Әдебиет • 24 Қаңтар, 2022

Кафканың соңғы махаббаты

371 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 «Оның қолы өте шебер еді. Ал өзіне құп жарасатын шашы қалың әрі қап-қара болатын. Алаулаған жүзінен оның тым мейірімді, ақ көңіл жан екені сезіліп тұрады. Дауысы актрисалардың үніндей тамылжып шығатын».

 

Кафканың  соңғы махаббаты

Күллі әлем шығарма­ларын сүйіп оқы­ған Кафка суреттеген бұл әйелдің есі­мі – Дора Диамант. Әлем таныған жазушы мен қара­пайым Дораның қалай кез­дескені, бір-біріне ессіз ғашықтығы мен кейінгі тағ­дырлары туралы білу үшін біз 1923 жылға шегініс жасауымыз керек. Осы жылы Кафка жанын меңдеген нау­қасын азда болса жеңіл­дету үшін Бал­тық теңізінің бойындағы бір жайлы демалыс орынына ат басын бұрады. Әлдебір күні Кафка өзі түскен демалыс орынының дәмханасында бір сұлу бойжеткеннің балық сойып жатқанын көзі шалады. Мұндай көрініс қатты әсер еткесін бе, әлде жазушы өзін ұстай алмады ма, әйтеуір бейжай қалғысы келмеген қаламгер: «Нәп-нәзік қолдың осындай қатыгез іске баратыны қалай болғаны?», деп сөз бастайды. Кафка өзіне жарасымды жұпты дәл сол сәтте тапқан еді. Екеуі сол күннен бастап серттеседі, бірге өмір сү­руге қам жасайды. Сол сәтте Дораның ал­дын­да ауру меңдеген жан емес, кең иық­ты, сымбатты, қос жанарынан жалын атқан қырық жасар еврей жігіт тұрған болатын.

Кафканың көзі түскен сұлу жазушы демалуға барған саяжайдың қызметкері болып жұмыс істейтін. Бұрын Берлинде тігіншілікпен де айналысып, күн көрістің ебін тапқан Дора текті әулеттен шыққан қыз еді, бірақ оның ескіше ойлайтын ата-анасының көзқарасытарына жаны төзбей, үйінен бір жола кетіп, әр жерде алуан түрлі жұмыс істеп, күнелтіп жүрген. Ал Кафка өкпе туберкулезі күн санап ауырлағаны себепті қайда жақсы дәрігер болса, сонда барып емделіп, қайда жайлы жер болса, сонда барып демалып, дәм айдап Дора істейтін түселүйге барған-тұғын. Бір сөзбен айтқанда, екі ғашық екі баябан шөл далада ұшып жүрген екі түйір құм сияқты күтпеген жерден қауышты. Өкінерлігі, ол кезде Кафканың 11 ай ғана өмірі қалып еді. Осындай қысқа ғана өмірінде ол бұрын-соңды қолы жетпеген сүйіспеншілік пен қасіреттің отына шырмалды. Сол себепті, Кафка адал сөзін айтып: «Егер менде бірдеңе болды десек, онда соның бәрін маған Дора берді» деп жазғаны кіршіксіз сезімнің, таза ойдың шындығы деп ұққанымыз абзал.

Олар рухани сергелдеңдердің күйін кешкен де болуы мүмкін. Арада көп өтпей қос ғашық Берлинде үй жалдап тұрып, болашаққа бірге жоспар құрады. Бір күні Кафка Дораға үйлену талабын қояды, бұл уақытта оның не бәрі бір ай ғана өмірі қалған. «Бақытсыз» Дора той қуанышына масаттанбай, болашақ жарының, ұлы жазушының жаназасына қамықты. Кафка­ның заңды әйелі болмағасын, Дораның жаназаға қатысуына қақысы жоқ еді. Бірақ ол сүйгенін соңғы сапарға шығарып салуға барып, үмітсіз көзінен суық жас парлатады. Дораның жүрегімен жылауы жазушы туыстарының сай сүйегін сырқыратады, олар да қосылып жылап, өмірден ең ұлы жазушының өткеніне опынады, өкінеді.

Артынан аңыз ерген Кафканы еске алсақ, мына өмір әділдіктен тұратынына сене түсеміз. Ол оқырманына, соңына қымбат мұралар қалдырды, бірақ өзінің өмірі, әрбір сәті, әр түні жанын жегідей жеген аурумен әбігер болып, науқас төсегіне таңылды. Дораның оған деген шексіз де кіршіксіз махаббаты бәлкім өмірдің Кафкаға қайтарған қарызы болуы бек мүмкін. Ауыр хәлде жатқан соңғы сәтінде Кафка Дораның көмегімен, көптеген қолжазбасын өз қолымен өртеп жібереді. Ал отқа жанбаған, бұдан бұрын баспа көрген шығармалары жаһан әдебиетінің жауһарына айналып үлгерді. Мейлі, қолжазбалардың өртелуі, мейлі аман қалғаны болсын, бәрі де ізгі махаббаттың құдіреті екені даусыз. Дораның Кафкаға деген сүйіспеншілігі «опалық» пен «опасыздықтың» арасында қалғыды.

Борхестің: «Кафка біздің дәуір үшін өте маңызды» дегені бар еді, әрине, әр дәуірдің өз Кафкасы бар, бірақ Дораның жүрегіндегі Кафка бөлек болғаны шындық.