Руханият • 26 Қаңтар, 2022

Әлеуметтік әділдік бірлікке бастайды

1322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында бір үлкен шығармашылық ұйым­­ның беделді басшысымен пікір алыс­­қанымызда, ол бүгінгі еліміздің ба­­сын­дағы сын кезең жайлы ойларын орта­ға сала келіп: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әу бастан ұста­нып келе жатқан әлеуметтік әділдік қа­ғи­даты халқымызды бірлікке бастайтынына сенемін. Оған өзім басқарып отыр­ған ұжымның мысалында кәміл көз жет­кіздім», деген еді.

Әлеуметтік әділдік бірлікке бастайды

Сол сөзінің астарында қандай сыр жатқанын суыртпақтап сұрап білсем, ол осы шығармашылық ұйым басшылығына тағайындалған кезде ұжымда қалыптасқан моральдық ахуал тым кінәратты болған екен. Елдің әр өңірінен жиналған қызметкерлер топ-топқа бөлініп, бір-бірімен сәлемдесуден де қалып бара жатыпты. Мұның себебі – бұ­рынғы басшы ұжымды алалап, өзі шық­қан өңірден келгендерді ашықтан-ашық қолпаштай бергенінде екен. Сыйақының сү­белісін, марапаттың салмақтысын жер­лес­теріне әперіп, өзгелерді өгейсітіп, қыз­мет­кер­лердің арасында пендешілік пыш-пыш әңгіме өрбіп, сыртқа да тарап жатуына өзі себепші болыпты. Жаңа басшы ізашарының жіберген қателігінен бірден тиісті қорытынды шығарып, ұжымды бөліп-жармай, бәрін тең ұстауға тырысқаннан кейін ондағы жағымсыз жағдай біртіндеп түзеліп, ың-шыңсыз, нағыз шығармашылық ахуал орныққан.

Расында да, мемлекетімізде де әлеуметтік әділдік, заңның үстемдігі салтанат құрса, халқымыздың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарып, бірлігі де нығая түсері хақ. Президентіміздің сайлауалды бағдарламасының «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өр­леу» аталғандығы бекерден-бекер емес. «Әділдік – мәдениетіміздің ажырамас бө­лі­­гі және ғасырлар бойы қалыптасқан құн­дылығымыз. Ұлтына, діни нанымына, тұр­мыстық жағдайына қарамастан, бар­лық азаматтардың құқығының теңдігі туралы Конституция қағидасы – менің жұ­мы­сымның басты бағдары. Менің мінде­тім – әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын арттыруына жаңа мүмкіндіктер туғызу», деп қадай айтқан болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан бері Мемлекет басшысының тіке­лей тапсырмаларына сәйкес атқарылған және қолға алынған игілікті істер аз емес. Соның ішінде халық денсаулығы жолында, әсіресе коронавирус індетімен күрес кезінде уақытпен санаспай, жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен ел болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне жауапты мұғалімдердің жалақылары елеулі мөлшерде арттырылды, ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеге дейін көтерілді. Енді, міне, ел билігінің тізгінін өз қолына толық алған Мемлекет басшысы қоғамымызда әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды шешім қабылдап, жаңа Үкіметке нар­дың жүгіндей зор жауапкершілік артып отыр. Жақында отандық ірі бизнес өкіл­де­рінің қатысуымен болған кездесуде: «Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында еке­нін растап отыр. Осы ретте халықтың жар­ты­сының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы бағытта Президент ұсынған нақты да пәрменді қадам – «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының құрылғандығы деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының үндеуіне үн қосқан ірі компаниялар мен жекелеген кәсіпкерлер аталған қорға қазірдің өзінде миллиардтаған теңге қаржы аударып, өз байлықтарын халықпен бөлісе бастады. Жи­нал­ған қаражат мемлекет пен жеке бизнес ұсынбайтын кейбір қызметтерге мұқтаж адамдарға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт саласында қайырымдылық көмек көрсетпекші.

Жалпы, «Қазақстан халқына» қорының құрылуы елімізде әлеуметтік әділдік орнатуда жұртшылық көптен күткен әділ шешім болғаны сөзсіз. Әрине, «байлар да жылайды» демекші, тек соларға арқа сүйеу келешекте аздық етуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте қазірден бастап көп болып ойланарлық мәселелер де бар. Айталық, қоғамымызда байлар мен кедейлердің арасындағы әлеу­мет­тік алшақтықты азайту мақсатында прогрессивті табыс салығын енгізу қажеттігі тура­лы ұсыныс көптен бері айтылып жүр.