Бүгінде 50-ге жуық ауылшаруашылық техникалары бар құрылым таяуда 162 млн теңгеге John Deere тракторын, 88 млн теңгеге кешенді тұқымсепкіш алды. «Юбилейный» ЖШС атқарушы директоры Бейбіт Айтпаевтың айтуынша, 50 млн теңгеге – швециялық «Топ Таун-600» маркалы ауылшаруашылық құрылғысы, 40 млн-ға – англиялық JCB жүк тиегіші, 22 млн-ға – украиналық СЗ-6 тұқымсепкіштері, 5 млн-ға – «Ростсельмаш» соқасы, 10 млн теңгеге – Акrоs комбайны, 11 млн-ға италиялық МaterMass тұқымсепкіші алынды. Бәрі – заманауи техника. Бір жақсысы, кабина ішіндегі монитор арқылы дәннің қалай себіліп жатқанын да бақылап отыруға болады. Осы ретте Николай Дзядук, Ерлан Өтегенов, Сергей Актелов, Ержан Шалов, Сергей Гречихин, Евгений Крайнюк және т.б. еңбекқор азаматтар өздеріне жүктелген іске зор жауапкершілікпен қарайтынын айта кеткен ләзім. Серіктестік бидайдың «Барыс», «Дарья», «Алтай» тұқымдарын, Сyngenta ЖШС-нің әлемге танымал «Конди», «Алькантара», «Пионер», «Тристан» секілді күнбағыс тұқымдарын егеді. Әлбетте, өнімнің мол болуы агротехникалық шаралардың қатаң сақталуы мен дәнді, майлы дақылдарды тікелей тыңайтқышпен суарылуына да байланысты. Мұндағы диқан қауымы бұл шараларға да назар аударып, «Аммофос», «Сульфоаммос» секілді тыңайтқыштарды оңтүстіктегі облыстардан алады.
Жалпы, Көлденең ауылдық округі Тарбағатайдың күнгей бетіндегі қойнауында орналасқан. Сондықтан, топырағының бонитеті жоғары, өте құнарлы. Мәселен, былтыр бидайдың әр гектарынан 18-20 центнерден алса, биылғы қуаңшылықта астық 12 центнерден айналды. Осы орайда «Юбилейный» ЖШС басшысы Мамырбек Қарашев жайлы айтқан абзал. Мамырбек Бақтығазыұлы – Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, осы Көлденең ауылында дүниеге келген. Көлденең орта мектебінен білім алып, еңбек жолын туған жерінен бастаған. Еңбек жолын 1989 жылы «Юбилейный» колхозында жұмысшы болып бастап, кейін автокөлік жүргізушісі, механизатор болып жалғастырады. 1996 жылы колхоз таратылып, соның негізінде «Юбилейный» ЖШС құрылды да ұжымдық шаруашылықтың шешімімен аталған серіктестіктің май өндіру цехы мен орталық қырман меңгерушісі болды. 2012 жылы құрылтайшылар жиналысымен серіктестік директоры болып сайланды.
Қарашевтар әулеті ауылдастарына көптеген қайырымдылық іс жасап, құрметке бөленіп келеді. Ауылға 120 адамдық мешіт ғимараты, 280 орынды қатымхана, зәулім спорт кешені, 150 адамдық «Думан» мейрамханасы мен диірмен мен наубайхана салып берді.
– Мамырбек Бақтығазыұлы бірнеше жыл бұрын ауыл орталығындағы тозығы жеткен мәдениет үйін сатып алып, 24 млн теңгеге қайта жөндетті. Мәдениет үйі бұрынғыдан да әсем қалпына келді. Аталған мәдени ошақ аудандық мәдениет бөлімінің қарамағына өтіп, онда бірнеше өнерпаз халыққа қызмет етеді, – дейді Көлденең ауылдық округінің әкімі Сайлау Естемесов.
Ауыл азаматтарына жұмыс беріп отырған «Юбилейный» ЖШС-і айтулы мерекелерге де қаражат бөледі. Мәселен, таяуда ауыл шаруашылығы күніне 5,5 млн теңге бөліп, еңбеккерлерге тұрмыстық техникалар тарту етті. Сондай-ақ ауыл жастарына көмегін көрсетіп, спортқа тұрақты көңіл бөледі. Бокс, волейбол, жеңіл атлетика, күрестен жеке қаражатына турнир өткізеді.
– Серіктестік басшысы ауылға көшіп келген жас отбасыларға тұрғын үй алып береді. Ержан Шалов, Олег Руденко, Фархат Құдышев, Ерзат Өтегеновтер Мамырбектің арқасында былтыр баспаналы болды. Ауыл имамына үй, мотоцикл алып берді, – дейді ауыл әкімі, – Айта берсек, мұндай игі істері көп. Мүгедек балаға арба, спорт мектебіне «Уаз» автокөлігін сыйлады. Жыл сайын ауылдағы еңбек ардагерлеріне әлеуметтік азық-түлік түрлерін, қыс мезгілінде мұқтаж жандарға 500 тонна көмір түсіріп беретіні нағыз жанашырлық.
Былтырғы қуаңшылық ауыл халқына оңай тиген жоқ. Малы бар ағайын сай-саланы жағалап шөп шауып есі шықты. Серіктестік те қарап жатпады. Көршілес Науалы, Көкөзек, Қаратұма ауылдарына арзан бағамен мал азығын сатты. Мәселен, салмағы 250-300 кило болатын тайланған шөпті қолында техникасы мен шабындығы бар кейбір ағайын 8-10 мың теңгеден сатса, Мамырбек Қарашевтың серіктестігі 6 мың теңгеден беріп, жұрт алғысына бөленді.
Берікхан ТАЙЖІГІТ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы