Әдебиет • 30 Қаңтар, 2022

Чацкий уақыты

1068 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Он тоғызыншы ғасырда туып, бар-жоғы отыз төрт жыл ғұмыр кешкен ойшыл ақынның артында бір ғана ірі туындысы қалды. Ол туынды патшалық Ресейде, Герценнің тілімен айтқанда, «түнде атылған оқтай» дүмпу тудырды. Ол шығарманың әр сөзі афоризмге, мәтелге айналып кетті. Соның бірнешеуін мысалға алайық: «Бақыттылар сағатқа қарамайды», «Тұрмыс – жаңа, ал түсінік – ескі», «Ал сотың кім?!», «Қызмет қылуға – әзір бас, Жағымпаздануға – жаным қас», «Қағынған тілдер қарудан қауіпті», «Шулаймыз, бауырым, шулаймыз», «Бала тудыруға көп ақылдың қажеті жоқ», «Бордодан келген әлдебір француз», «Шақырылғандар мен шақырылмағандар үшін де есігіміз шалқасынан ашық», «Менің романымның қаһарманы емес», «Күнтізбелер өтірік айтады»...

 

Чацкий уақыты

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Оның қысқа да кекті, өткір де өш­ті ойларының қайсысын да қағаз бе­тін­е қаз-қатар тізбелей беруге болар еді. Бірақ осы бірнеше мысалдың өзі­­­нен өз дәуірінің данышпаны, ойшыл ақын, озық дипломат Александр Сер­­геевич Грибоедовтің қолтаңбасы анық аңғарылады. Оның жай отындай шатырлап жайбарақат жатқан елдің зәресін алған даңқты «Горе от ума», яғни «Ақыл азабы» шығармасы шартты түрде Чацкий уақыты ұғымын тудырды деп ойлаймын. Чацкий уақыты – ол өмір сүрген уақыт қана емес, әр қоғамда шамырқану мен ширығудан, шарасыздық пен амалсыздықтан, қорла­ну мен қорғансыздықтан туатын таңға­лу мен қайран қалудың, ақыл қайғысы мен зарының, ызалы жүрек пен долы қолдың уақыты.

Бірде Белинский: «Пушкиннің «Оне­­гині» мен Грибоедовтің «Горе от ума» шығармасы Лермонтов пен Го­голь­ді тәрбиелеп шыққан мектепке айналды», деген еді.

Ал Пушкин болса өз кезегінде «Чац­кий дегеніміз кім? Текті, қызуқанды, тіпті кеңпейілді кемеңгер адам. Оның әрбір сөзі – ақылдың жемісі, бірақ ол осының бәрін кімге айтады? Фамусовқа ма? Скалозубқа ма? Мәскеулік салтанатты астағы шал-шауқанға ма? Мол­чанинге ме?» деп күйінеді. Пушкин неге күйінді? Белинский неге бұл шы­ғар­маны орыс әдебиетінің жаңа ғасы­рын тудырған құбылысқа балады? Жал­пы, бұл туындының идеясы қандай? Несімен құнды? Бізге не айта алады?

Біз әуелі негізгі төрт кейіпкер – төрт әлеу­меттік тип туралы айтайық. Осы төрт кейіпкер арқылы он тоғызыншы ғасырдағы орыс қоғамы, оны ойландыр­ған, толғандырған мәселелер жайлы, шығарманың туу және тез танылу себебі туралы айтамыз деп ойлаймын.

Павел Афанасьевич Фамусов – қа­­зына мекемесінің меңгерушісі, өмір­­дің мәнін шен алу, шекпен кию, қыз­меті жоғарылардың алдында құрдай жорғалау деп білетін жағымпаз, сараң адам. Ол қызы  Софьяны қолында билігі бар кісіге ұзатып, ақсүйектер әулетімен тамырласуды армандайды.

Софья Павловна – оның қызы. Оңы мен солын толық танып үлгермеген, махаббатты ойын көретін он жетіге жаңа толған бойжеткен.

Полковник Скалозуб – Фамусовтың ойынша қызына нағыз күйеу де, сүйеу де болар адам. Дарақы, тұрпайы, оқу-бі­лім­нен оба көргендей шошитын әскери адам.

Алексей Степанович Молчанин – Фа­­мусовтың хатшысы. Айлакер, жа­ғым­паз, екіжүзді, қожайынының қо­лын сүюге, қабағын бағуға, тіпті қо­жайы­ны­ның итімен бірге итаяқтан ас ішуге де әзір адам және сарай маңайлаған сансыз көп адам, кінәзі бар, графы бар, алаяғы бар.

Осы көп адамның бірде-бірі Чац­кий­мен екі ауыз сөз айтысуға жарамайды, бар болғаны тоғышар, тоқ­мейілсіген, тоқы­раған адамдар тобы ғана. Пушкиннің «Чацкий осының бә­рін кімге айтады?» деп күйінетіні де осыдан.

Себебі Чацкий – аса білімдар, зерек, жас та болса оқығаны мен тоқығаны көп, үш жыл ел кезіп, дүние таныған, өз за­манының озық ойлы адамдарымен ортақ мүддесі бар азамат.

«Қайран сөзім қор болды», деп Абай айтпақшы, осы бір опасыз ортаға орға түскендей топ ете қалған Чацкий жан азабын кешіреді. Тоғышарлармен тілдесе алмайды. Тілдессе, түсінісе алмайды. Махаббат дегені мазақ болып шығады. Арман дегені алдамшы болады. Адам дегені, азғыннан ары болады. Фамусов бастаған тоғышарлар тобы Чацкийден құтылудың жолын іздей бастайды. Ақыр соңында Фамусовтың үйіндегі салтанатты аста Чацкийді «ақыл-есі ауысқан» деген сыбыс таратып, барлығын соған сендіреді, көндіреді.

Бұл топ  кітапты зұлымдық деп таниды, білімді  бетімен кетушілік деп біледі, ақылды  есалаңдық деп түсінеді.

Бәрінен аза бойы қаза болған, жаны түршіккен, түңілген Чацкийдің соңғы монологы осы көріністі анық береді:

Соқырлық! Мен осынша еңбегіме

кімнен құрмет іздедім?

Асықтым! Ұштым!

Қалтырадым!

Көрер бақытым жақын дедім!

Уа, мен кімнің алдында жалынмен

ыстық лаулап ем,

Әрі әдепті, әрі өткір сөзімді

кімге арнап ем?

Ал сіз ше? О, Тәңірім!

Кімді таңдап тапқансыз?

...Кімнен болды?!

Тағдыр мені қай қиырға лақтырды?

Бәрі қуды, бәрі қарғап, жат қылды,

Өңшең жан қинағыш, азапшыл топ,

Махаббатқа опасыз,

өсекке жаны құмар,

Бірді бірге ұтыстырғыш

өңшең қулар,

Жарым ақыл, зымиян жадыгөйлер,

Баққұмар шал, бәтуасыз

сұм кемпірлер,

Миға қонбас кіл суайт, өсек терген,

Міне, осы орта –

мен өмір сүріп келген,

Тұрлаусыз қыз, сұм кемпір,

жын шалық бар,

Бар дауыспен жынды

қып шығарыңдар!

Дұрыс-ақ сендердікі:

Сендермен тек бір күн бірге болып,

Бір ауада дем алып, бірге қонып,

Сонда да естен танбай,

отқа жанбай,

Аман шыққанның өзі қандай!

Кеттім аулақ Москвадан!

Мұнда қайтып оралман,

Жәбір көрген сезімге іздеуге

сая жаһаннан,

Кеттім, артқа қараман!

(Т.Жароков тәржімасы)

Чацкийдің айтып отырған «жәбір көрген сезімі» – жалпақ қоғамнан жал­­қыға орын таба алмаған, ойласар оңды кісі, сөйлесер сырлы кісі кезік­тіре алмай, өзгеге еліктегіш, өзге­нің құндылығын зор, өзінікін қор тұт­қыш, өзгенің тілінде сөйлеуді (оның жағдайында француз тілді орыс қоғамы) мәдениет деп білгіш тобырдан соққы жеген, қуғын көрген, жапа шеккен, жалалы болған жанның сезімі.

Жалпы, бұл оқиға қайдан шықты? Чацкий образының артында кім тұр?

Замандастарының айтуынша, автор Грибоедовтің өзі Мәскеуде осындай бір оқиғаға тап болған. «Ақыл азабы» коме­диясында Чацкий Бордодан келген француз туралы айтады. Мәскеу мен Петер­борды аралаған әлдебір француз азаматы өзінің достарына мақта­нып былайша айтады дейді: «Мен екі қалада да болдым, өзімді бір сәтке де шетел азаматы сезінген жоқпын, себе­бі бәрі де француз тілінде сөйлейді, бәрі де француз стилінде жасалған, қыз-­келіншектері мені қоршап алды». Чацкий өз моноло­гында осыны мысалға келтіріп, Мәскеулік бай-бағландардың ортасын сынайды.

