Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Дебют һәм дуэль
Еуропалық әдеби модернизмнің белді өкілі, әйгілі «Жоғалған уақыт ізімен» атты жеті томдық эпопеяның авторы Валентен Луи Жорж Эжен Марсель Пруст осыдан шамамен жүз елу жыл бұрын дүниеге келіпті.
Ол Париж төңірегінде ауқатты отбасында туды. Әкесі – дәрігер-эпидемиолог, профессор, француз үкіметінің індеттермен күрес жөніндегі кеңесшісі. Ал анасы – еврей банкирінің қызы. Ол аурушаң бала болып өсті, тоғыз жасында шалдыққан демікпе ауруынан ақыры айыға алмады. Бұл сырқат оның мінез-құлқына да әсер етті. Марсель Пруст тұйық адам еді.
Пруст ең ескі лицейлердің бірі – Кондорста оқыды. Даңғазаға толы ойындар, құрдастарының шулы ортасын ол кітап оқумен алмастырды. Дегенмен Сорбоннаның заң факультетінде оқып жүргенде ол сол дәуірдің игі жақсылары жиналатын Париждің сәнді салондарына жиі барып тұрды. Сондай салондардың бірінде Марсель өзінің әдебиеттегі «өкіл әкесі» Анатоль Франспен танысады. Жазушы оның бойынан өзгелер мойындай қоймаған талантты танып, жұрт әдеби дилетант санаған Прустты шабыттандырған.
1896 жылы Франс Марсельге «Көңіл көтерулер мен күндер» атты тұңғыш әңгімелер жинағының жарық көруіне көмектесіп, алғы сөзін жазды. Алайда сыншылар бұл жинақты аса ұнатпады. Белгілі ақын әрі романист Жан Лоррен оған тас-талқан етіп рецензия жазды. Мұны қатты көңіліне алған Пруст оны дуэльге шақырған.
Еуропаның талантты романист атағы Прустқа өмірден өткен соң ғана бұйырды. Оның жазушылық табандылығы қандай құрметке де лайық. 1909 жылдан 1922 жылға дейінгі аралықта жазушы жеті томнан тұратын эпопея жазып шықты. «Сванға жол тартқанда», «Толысқан арулар саясында», «Германттарға барғанда», «Содом және Гоморра», «Тұтқын қыз», «Қашқын қыз» және «Табылған уақыт» – әдеби модернизмнің бірден-бір үлгісі саналды.
Ақиқатында, роман жазуда «сериялылықты» ұстану француздарға тән дәстүр болған еді. Француз әдебиетінің корифейлері Золя мен Бальзак осынысымен ерекшеленетін.
«Көкмылжың» Пруст
Марсель Пруст өзінің әдеби ұстаздарының бірі ретінде Лев Толстойды атайтын. Владимир Набоковтың пікірінше, ол Прусттың жазу мәнеріне алғашқы романы – «Соғыс және бейбітшілікте» жол салып кеткен.
«Прусттың да ізашары бар болатын. «Соғыс және бейбітшіліктің» екінші томы үшінші бөлімінің екінші тарауында князь Андрей танысы, граф Ростовтың үйінде түнейді. Оның ұйқысы келмейді. «Князь Андрей тұрды да, ашпақшы болып терезеге жақындады. Терезенің қақпағын ашқан бойда, сол мезетті күтіп тұрғандай, ай сәулесі бөлмеге бұзып-жара кірді. Ол терезені ашты. Мүлгіген самал түн ашық еді. Дәл терезенің түбінде мұқият қырқылған ағаштар қатары орналасқан. Олардың арғы жағы қара түске, ал сәуле түскен бергі жағы күміс түске боялған... Қара ағаштардың артқы тұсында шық жылтыратқан үй төбесі, оң жағында діңі мен бұтақтары ақ түсті үлкен бұйраланған ағаш тұр. Жұлдызсыз көктемгі ашық аспанда толған ай жарқырайды».
Набоковтың бұл пікірінде Марсель Прусттың болашақ мәнері аңғарылады: «Көрінетін мен естілетіннің, шұғыла мен жаңғырықтың, көру мен естудің тығыз байланысы білінеді».
Прусттың қаламынан шыққан жеті романның соңғы үшеуі ол өмірден өткен соң жарық көрді (оларды бауыры редакциялаған). Ал романдардың алғашқы аяқталмаған циклін басудан барлық ірі француз баспагерлері бас тартыпты. Тек Бернар Грассе ғана оны автордың есебінен жариялауға келісім бергенімен, айтарлықтай қысқартуға мәжбүр етті. Басылым сыншылардың да, оқырмандардың да ықыласын оята алмады. Пруст сол баяғы «дилетант» күйінде қала берді. Сомерсет Моэм, Грэм Грин, Владимир Набоков және басқа да әлемдік классиктер оның прозасын өмірден өткен соң ғана мойындады.
Пруст Борис Пастернактың прозасына ықпал еткенін білеміз. Пастернак оның шығармалары өзі үшін «тың жаңалық» болғанын және оларды қайталап оқуға жүрексінетінін айтқан: «Оқуға қорқамын (тым жақыннан!) – және бесінші бетінде тарс жаптым».
Ақиқатында, Прусттың оқырмандары екі санатқа бөлінеді: бірі оның жайбарақат, ұсақ-түйекке, метафоралар мен кейіпкерлерге (2 мыңға жуық кейіпкер қамтылған) толы сипаттау мәнеріне тәнті болса, екіншілері оның прозасын жалықтыратын һәм оқуға тұрмайтын деп санайды. Прусттың дарынын жоққа шығарған жазушылар қатарында Ивлин Во, Джеймс Джойс, Максим Горький, Кадзуо Исигуро және басқалары бар. Горький ол туралы: «Көкмылжың Марсель Пруст», дейді.
Ол Джойс екеуі – әдеби модерннің басты тұлғалары саналды. Сөйте тұра, екі тұлғаның айналасында «эстеттер қастандығы» орын алған. Ирландық Джойс жөнінде айтылған әйгілі әзіл: «Өзін құрмет тұтатын әр ирландықтың үйінде ол ешқашан оқымайтын екі кітап тұруы тиіс: Інжіл мен Джойстың «Улисі».
Викториандық дәуірде (1837-1907 жылдар) Англияда ерекше салон ойыны кең тарала бастады. Оның мәні «Ойларды, сезімдерді және т.б. жазуға арналған альбом» деп аталатын арнайы альбомдағы бірнеше сұраққа жауап беруден тұратын. Ол күллі Еуропаға тез тарап, түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері арасында көпке дейін қолданылды. Сауалдамадағы сұрақтарға жауап берген адамдардың ішінде неміс философы Карл Маркс, француз актері Жерар Филип, америкалық жазушы Джон Апдайк, кеңестік режиссер Андрей Тарковский, америкалық ғалым Артур Хеллер және басқа да танымал тұлғалар бар.
Алайда бұл сауалдаманың атағы Марсель Прусттың жауаптарынан кейін кеңге жайылды. Ол сауалдама сұрақтарына жасөспірім кезінде бірнеше рет жауап берген. Содан екі сауалдама ғана күні бүгінге сол қалпында жетіп отыр: біреуі 1886 жылы, яғни Марсельдің 13-14 жасында, екіншісі – 1891-1892 жылдары 19-20 жасында толтырылған.
Бәлки, бұған дейін де адамның талғамын, ішкі ойын, әдеби көзқарасын білдіретін сауалдамалар болған шығар. Ал «Прусттың сауалдамасы» атанған бұл сұрақтардың ерекшелігі неде? Әрине, болашақ романистің шынайы да шығармашыл жауаптарында.
Оқырман, сіз де «Прусттың сауалдамасына» жауап беріп көріңіз. Ал одан бұрын жазушының жауабын оқуды да ұмытпаңыз. Merci.