Қазақстан • 25 Қаңтар, 2022

Қазақстанға ЕҚЫҰ ПА өкілдері келетін болды

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бюросының онлайн-отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанға ЕҚЫҰ ПА өкілдері келетін болды

Парламентарийлер 24-25 ақпанда өтетін Парламенттік Ассамблеяның қысқы отырысын өткізудің форматы мен шарттарын, сондай-ақ 2022 жылы болатын сайлаудағы байқау миссияларын талқылап, шешімдер қабылдады.

Отырыс шеңберінде өзекті халықаралық мәселелер, соның ішінде Қазақстандағы ахуал талқыланды. ЕҚЫҰ ПА төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров елдегі қаңтардағы қайғылы оқиғаларға байланысты мән-жайды егжей-тегжейлі баяндады. Бюро мүшелерін аталған оқиғалардың бағалануымен, сондай-ақ Қазақстан парламентінің төменгі палатасында және отандық бизнес өкілдерінің алдында сөйлеген сөздерінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы еліміздің негізгі басымдықтарымен таныстырды.

Мемлекет басшысының азаматтарды, конституциялық құрылысты және егемендікті тиімді қорғау мақсатында одан әрі демократияландыру, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, құқық қорғау органдарының жұмысын қайта форматтау бағытындағы стратегиялық реформаларына ерекше назар аударылды.

Бюро мүшелері ақпан айында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының депутаттары үшін Қазақстандағы оқиғалар бойынша онлайн-брифинг өткізу туралы ұсынысты мақұлдады. Еуропалық депутаттар өз кезегінде қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстанға көңіл айтып, қолдау білдірді.

Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ ПА өкілдерін Қазақстанға сапармен келуге шақырып, оның барысында парламентшілер елдегі жағдаймен танысып, тиісті мәселелерді талқылай алатынын жеткізді. Бұл ұсыныс қабылданып, Парламенттік Ассамблея Төрағасының орынбасары, Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Пиа Каума Қазақстанға сапармен келуге ниет білдірді.