Аймақтар • 25 Қаңтар, 2022

«Қызғылт түтін» үшін айыппұл салынды

1908 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экология департаментіне өткен жылдың 21 желтоқсаны, сағат 12.15-те әлеуметтік желі арқылы «Өскемен Титан магний комбинатында» апат орын алуы мүмкін деген ақпарат түскен. Анықталғандай, қызғылт түтін титан тетрахлориді мен ванадий пентаоксидін өндіретін №2 цехтан пайда болған екен.

«Қызғылт түтін» үшін айыппұл салынды

Мән-жайды анықтау мақсатында сағат 12:45-те экология департаментінің мамандары арнайы аспаппен ауаға тараған зиянды заттардың мөлшерін өлшеу үшін кәсіпорынның санитарлық қорғаныс аймағына шыққан. Экологтер оқиға орнына жеткен кезде №2 цехтан шыққан түтіннің реңкі әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттегідей емес еді. Ауаға сіңіп үлгерген.

Өлшеу қорытындысында сағат 14.15-те Егоров және Шаяхметов көшелерінің бойынан 200 метр қашықтықта хлордың ауаға таралуы шекті нормадан асып кету фактісі анықталды. Сөйтіп, экология департаментіне түскен өтініш негізінде 2021 жылдың 21 желтоқсанынан 2022 жылдың 5 қаңтарына дейінгі кезеңге жос­пардан тыс тексеру енгізілген. Алайда жұмыс уақытының аяқталуына байланысты ҚР ҚК 154-бабының талаптарына сәйкес кәсіпорын басшылығы департамент қызметкерлерін аумаққа кіргізуден бас тартыпты.

Департамент қызметкерлері өтініште апаттық жағдай орын алуы мүмкін деген мәліметтер көрсетілгенін ескере отырып, оны облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне жолдайды. Олардың 2021 жылғы 29 желтоқсандағы жауабына сәйкес «ТМК» АҚ қатысты апаттық фактілерінің орын алмағандығына және кәсіпорын тарапынан ешқандай ақпараттың болмауына байланысты тексеру іс-шаралары жүргізілген жоқ.

Мемлекеттік экологиялық тексеру қорытындысында 2021 жылдың 21 желтоқсанында «ТМК» АҚ технологиялық жабдықтың 4 фурмасын қысыммен тазалау бойынша жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізгені анықталды. Алай­да бұл мемлекеттік экологиялық сарап­таманың қорытындысы берілген жобалық шешім­дерде көрсетілмеген еді.

– 21 желтоқсанда №2 цехта фурум қондырғыны тазалау бойынша жоспарлы технологиялық жұмыстар жүргізілді. Бұл процедура жобалық шешім ретінде қарастырылмаған. Кәсіпорын ӘҚБтК-нің 332-бабы бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Тарқатып айтсақ, мемлекеттік экологиялық сараптама қоры­тын­дысында қамтылған талаптарды орын­дамаған. Айыппұл сомасы 510 мың теңге болады. Әлеуметтік желіге тараған материалда ауадағы қызғылт түсті газ қоспасының артық мөлшері бай­қал­ған. Яғни тазарту қағидаларын бұз­ғаны үшін ӘҚБтК-нің 331-бабы бойынша атмосфералық ауаға ластағыш заттар­дың шығарындыларын тазалауға және бақылауға арналған құры­лыс­тарды немесе жабдықтарды пайдаланбау және сарқынды суларды ағызғандары үшін айыппұл салынды. Оның сомасы – 1 млн 750 мың теңге. Сондай-ақ түтін құбырын өлшеу қорытындысында көміртегі окси­ді 8,9 есе, хлорсутегі 2,1 есе асып кет­кені анықталды. Осы жағдайлар үшін «ТМК» АҚ-ға ӘҚБтК 328-бабы бойын­ша (Қоршаған ортаға рұқсат етілген антро­погендік әсер нормативтерін бұзу) айып­пұл салынды. Айыппұл сомасы – 2 млн 371 мың теңге, – деді облыстық бас мем­лекеттік экология инспекторы, об­лыс­тық экология департаменті басшы­сы­ның орынбасары Рауан Тұраров.

Қазіргі уақытта департамент мамандары заң бұзушылықтарды жою үшін және №2 цехта түзілетін газдарды тазарту үшін табиғатты неғұрлым тиімді қорғау іс-шараларын енгізу туралы нұсқама берді. Жоспарға сәйкес кәсіпорын бір уақытта 4 фурманы тазаламауға және әр фурмадан кейін тазарту үшін газды сору жүйесін қосуға міндеттелді.

Экология департаменті мамандары ұсынған нұсқамалардың орындалу-орындалмауын кез келген уақытта жоспардан тыс тексеріліп, қорытындылары қосымша хабарланатын болады.

 

ӨСКЕМЕН