Қазақстан • 28 Қаңтар, 2022

ТЖД: Қосалқы бөлшектерге қаржы бөліне ме?

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен 26 қаңтар күні «Egemen Qazaqstan» газетіне өрт сөндіру бөлімдерінің бірқатар проблемалары қаузалған «Құтқарушыға да құтқарушы керек» атты мақала жарық көрген-ді. Өрт сөндірушілердің мақалада айтқан уәждеріне байланысты Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.Нұрпейісовке де ресми сауал жолдадық. Ал осы мақалаға департамент бастығының орынбасары, полковник Д.Титов берген жауапты пайдаландық. Тек, қайталанып кетпеуі үшін кейбір жауабы мақалаға кірістірілмеген еді. Бүгін толықтырылған ресми жауапты газетке толық беруді жөн көрдік.

ТЖД: Қосалқы бөлшектерге қаржы бөліне ме?

«Б.Шылай мен А.Э.Можанов­тың талаптары 2021-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қалалық сотында Мем­лекеттік қызмет агенттігі депар­таменті мен Еңбекті қорғау бойынша департаментінің қатысуы­мен қарас­тырылып, онда барлық қа­тысу­шы тұлғалардың іс-әрекет­теріне құқықтық баға берілген және Б.Шылай мен А.Э.Можановтың тарапынан болған бұзушылықтар расталып, ШҚО ТЖД іс-әрекетінде теріс қылық анықталған жоқ», деп жазады Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Д.Титов.

1.Аудандарда өрт сөндіру техникасы істен шыққан кезде қосалқы бөлшектерді сатып алуға ақша қара­жаты бөліне ме?

– Қосалқы бөлшектерді сатып алу Мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасы Төтен­ше жағдайлар министрлігі бөле­тін қаражат есебінен жүзеге асы­рылады. Қосалқы бөлшектерді беру барлық аудандық және қалалық бөлім­шелердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылады.

2.Неліктен Катонқарағай ауданы­­ның өрт сөндіру бөлімінің қыз­меткерлері қосалқы бөлшектерді өз есебінен сатып алды?

– Өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы есебінен қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы ақпарат түскен жоқ. Қосалқы бөлшектерді сатып алу Мем­лекеттік сатып алу порталы арқы­лы жүзеге асырылады және қажет­тілік бойынша бөлімше басшы­сының бая­наты бойынша, сондай-ақ рұқсат қағазы бойынша беріледі.

3.Ескі техника қашан жаңарты­лады? Осы мәселе бойынша сіздің тарапыңыздан қандай да бір жоспарлар жасалды ма?

– Өрт сөндіру техникасын сатып алуды Қазақстан Республи­касы Төтенше жағ­дайлар министр­лігі орта­лық­тан­дырылған түрде рес­публикалық бюджет қаражаты­нан жүзеге асырады. Өрт сөндіру бөлім­шелерінде өрт техника­сын жаңарту жаңа өрт сөндіру авто­мобильдерінің түсуіне қарай қаралады.

4.27-ӨСБ жүргізу­шісі аға сержант Азат Можанов неге жұмыстан босатылды? Сонымен қатар Риддер қаласының 14 – ӨСБ бастығы Бақыт­­бек Шылай неге лауазымынан тө­мен­деді? Нақты себептерді түсін­дірулеріңізді сұраймыз.

– Ерікті түрде жұмыстан шығу тура­лы А.Можановтың рапортына сәй­кес, ол азаматтық қорғау органдары­нан шығарылды. Қызметтік тергеу нәти­же­лері және тәртіптік комиссияның шығар­ған шешімі бойынша Б.Шылай өз функ­ционалдық міндеттерін тиісінше орында­мағаны үшін лауазымынан төмендетілді.

Естеріңізге сала кетсек, сұрауы­мызға бұл жауаптар Төтенше жағ­дай­лар департаменті бастығының орын­басары, полковник Д.Титовтың атынан келген еді.

P.S. Бақытбек Шылай мен Азат Можановтың тарапынан болған бұзушылықтар расталғанымен, екі азамат та аталған департаменттің шешімімен келіспейтіндерін алға тартып, сотқа арызданған. Болып жатқан келіспеушіліктерге заң бойынша нүктесі әлі қойылған жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы