Қоғам • 24 Қаңтар, 2022

Қауіпсіздік жүйесін реформалау – өмір талабынан туындаған міндет

676 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

 «Қаңтар трагедиясы» еліміздің тарихындағы ең бір қанды да қаралы оқиға ретінде есте қалатыны сөзсіз. Халқымыз бен мемлекетіміздің тағдыры аса қауіпті де қатерлі сыннан өтті. Президентіміз дер кезінде жедел шешімдер қабылдап, облыс орталықтарындағы мемлекеттік ғимараттарға террорлық шабуыл жасаған беймәлім қарулы топтарға тойтарыс беру туралы қатаң да батыл бұйрықтар берді, төтенше жағдай енгізді, өзінің жігері мен қайсарлығын көрсетті, Ақордадан тапжылмай, күн демей, түн демей барлық жағдайды өзі тікелей қадағалап, қабылдаған шешімдері мен олардың нәтижелерін жұртшылыққа ашық айтып отырды. Солардың нәтижесінде және антқа адал күштік құрылымдар қызметкерлерінің жанқиярлығының арқасында елдігіміз бен мемлекеттігіміз сақталып қалды. Елімізде орын алған бұл қанды оқиға әлем жұртшылығын да дүр сілкіндірді, олардың да алаңдаушылығын тудырды.

 

Қауіпсіздік жүйесін реформалау –  өмір талабынан туындаған міндет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Біздің 30 жылдық тарихымызда мұндай бүлік үшінші рет қайталанып отыр. Бірақ соңғы бүліктің алғашқы екі бүліктен өте үлкен айырмашылығы бар. Өйткені бұл бүлік, Президенттің айтуынша, шетелден келген, арнаулы дайындығы бар, қарулы террорис­тер мен олардың еліміздің ішіндегі сыбайластарының қатысуымен жасалды және ол бір мезгілде, еліміздің 10 облыс орталығы мен екі мегаполисінде орын алды. Бүліктің салдарынан  қаншама адам опат болды, қаншама жан жарақат алды, қаншама азамат тұтқындалды, мемлекет пен бизнеске келген шығынның көлемі шамамен 2-3 миллиард долларды құрады. Қантөгіс болған күндері адам сенгісіз жағдайлар мәлім болды. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (әрі қарай ҰҚК) төрағасы мен оның екі орынбасары қаңтар оқиғасы кезінде «Мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен басып алуға әрекет етті» деген күдікпен қамауға алынды. ҰҚК-нің кейбір облыстық және қалалық департаменттерінің басшылары бүлікшілерге тойтарыс берудің орнына қару-жарақ пен құпия құжаттарды тастап, жұмыс орындарынан қашып кеткені белгілі болды. Кейбір күштік құрылымдар мен өңірлік басшылар дәрменсіздік көрсеткен, жиналған халықтың алдына шығып, олармен тілдесуге жарамаған. Ал кейбіреулері болса жұмыс орындарын тастап, бірнеше күн бойы жұмысқа келмей, бұғып қалған.

Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, оның барысында ҰҚК бүлікке қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен мемлекет пен бейбіт халыққа қарулы шабуыл жасаған адамдар толығымен анықталып, олардың әрбірінің оқиға кезінде істеген қылмыстарына объективті түрде құ­қық­тық және саяси баға берілетіні сөзсіз.

Менің бүкіл саналы өмірім ҰҚК-ге байланысты болды, қатардағы уәкілден ҰҚК төрағасының кадр жөніндегі орынбасарына дейін көтерілдім. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымында Қорғаныс, қауіп­сіздік және халықаралық істер жөнін­дегі комитеттің мүшесі болдым. Қор­ға­ныс министрлігінің Бас әскери барлау бас­­қар­масының басшылығында қыз­мет еттім. Сондықтан биылғы қаң­тарын­да бол­ған оқиғалар ҰҚК-нің бүкіл жеке құрамына және әсіресе оның арда­­гер­­лері­не өте ауыр тиді деп айта ала­мын. Біз­­дің дана халқымыз мұндай жағ­дай­да «Тас түскен жеріне ауыр» деп айта­ды. «Қаң­­тар трагедиясы» ҰҚК атына кел­ті­ріл­­ген өшпес қара дақ болып қалатыны анық.

