Аймақтар • 26 Қаңтар, 2022

Асыл қазыналар аралы

499 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайына − 50 жыл. Мұражай заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп оның нәтижелерін насихаттауда, мә­дениеттің қалыптасуына ықпал ететін мекеме ретінде өскелең ұрпақтың бойында тарихи сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Асыл қазыналар аралы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мәдени мұраны сақтау – страте­гия­лық маңызы бар мемлекеттік мә­селе. Ұлттық дәстүр, әдеби және мә­­дени құндылықтар, тарихи жәдігер­лер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына.

Сол асыл қазыналарымызды бір кездері жоғалтып ала жаздағанымыз ақиқат. Дегенмен толық құрдымға кетті деуіміз негізсіз болар. Қандай дүниенің болсын жоқтаушысы, іздеу­шісі болатыны сөзсіз. Сонау жет­пі­сінші жылдарға көз жүгіртсек, ел ішін­­де есімі ерекше аталатын тұлғалар же­тер­лік. Солардың бірегейі көрнекті ға­лым, этнограф, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков еді.

Өзбекәлі Жәнібеков еліміздегі көптеген музейлердің ашылуына бас­тамашы болғаны белгілі. Қа­зақ­станның түкпір-түкпірін аралап жүріп құнды жәдігерлерді жинақ­таған еңбегі орасан. Абзал аға жет­пісінші жылдардың басында Тор­ғай облысының орталығы − Арқалық қаласында этнографиялық музейінің ашылуына мұрындық болды. Тіпті соның алғашқы экспонаттарын өз қолымен әкеліп тап­сырып, өлкеміздегі мұражай жұмы­сының өркендеуіне қомақты үлес қосты.

Бүгінде сол Өзағаң негізін қалаған киелі шаңырақтың құрылғанына 50 жыл толып отыр. Алғашында ол А.Иманов пен Ә.Жангелдинге арнал­ған Торғай облыстық тарихи-өлкета­ну мұражайы ретінде ашылған. 1998 жылдардан бастап «Дала өлкесі мұ­ра­жайы» деп атала бастады. Осы жыл­­дар ішінде мұражай қорында 50 мың­­ға жуық экспонат жинақталды. Қа­зір­гі таңда мұндағы 75 мыңға жуық жәдігер, 11 экспозициялық залға орналастырылған.

Айталық, алғашқы қауымдық құ­рылыстан жаңа заманымызға дейінгі тарихи-мәдени жәдігерлердің түр-түрі бар. Оның ішінде өлкемізден шыққан тарихи тұлғалардың қол­данған дүниелері, ұлт-азаттық көтері­лісте пайдаланылған қару-жарақ­тар мен батырлардың жеке заттары, алашордашылардың еңбектері мен өздеріне тиесілі тұрмыстық бұйым­дар, археологиялық қазба жұ­мыс­­та­ры кезінде өлкемізден табыл­­ған түр­лі қолданбалар, Ұлы дала­мыз­­дың табиғатын тұрақ қылған аң-құс­тардың, жан-жануарлардың бей­не­лері, сонымен қатар шежірелі Торғай даласы мен Арқалық қаласының қойнауын­дағы қазба байлықтар бар. Салт-дәстүріміз бен тұрмыс тіршілігімізді баяндайтын өлкеміздің өнер туындыларын да таба аласыз. Қысқаша айтқанда, ел-жердің тамыры терең тарихы мен тағылымға толы тіршілігімен танысуға болады.

Мұражайдағы ең құнды жәдігер­­­лер­дің бірі − «Сәукеле». Оны Ө.Жәні­бе­ков өзі арнайы тапсырыс­пен атақты шебер Қырым Алтынбековке жа­сат­қан. Мақсаты – қазақ қызының ба­ғасын көтеру және ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындата отырып, безенді­рілген өрнектер арқылы Торғай өңі­рінің тұрмысын көрсету. Өзағаң тап­сыр­ған алғашқы жәдігерлердің бірі «Ағаш астаудың» да өзіндік тарихы бар. Астау ағашының асыл еке­нін білген жайсаң жанның байқам­паз­дығын мойындамасқа болмас. Соны­мен қатар қорымызда Кенесары Қа­сым­ұлы бастаған көтеріліс батыры Сары Қошқардың кіреуке сауыты сақ­талған. Батырдың бұл сауыты кейін­гі ұрпақтарына батылдық қасиетін дарытып тұрғандай сезіледі. Тағы бір асыл жәдігер − Амангелді батырдың қанжары. Қанжар мұражай ашылған жылдары тапсырылған. Батыр оны Ғапбас Саламатұлы есімді сарбазына ерлігімен көзге түскені үшін сыйға тартқан көрінеді. Сыйға алушы батыр берген қанжардың құр­ме­тіне ұлының есімін Қанжар қой­ған деседі. Кейкі батырдың отбасына тиесілі кебежені де қазақ үй­дің төрі­нен көруге болады. Батыр жо­рық кезінде жортуылдап жүргенде Нұ­ра­лы ақсақалдың үйіне қонақ боп түс­кен. Барар жері алыс болғасын алып жүрген заттарымен бірге кебежені сол кісінің үйіне қалдырған екен. Ақ­сақал кебежені Кейкінің көзіндей сақ­­тап, кейін мұражайымызға әкеп тапсырған.

Қарап тұрсаңыз осындағы әр жәді­гер­дің сыры сан алуан. Ата-баба­мыз қалдырған осынау аманатты ар­қа­лап, дәріптеп келе жатқан му­зей­­дің зор еңбегін бағаламасқа бол­мас. Келу­шілердің де көңілінен шы­ғып, рухани байлық сыйлай білген мұра­жайы­мызға кім келіп, кім кетпеді десеңізші.

Ұлтымыздың абыз қайраткеріне айналған Дінмұхаммед Қонаев атамыз бас болып, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев, сондай-ақ Әбсаттар қажы Дербәсілі, Мәриям Хәкімжанова, Абдолла Қарсақбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Иманғали Тасмағамбетов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ермек Серкебаев сынды өнер иелері мен ұлт жанашырлары бірнеше рет келіп, сыйлы қонақтарымызға айналды. Өлке тарихымен танысқан олар таңдай қағып, тілектерін білдірген. Ол мұражайымыз үшін зор мақтаныш, үлкен мәртебе.

Сонымен қатар мұражай қаламыз­дың барлық мәдени мекемелерімен, білім ошақтарымен, оқу орындарымен бірлесе жұмыс атқарады. Ы.Алтын­сарин атындағы Арқалық педагогикалық институының студент­терін іс-тәжірибелік практикадан өткізіп, ғылыми қызметке даярлайды. Осындай сан түрлі салаға бөлінген қызмет түрлерін қызметкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен атқаруда.

Іргетасын Өзағаң қалаған мұра­жай ғимараты 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп жаңа құрылымда жұмыс жасауға тапсырылды. Зама­науи жаб­дықтармен, технологиялармен қам­тамасыз етілді. Жас маман­дар жұ­мыс­қа тартылды. Тек жәдігерлерді экспозициялап, залдарға орналасты­ру жұмыстары шешімін толық таппай тұр. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа стандартта орналастыру керек. Алдағы уақытта ол жұмыс­тардың да реті жолға қойылады деп сенім білдіреміз. Әйтсе де, жәді­герлерді уақытша көрме қою арқы­лы келушілердің назарына ұсынып отырмыз. Елу жылдық мерекені атап өту үшін түрлі жұмыстар мен жобалар жоспарлануда. Биылғы жылы айтулы мерейтой иелерінің құрметіне орай өткізілетін іс-шараларда атқаруға тиіс жұмыстар легі де ретін тауып жатыр.

Ұжымның жылдар бойы атқарған игілікті істері мен жақсы дәстүрі алда­ғы уақыттарда жалғаса бермек.

 

Ернұр Әуезхан,

Әсел Әбділдина,

Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкерлері

Қостанай облысы