Грибоедовтің өмірінде де осы оқи­ға болады. Осыған ызаланған Гри­боедовтің ащы сөзі тәтті көңілін қарып өткен көпшілік Грибоедовті ақылынан адасқан деген қауесет таратып жібереді.

Сонда Грибоедов: «Ақылымның дұрыс екенін бұларға әлі дәлелдеймін! Мен осы бір кешті қаз-қалпында қағазға түсіріп, комедияға айналдырамын. Сонда кімнің кімге күлетінін көретін боламыз! Комедияның жобасы басымда пісіп тұр және оның жойқын боларын ішім сезеді», деген екен.

Алайда бұдан «Ақыл азабы» коме­дия­сы Грибоедовтің өз басынан өткерген оқиғаларына ғана негізделген деген ой тумауы керек. Мұнда сол тұстағы озық ойлы азаматтардың бәрінің бейнесі жатыр. Чацкий – жиынтық образ.

Қараңғы қоғамға, қарау ойлы адам­дарға қарсы атылған оқ бұл. Орыс қоға­мының 1821-1825 жылдар арасын­дағы саяси-әлеуметтік өмірін, соның келеңсіз әрі күлкілі тұстарын мазақ еткен ащы әжуа.

Сонымен қатар Чацкийдің прототипі ретінде орыс ойшылы, күрескер Павел Чаа­даев та аталады. Ол да негізсіз емес. Неге десеңіз, комедия жазылған жыл­дары ұзақ сапардан оралған Чаадаев­тің «Философиялық жазбалары» жа­­рық көреді. Ол еңбектегі ойлар орыс қоғамында үлкен дау тудырады. Себебі Чаадаев «Ресей дүниеден бөлек өмір сүріп жатыр, оның өмірі бола­шақ ұрпақтарға сабақ болуы үшін ғана керек секілді» деген ой айтады. Бұл пікір патшаның ашуын тудырып, авторын оның қаһарына ұшыратады. Қаһарланған Ресей патшасы Чаадаевті өзінің жарлығымен «есі ауысқан» деп жариялайды. Содан бастап, философтың өмірі өзгереді. Оны күнделікті тексеріп, ақыл-есінің қалпына келіп жатқанын қадағалап отыратын жеке дәрігер бекітіледі. Бұл оқиға орыс қоғамын екіұдай ойда қалдырады. Екіұдай деген жай сөз, айран-асыр күйге түсіреді. Барлық озық ойлы азаматтар патшаның бұл жарлығын тікелей өздеріне жасалған қылмыс ретінде қабылдайды. Қолдан келер қайран жоқ, патшаның аты патша, жарлықтың аты – жарлық.

Дәл осы тұста Грибоедовтің «Ақыл азабы» шығармасы да жазылады. Осыған риза болған Пушкин «Гри­боедов Чаадаевтің басына түскен қиындық жайлы комедия жазды деп естідім. Осындай күрделі жағдайда оның бұл әрекетін азаматтық деп санаймын», дейді.

Данышпандықты нақұрыстық, ақыл­дылықты есі ауысқандық санау – шын мәнінде кері кеткен қоғамның, кердең ойдың, кемтар сананың анық белгісі екенін орыс қоғамындағы әрбір саналы азамат сол сәтте нақты сезінген еді.

Ал Грибоедовтің өз өмірі қалай болды?

Грибоедовтің критикалық ойлау жүйе­­сі өзінің кейіпкері Чацкиймен біте­­­қай­­­насып жатса да, оның өмірі – оның өмірі басқа арнаға бұрылып кетті. Чац­кий патша сарайына қызмет етуді, нақты айтқанда жағымпаздықпен жан бағуды өзіне ар санайды. «Кісі үшін емес, іс үшін қызмет қылсам», «қызмет қылуға қорланбаймын, жағымпазданудан жиір­кенемін», дейді.

Гвардия офицері отбасында өмірге келген, өз уақытына лайық озық білім алған, бірнеше Еуропа халықтарының тілін білген, одан бөлек араб пен парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген Грибоедов декабристермен мүдделес болды, философ Чаадаевпен дос болды.

Кейін Ирандағы Орыс миссиясының хатшысы қызметін атқарды, тіпті Пер­сиядағы министр болып та тағайын­далды. Бірақ бұл қызметтің бәрін ақын құрмет пен жетістік ретінде емес, қуғындау ретінде қабылдады. Ақыр соңында Теһран қаласындағы көтері­­лістердің бірінде ызалы топтың қолы­нан қаза тапты. Отыз төрт жасында.