Дегенмен, мен ҰҚК қызметкерлерінің басым бөлігі өз анттарына адал екеніне сенімдімін. Өйткені біздің еліміз жалпы кейінгі 30 жыл бойы бейбіт, тұрақты және жайбарақат өмір сүргені барша жұртшылыққа мәлім. Оған ҰҚК-нің қосқан үлесі орасан зор екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Елімізде бірнеше рет орын ал­ған бү­лік­шіліктің себептері тура­лы көпте­ген отандасымыздың кө­кейінде туын­да­ған сұрақтар мені де қатты ойға қал­дырғаны сөзсіз. Неге мұндай оқиғалар қайталана береді? Неге алғашқы екі бүліктен ке­рек­ті сабақ алынбады, неге сол кездері қажет­ті шаралар қабылданбады? Неге мұн­дай оқиғалар тек ҰҚК-нің ең жоғар­ы лауазымды басшыларының ұйым­дас­тырылуымен өтіп жатыр? Бұлардың себебі неде?

Менің ойымша, мұның бірнеше себептері бар, солардың ішіндегі ең бас­ты себебі, ол ҰҚК жұмысын күнделікті қада­ғалайтын тетіктердің жоқтығы.

Біздің елімізде күштік құрылымдар тікелей Президентке бағынатыны белгілі. Ал ҰҚК болса, ол  күштік құрылымдардың ішіндегі ең күштісі. Өйткені ҰҚК қазіргі қол­даныстағы заң бойынша көптеген бағыт­тарда, сонымен қатар күштік ор­ган­­дардың барлығында дерлік жедел жұ­мыстар жүргізеді, олардың ішінде болып жатқан жағдайлар туралы Мемлекет басшысына баяндап отырады. Ал басқа құрылымдарда ондай құқықтар жоқ.

ҰҚК төрағасын тек Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының Президенті ғана таң­дайды және тағайындайды. Ол үшін Президент Парламентке бұл туралы ұсыныс енгізеді. Ал Парламент депутат­тары оның кандидатурасын қолда­ған жағдайда, Президент саяси се­нім білдірген адам ол лауазымға тағайын­далып, құзыретті билікке ие болады. Егер ол адам сенімге сай, білімді, білікті әрі кәсіби тәжірибелі маман және пат­риот болса, онда ҰҚК ойдағыдай жақ­сы жұмыс істеп, өз міндеттерін адал атқа­ра алады. Ал олай болмаған жағ­дайда, ұлт­тық қауіпсіздік керекті дең­гей­де қам­та­масыз етілмейді, ондай тағай­ын­дау­лар түрлі келеңсіз жағдайларға алып келеді.

Біздің елімізде кейінгі 15 жылдың шамасында, ҰҚК мен күштік құры­лым­дардың басшылығына «саяси салмағы бар» деп аталатын адамдарды алып келіп тағайындау әдетке айналғаны белгілі. Ондай басшылар күштік құрылымдардың кадрлары мен жұмыстарының қыры мен сырын жете білмейді. Елдегі және жұмыстың әр бағытындағы жағдайға байланысты туындайтын мәселелерді дұрыс бағалай алмайды, жеке құрамның алдында талаптар қойып, елдегі қалыптасып отырған жағдайға сәйкес қажетті тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тиісті деңгейде қадағалауға шамасы кел­мейді. Ондай басшылар өздерімен бірге сырттан, өзіне ғана сенімді адамдарды әкеліп, оларды негізгі басшылық қызмет­терге тағайындайды. Соларды ғана тың­дайды. Олар ойына келгенін істейді, заң мен жұмыс істеуге қажетті негізгі нор­мативтік құжаттардың талаптарын белден басады. Кадрлық сая­сат аяқасты болады, мериократиялық принцип жайында қалады, қолынан іс келетін, білімді әрі тәжірибелі мамандар кадрлық резервте тұрғанына қарамастан, көп жылдар бойы отырған орындарында отыра береді. Ал оның есесіне білімсіз, екі сөздің басын қосып айта алмайтын, жедел қызметтің исі мұрнына да бармайтын адамдар жауапты басшылық қызметтерге тағайындалады. Керексіз реформалар мен өзгерістер жасалады. Солардың салдарынан күштік құрылымдардың ең басты міндеті – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге керекті деректерді іздестіруге байланысты агентуралық жұмыстар жүйелі түрде және тиісті деңгейде жүргізілмейді. Шұғыл қимылдар мен шешімдерді қажет ететін көптеген деректер дұрыс бағаланбайды немесе ескерілмейді. Көз­бояушылық пен қағазбастылық орын алады. Сөйтіп, осындай үлкен мекеме мемлекеттің ішіндегі бақылауға жатпайтын мемлекетке айналады. Бұлардың бәрі түбінде кадрлардың деградация­лануына, моралдық құлдырауына және немқұрайдылыққа алып келеді. Сондықтан олардың арасында қызмет ба­бын асыра пайдалану фактілері, заң бұзушылықтар, сыбайластық пен жем­қорлықтар орын алады.

Ал мұндай келеңсіз жағдайлардан Мемлекет басшысы көп ретте хабарсыз болады. Өйткені ҰҚК ерекше және өте жабық мекеме. Оның қызметкерлері тек әскери жарғыға және арнайы бұйрықтар мен ережелерге ғана бағынады. Бір қыз­меткер екінші қызметкердің немен нақты айналысып жүргенін білмейді және білуге тиіс емес. Сондықтан ол ме­кеме­нің ішінде болып жатқан жағдайды толық білу және оларға дер кезінде баға беру мүмкін емес. Сонымен қатар көп жағ­дайда шексіз билікке ие болған, пат­риоттық сезімі, адами қасиеті мен белгілі ұстанымы жоқ, жемқорлыққа бейім басшылар мен оның сенімді адамдары белгілі бір саяси тұлғалар мен топтардың не­месе олигархтардың қолшоқпарына айналады, солардың жетегіне еріп әртүрлі қылмыстарға барады, тіпті төңкеріс жасаудан да тайын­байды. Мұндай фактілер келешекте ҰҚК-ден басқа да күштік құрылымдарда орын алу мүмкін. Мұны билік дұрыс түсініп, ондай фактілердің қайталануына жол бермеу керек.

Жоғарыда айтылғандай, тәуелсіздік жылдарында елімізде бірнеше рет мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жаса­лынды. Бір нәрсенің үш рет қайталануы, білгіштердің айтуынша, заң­дылыққа жатады. Сондықтан болар, осы жылдың 11 қаңтарында Прези­дент Ұлттық қауіпсіздік жүйесін толы­ғымен қайта қарау туралы тапсырма берді. Президенттің бұл шешімі өте дұрыс, көңілге қонымды және күштік құры­лымдардың жеке құрамы тарапынан қолдау табатыны сөзсіз. Менің ойымша, Президенттің бұл тапсырмасын орындайтын адамдар реформа жасау кезінде, біраз мәселені ескерсе дұрыс болар еді. Өйткені реформа тек реформа үшін жасалмауы керек екенін біздің 30 жылдық тарихымыз өте жақсы көрсетті. Осы кезге дейін біздің күштік құрылымдарда сансыз реформа жүргізілгені мәлім. Әрбір жаңадан тағайындалған басшы өз жұмысын реформа жүргізуден бастайды. Мысалы, тек ҰҚК өзінің ішінде негізгі құрылымдар сан рет бөлініп, сан рет қайта қосылды, жаңа құрылымдар пайда болып, біраз уақыт өткен соң құрдымға кетіп отырды. Әрине, жүргізілген реформалардың тиімді және тиімсіз жақтары болатыны сөзсіз. Кейінгі жылдары жап-жақ­сы ведомство болып қалыптасып келе жат­қан Сырбар (Сыртқы барлау), Шекара қызметі, Үкіметтік байланыс жүйесі және де басқа құрылымдар ҰҚК аясына қай­тарылды. Сөйтіп, ол қайтадан «мем­ле­кеттің ішіндегі мемлекетке айналды». Халық сол «Мемлекеттің» басшысының атын атауға қорқатын болды. Оның аяғы қаңтар айындағы бүлікке алып келді. 

Әлемдік және отандық тәжіри­белерден белгілісі, ең дұрыс реформа ол – мемлекетке және оның қызметкерлеріне барлық жағынан тиімді және шынайы жұмыс істей алатын реформа. Егер олай болмаған жағдайда, мемлекетке де, оның қызметкерлеріне де орасан зиян келеді.

Меніңше, біздің елімізде өткеннен сабақ алып, болашақты бағдарлы ету ұлттық идеяның негізгі принциптерінің біріне айналу керек. Сонда ғана қоғам мен мемлекет бірге болып, алға қойған межелерге жете алады.

Ал енді жоғарыда аталған бүліктерді, қауіп-қатерлер мен келеңсіз жағдайларды келешекте болдырмау үшін не істеу керек деген мәселеге тоқталатын болсақ, ол жөнінде менде төмендегідей нақты да дәйекті ұсыныстар бар.

Жоғарыда айтылғандай, біздің мемлекетте күштік құрылымдар тікелей Прези­дентке бағынады. Бірақ олардың күн­делікті жұмыстарын тексеріп, оларға баға беріп отыратын жұмысшы органдар мен механизмдердің жоқтығынан, аталған мемлекеттік органдарда ұлттық мүдделер аяқасты болып, заңды, құқықты және антты бұзушылықтар орын алады. Соның нәтижесінде халықтың билікке деген сенімсіздігі пайда болады. Сондықтан біздің мемлекеттегі барлық күштік құ­ры­лымдардың күнделікті жұмыстары жіті қадағалауды талап етеді. Ондай жүйелер әлем елдерінде баршылық. Мысалы, АҚШ-та күштік құрылымдардың жұ­мысын Конгресс пен Сенаттың арнаулы комиссиялары қадағалайды. Және ол елде негізгі мемлекеттік органдардың құрамында ондаған барлау және қарсы барлаумен айналысатын құрылымдар бар. Олар көп жағдайда бірінің жұмысын бірі қайталап және қадағалап отырады. Сондықтан бәсекелестік пайда болады. Соның нәтижесінде елдің қауіпсіздігі қажетті деңгейде болады. Бір құрылым байқамаған мәселені басқа құрылым байқайды. Сөйтіп, бірінің білмегенін бірі толықтырып отырады. Тәуелсіздік жылдары біздің елде де ондай жүйені қалыптастыруға талпыныс болды. Бірақ жоғарыда көрсетілгендей, бәрі біраздан соң сол бәз-баяғы қалпына келді. Қазіргі жағдайда, біздің елге ең тиімдісі, менің ойымша, Президент жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында тәжірибелі мамандардан тұратын тұрақты және арнаулы құ­қы­ғы бар комиссия құру қажет. Олар жүйелі түрде күштік мемлекеттік орган­дардың күнделікті жұмыстарын қада­ғалап, керек болған жағдайда олар­дың жұмыстарын жан-жақты тексеріп, нәтижелерін Қауіп­сіздік Кеңес­ке баяндап отырулары керек. Ал Қауіпсіздік Кеңесі олардан дер ке­зін­де қорытынды шығарып, керекті шешімдер қабылдап, олардың толығымен іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл жұмыстарға Парламенттің қос пала­­тасындағы қорғаныс, қауіпсіздік және халықаралық істер жөніндегі коми­тет­терін де қатыстыру керек. Сонымен қатарҰҚК-нің қазіргі кездегі функцияларын қайта қарап, оларды жемқорлық пен экономикалық қылмыстарды тексеруге және тергеуге қатыстырмаған жөн.

Кейінгі жылдары мемлекеттік қыз­меткерлердің арасында сыбайластық пен жемқорлыққа байланысты фактілер, заң мен құқықтық бұзушылықтар жиілеп, жазылмас індетке айналып барады. Сонымен бірге кейінгі кездері көптеген жоғары лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер күнделікті туындап жатқан мәселелерді шешуден жалтарып, жауапкершілікті өзіне алудан қорқатыны байқалуда. Кадрлық резерв жұмыс істемейді, денсаулық сақтау мекемелерінде және экономиканың негізгі салаларында білімді кадрлар жетіспейді, ал білімді адамдар шет елдерге кетіп жатыр, көптеген жауап­ты лауазымдарға өмірлік және кәсіби тәжірибесі жоқ жас мамандар тағай­ын­далуда. Мұның бәрі мемлекеттік кадрлық саясаттың дұрыс жүргізілмей жатқанын білдіреді. Барлық дерлік мемлекеттік органдардағы кадр мәселесімен айналысатын қызметкерлер ол істің мамандары емес, арнайы білім­дері жоқ. Сондықтан еліміздің кадрлық саясатының деңгейін көтеру үшін күрделі өзгерістер жүр­гізу керек, ол салада жүр­гізілген рефор­малардың барлығын қайта қарау қажет. Еліміздің белгілі жо­ғары оқу орын­дарында кадрлық про­цестерді жетік білетін мамандар даяр­лау керек. Қолы­нан іс келетін әрбір азамат тікелей Пре­зидент Әкімшілігінің мемлекеттік қызмет пен кадр саясаты жөніндегі бөлі­мінің назарында болуы тиіс, олар деңгей-деңгейге бөлінген кадрлық ре­зерв­ке алынып, олардың кәсіптік дең­гейін көтеруге байланысты жұ­мыс­тардың барысы қадағаланып, тәжі­рибесі, білімі мен біліктілігіне қарай өсуіне жағдай жасалып, оларды ірік­теу мен лауазымдарға тағайындау кезінде кадрлық қағидаттар бұзылмай, сыбай­ластық пен жемқорлыққа және басқа да қателіктерге жол берілмеуі керек. Мем­лекеттің қаржысына шетелдерде білім алған жастар кем дегенде он жыл бойы мемлекеттік қызметте болуы тиіс. Сонда ғана жұрт айта-айта мезі болған, кадрлық тапшылық, көп жылдар бойы белгілі бір адамдарды ғана бір орыннан бір орынға қайта-қайта жылжыта беру, білімсіз адамдарды жауапты қызметтерге тағайындау, заң мен құқық бұзушылықтар орын алмайды. Жалпы, бұл сала мемлекет деңгейінде өте қатаң бақылауға алынып, бірыңғай және жұртшылыққа түсінікті әрі жүйелі кадрлық саясат жүргізілуі тиіс.

Бүліктен кейінгі жағдай қалпына келгенше, қолынан іс келетін басшыларды, олардың жеке бастарына тікелей қатысты өрескел заң бұзушылықтар болмаған жағдайда, жұмыстарында орын алған кейбір кемшіліктерге қарамай, мейлінше дұрыс және тиімді пайдалану керек. Өйткені олардың көбісі өзі басқарып отырған жердегі жағдай мен адамдарды жақсы біледі, сондықтан бүлікшіліктің салдарынан орын алған мәселелерді, жоғары билік тарапынан тиісті қадағалау болған жағдайда, тез әрі дұрыс шеше алады. Ал жаңа басшыға жергілікті жағдаймен танысып, керекті мәселерді дұрыс шешу үшін біраз уақыт керек болады.

Біздің дана халқымыз сан қилы замандардан бері елге төнген қауіпті, туындаған қиыншылықтарды тез арада бірігіп, дер кезінде жеңе білген. Сон­дықтан сөзімнің соңында барша отан­дас­тарды Президенттің шешімдерін қол­дауға шақырамын.

 

Ержан ИСАҚҰЛОВ,

генерал-майор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері,
саяси ғылымдар докторы