Тура сол сияқты, Мұқағали Мақатаевтың «Бозқараған» атты өлеңін мектеп оқушысы кезімде оқып таңғалғаным бар. Өлең қараған туралы болғанымен, шығармадан оның иісін таппағандықтан таңырқасақ керек. Бала күнімізден ішінде мал бағып, аң қағып өскен кәдімгі қараған ғой. Қыста жылқышылармен бірге қоста отына жылынып, жазда самаурын қайнатып, шайын ішкен қараған болған соң, мұның сиреньге не қатысы бар деп ойлағанбыз да қойғанбыз. Қарағанды бізден артық білетін кім бар деген балаң ой ғой, баяғы. Сондағы бізге беймәлімі өлеңнің алғашқы шумағы ғана еді.
Бозқараған...
Көрдің бе бозқараған?
Сирень иісі аңқиды боз даладан.
Бозқараған – тікенек, тікенге өскен
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған.
(Соның аты, біздіңше – Бозқараған).
Бұл жерде біздің оқушы санамызға жат көрінгені – сирень иісі. Өйткені көктемде гүлдеген қарағанның өз иісі де жұпар аңқитынын жақсы білуші едік. Кейін қалаға оқуға келгенде сирень гүлімен таныстық. Сирень иісі қарағанның хош аңқыған гүлінің иісіне ұқсап шыға келген де, өлең құпиясы сонда ашылған. Сирень ағашы біздің далада өспейді. Есесіне шоқы-қыраттардың қойын-қонышын толтырып қараған өседі. Күзде – тікенек ағаш, көктемде бірер жұма гүлге айналады қараған. Сирень де солай. Көктемде он, он бес күн жұпар атып гүлдейді, қалған уақытта тырбиған ағашы мен жапырағы ғана қалады. Ал екі өсімдіктің гүлдерінің таңғажайып иісі бірдей. Ақын соны біліп жазған: «бозқараған – тікенек, тікенге өскен, сирень гүлін ешкім де қозғамаған. Соның аты, біздіңше – Бозқараған», деп.
Өлең осылай басталады да әрі қарай қазақ ауылының өмірін сипаттап кетеді.
«Қара судың жағасы бозқараған,
Бозқараған бұтағын қозғама, адам.
Бозқараған ішінде бойжеткенге,
Бозбалалар бозарып көз қадаған.
Бойжеткендер тойларын
жасарында,
Бозқараған жанатын ошағында.
Әтір иісін әкеліп аш ауылға,
Желік беріп тұратын жеңгейлерге,
Жер түбіне біреумен қашарында!» дейді. Бойжеткенге көз қадаған бозбаланың немесе бозбалаға көз салған бойжеткеннің ішіндегі от пен ошақта лаулаған оттың байланысын тілмен айтып жеткізу қиын. Абай айтпақшы «Көзбен көр де, ішпен біл». Бір-біріне көз салған қыз бен жігіт махаббатының куәгері – қараған кейін бас құрағанда да ошағын жылытып жанып жатқанын көреміз. Қараған сонда қазақ өмірімен тұтасып шыға келеді. Кең далаға қаптай біткен бұл өсімдік мал мен жанның панасы. Тәңірдің жаратылысы. Ал сирень адам қолымен отырғызған жаратынды болса керек.
«Әтір иісін әкеліп аш ауылға» дегенде, автор соғыстан кейінгі елдің тұрмысын айтып тұрғаны одан кейінгі жолдарда анық байқалады. Тамағы тоқ болмаса да, қараған гүлінің әтірі бойға қуат беріп, сезімдерді оятып, желік бітіретін. Демек бір шеттен өмір иісін шығарып қоятынын емеурін етеді.
«Қарасаздың тоғайы – сайран бағы,
Сайран бағын неліктен ойрандады?
...Бозқараған гүлін ап, хатқа салып,
Жіберуші ек туысқа майдандағы.
Бозқараған!
Армысың, қасиеттім, бөзге ораған!
Қайда әлгі бойжеткенің
көз қадаған?
Қайда жеңгем?
Соңынан сөз бораған...»
Бозқараған гүлін хатпен орап жіберген сүйген жардың сағынышы өтеусіз, үміті ақталмаған. Майданнан сүйгені оралмаған. Сүйгенімен бозқараған түбінде табысқан сол жеңгесі тағы бір көктемде ауыл шетінен әтір иісі аңқып сала бергенде, өзгенің етегінен ұстап кете барды ма, жоқ, бойын желік қысып қалаға бет алды ма, жұмбақ. Соңынан сөз борамағанда қайтеді жеңгесінің?! «Соғыс келіп айналдырған тоз-тозға» дегендей, қазақ ауылдарының тағдыры елестейді көзге...