Үкімет • 24 Қаңтар, 2022

Премьер-Министр Татарстан Президентімен келіссөз жүргізді

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Премьер-Министр Татарстан Президентімен келіссөз жүргізді

Р. Минниханов деструктивті күштердің озбырлығы салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты, сондай-ақ еліміз үшін осындай қиын сәтте Қазақстан халқына деген қолдауын білдірді.

«Татарстан Республикасы Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінде ерекше орын алады. Қазақстан мен Татарстан арасындағы бұрыннан жалғасып келе жатқан шынайы бауырластық қарым-қатынас нығая түсуде», деді Ә. Смайылов.

Сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, өнеркәсіптік кооперация және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Машина жасауда бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды: Қарағанды облысының Саран қаласында жылдық қуаты 3,5 млн көпсалалы автокөлік шинасынан 9 млн шинаға дейін шығаратын зауыт салу, (2022 жылы іске қосу жоспарланған), Қостанай қаласында шойын құю және жетекші белдем редукторларын өндіру зауыттарын салу (2023-2024 жылдары пайдалануға беру  жоспарланған).

Жетекші белдем балкалары өндірісін ұлғайту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ ҚР-да «КАМАЗ» инжинирингтік зерттеу орталығын құру перспективасы қаралды.

Атырау облысында битум модификациясында, адгезивтер, желімдер, резеңкелер және экологиялық таза шиналар дайындауда қолданылатын бутадиен каучуктерін өндіру жобасы белсенді іске асыру сатысында тұр. Жобаның құны – шамамен $1 млрд, іске асыру мерзімі – 2021-2025 жылдар, өндіріс қуаты – жылына 186 мың тонна бутадиен каучуктері.

Қазақстан – Татарстанның жетекші шетелдік серіктестерінің бірі. 2021 жылдың 11 айында екіжақты тауар айналымы $423,3 млн құрады. Таяу жылдары тараптар бұл көрсеткішті $1 млрд дейін жеткізуге ниетті.