына бақылау қажет

Соңғы уақытта әлеуметтік маңызы бар бес тауар түрінің бағасы шекті көрсеткіштен жоғары болған. Халық көп тұтынатын қырыққабат, қарақұмық, картоп сияқты азық-түлік түрлерінің бағасы қымбат. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов бұл жағдай шекарадағы мәселелермен байланысты болып отырғанын айтты. Себебі қырыққабат өнімі көрші Қырғыз елінен әкелінсе, қарақұмық Ресейден және Шығыс Қазақстан облысынан тасымалдануда.

Жалпы, жергілікті тұрғындар Тараз қаласындағы бірқатар әлеу­меттік дүкендегі қызмет пен азық-тү­лік бағасының талапқа сай емес екенін айтады. Осы күнге дейін Әулиеата өңірінде талай әлеу­мет­тік дүкендер ашылғанымен, баға байлауға көнбей тұр. Әу баста жұрт­шылықтың жағдайына оң­тайлы нысан ретінде ашылған дү­кендер бұл күнде бағытынан жа­ңылған. Әкім баға тұрақтылығын қадағалау керегін айтып, тиісті бас­шыларға тапсырма бергенімен, баға тұрақтылығы мәселе күйінде қалуда. Мәселен, №13 шағын аудандағы әлеу­меттік дүкенде тауық және сиыр еті жоқ. Ал жа­ңа салынған №15 шағын аудан­дағы әлеуметтік дү­кенде сәбіз бағасы 120 теңгеден 180 тең­геге және тұз бағасы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін өскен. Қант, картоп туралы да осылай айтуға болады. Сонымен қатар облыс орта­лығындағы Абай даңғылы мен №5 шағын аудандағы әлеуметтік дүкен­дерде айран, сүт және макарон өнімдерінің тапшылығы байқалуда. Бұл мәселе бойынша облыстық кәсіп­керлік және индустриалды дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев қаладағы дү­кен иелерімен жиын өткізілгенін, негізгі тауар түрлерінің көпшілікке барынша қолайлы бағада сатылуы керектігі туралы келісім жүргенін жеткізді. Бірақ басшылар солай дегенімен, тауар бағасын түсіріп жатқан кәсіпкер жоқ.

Ал басшылардың айтуынша, бү­гінде өңірдегі бөлшек сауда орын­дарында азық-түліктің 15 күн­ге жет­кілікті қоры қалыптасқан. Ай­мақ­тағы ірі көтерме сауда субъе­кті­лерінде бір-екі айға дейін жет­кілікті тауарлар көлемі жинақталған.

«Көкөністердің маусымаралық, яғни қаңтар-наурыз айларына арнал­ған кезеңге жинақталған 201 мың тонна қоры бар. Оның ішінде пияз және сәбіз ішкі сұранысты толық қамтуға жеткілікті. Бұл ретте картоп және қырыққабат қо­рының тапшы­лығы байқалады», деді Е.Жиен­құлов.

Сондай-ақ өңірде қазіргі кезде қолданыста 236 қойма болса, онда 256 мың тоннаға дейін түрлі өнімдерді сақтауға болады. Қазір аталған қоймаларда 201 мың тонна өнім сақталуда. Оның ішінде 9,5 мың тонна картоп, 7 мың тонна сәбіз, 173 мың тонна пияз және 11,5 мың тонна өзге де өнім түрлері бар.

Су тапшылығын болдырмау маңызды

Биылғы ауа райының қолай­сыз­дығы Жамбыл өңірінде ауыл шаруашылығы саласының жұмыс­тарына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл ретте әуелі су мәселесі өзекті. Өңір су жөнінен көрші Қырғыз еліне тәуелді болғандықтан, мұнда да түрлі мәселелер туындап жатады. Жалпы, көктемгі егіске қа­жетті судың жағдайы мен су қой­ма­ларына сақталған судың кө­лемі аса маңызды. Сол сияқты енді жерас­ты суларын тиімді пайдалану да болашақта жүзеге асуы тиіс жо­баның бірі. Дегенмен биыл да су мә­селесі жамбылдық жұртшылық үшін ауқымды мәселенің бірі болатын сияқты. Мәселен, «Қазсушар» респуб­ликалық мекемесі облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев қазіргі кезде Шу өзенінен 370 млн, Талас өзенінен 500 млн текше метр су өтіп жатқанын, бұл өткен жылғыдан едәуір төмен көрсеткіш екенін айтты. Ал «Тасөткел» су қоймасында 332 млн текше метр ғана су жиналған. Яғни облысқа қажетті су қоры жиналмаған деген сөз. Сондай-ақ биыл қардың қалың түспеуінің салдары тағы бар. Сонымен қатар өңірде облыс әкімі тарапынан аудан әкімдері мен суға жауапты мамандарға берілген тапсырмалардың орындалуы өте нашар болып тұр. Бердібек Сапарбаев тиісті басшыларды талай сын тезіне алғанымен, әлі де нәтиже болмай келеді. Айталық, облыста 700-ден астам канал-тоғандар болса, қазір оларды тазалау жұмыстары да көңіл көншітпейді. Жамбыл ауданында былтыр салынып бітуі тиіс көпір уақтылы аяқталмаған. Басшылар ең басты деген мәселенің өзіне енжар қарап отыр.

Аймақ басшылығының алдында «Тасөткел» су қоймасына 500, ал «Ақкөл» су қоймасына 100 млн текше метр су жинап алу міндеті тұр. Сондай-ақ жерасты суларын тиімді пайдалану, ұңғымалар қазу жұмыстары да бар. Сондықтан да су қоймаларына қажетті ылғал қорын қазірден бастап жинау мәселесі өзекті. Биыл да жауын-шашын мен қар аз түскендіктен, өңірде су тап­шылығы ерекше сезілетін түрі бар. Яғни жауапты мамандар осы бастан су мәселесіне салғырт қарамай, мәселелерді шешуге күш салғаны дұрыс.

 

Жамбыл облысы