Қоғам • 30 Қаңтар, 2022

Жазықсыздар жапа шекпесін

1598 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Қасіретті қаңтардан» кейін құқық қорғау органдарының, соның ішінде, полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар легі толастар емес. «Азаптады», «ұрды-соқты», «тірі кетіп, табытпен оралды», «өлгендердің өзін көрден қазып алып жатыр» деген жантүршігерлік оқиғаларды естіген сайын халықтың да ашу-ызасы үдей түсуде. Алып-қашпа әңгіме мен ақиқаттың аражігін ажырата алмай қалған жұрттың жауап таппай жүрген сұрағы көп. Жазықсыз жапа шегіп жатқандар кім? Кім террорист? Кім бұзақы? Кім бейбіт шеруші?...

 

Жазықсыздар жапа шекпесін

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Құқық қорғаушы ма, қорлаушы ма?

Қаңтар оқиғаларынан кейін адам құқығын аяққа таптап, әділдік пен адам­гершілік дейтін қағидаттарды құн­сыз­дандырып жіберген оқиғалар қо­ғам­да тым көбейіп кеткені ақиқат. Осы­ның барлығын көріп-біліп отырған қо­­ғам­да құқық қорғау органдарына де­ген наразылықтың күшейе түсетіні де тү­сінікті. Қаңтар оқиғасынан кейін ұс­тал­­ғандардың барлығы бірдей кінәсіз деп те кесіп айту қиын. Себебі алаңға шыққандардың арасында бейбіт шеру­шілермен қатар митингті өздерінің арам мақсаттарына пайдаланып кеткен бұзақылар да бар. Бұл екі топтың мүше­лері қамалғандар мен қайтыс бол­ған­дар арасында да бар екені анық. Осылар­дың аражігін ажырату, ақ-қара­сын анықтау – бүгінгі күннің басты мәселесі болып тұр.

Мақаланы дайындау кезінде 44 жас­тағы ұлын бес күн бойы іздеп, ақыр соңы өлігін мәйітханадан тапқан анамен де сөйлескен едік. Талдықорғандық Әлия Әбдірахманова ұлы Алмастың бейбіт шеруге бірінші күні қатысқанын айтты. «Екінші күні оны қамауға алады, алайда ешқандай кінә таппағаннан кейін кешке босатып жібереді. Ал 6 қаңтар күні балам ерікті ретінде алаңға барып, жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға қатысты. 7 қаңтар күні үйде болды, ешқайда шыққан жоқ. 8 қаңтар күні таңертең келінім екеуі дүкендерін (марқұмның шағын көкөніс сататын дүкені болған – авт.) көріп келейік деп сол жаққа шығып кеткен. «Көктем грандтың» маңына келгенде көлігінің дөңгелегі жарылып, тұрып қалады. Сол тұста қай жақтан сау ете түскені белгісіз бірнеше автобус келіп, ішінен 20 шақты әскери киім киген, ішінде азаматтық киімдегі бір адамы бар барлығы ұлыма тарпа бас салған. Келінімнің телефонын жұлып алған. Бет-жүздерін де дұрыс көрсетпеген, аты-жөндерін де айтпаған. «Біз сондай адамдармыз!» деп ұлым мен келінімнің ауыздарын да аштырмаған. Ұлым ешқандай қарсылық көрсетпеген. Оны жерге етбетінен жатқызып қойып, алдымен көлігін тексерген. Алайда ешқандай күдік тудыратын зат таппаған соң келінімді сол жерде қалдырып, өздері ұлымды көлігімен бірге алып кеткен. Сол кеткеннен ұлымды 13 қаңтар күні мәйітханадан бір-ақ таптық. Ұлымды неше күннен бері іздедім... Ешкім ешнәрсе айтпайды, не өлі, не тірі екенін айтпай сандалтты... Қайда барсам да «жоқ-жоқпен» шы­ға­рып салады....», деген ана ұлының осы уа­қыт аралығында нақты қайда болға­нын, кімдердің ұстап, сонша қорлық көрсет­­кенін білмейтінін де жасырмады. «Балам­ның денесінің сау тамтығы қал­ма­ған. Өте қорқынышты! Ойларына келге­нін істеген. Оның бар­лығын әкесі де, ағасы да, достары да көрді ғой... Уххх!».

Өзі қайғыдан қан жұтып отырған анадан әрі қарай бірнәрсе сұрау, анықтап жату да ауыр еді. Бар білгеніміз ұлының өліміне қатысты Алматы облыстық про­ку­ратураға шағым түсіргенімен әзірге ешқандай нақты жауап келмеген. Алмас­тың соңында аңырап анасы, еңсесі езіліп әкесі мен үш баласын қанатының астына басып асыл жары қалды. Бәрінде бір ғана сұрақ. Неге? Не үшін? Жазықсыз жанды осыншалықты азаптап өлтіретіндей «жалдамалы жендеттердің» не бастарына күн туды?

 «Мен қылмыскер        емеспін!»

Полицияның айуандығына куә бол­ғандардың тағы бірі – ақтөбелік Мәр­лен Баймағамбетов. Митингке қатыс­қаны үшін 10 күн тергеу изоляторын­да отырып шыққан азаматтың басы­­нан кешкенін бейжай тыңдау мүм­кін емес. Ақтөбе облысы ПД-нің қыз­мет­­кер­лері оны 8 қаңтар күні ұстап әкет­­кен. «Мен қылмыскер емеспін! Бірақ маған көрсеткен қорлықтары – тап бір халықаралық террориске қол­данатындай азап пен айуандық. Алғашында мені патрульдік көлікпен бір бөлімшеге апа­рып, сол жерде еденге 4 сағаттай етбе­тім­мен жатқызып қойды. Кейіннен маған «сұйытылған газ бекетін өртеп жібер­генсің» деп жала жауып, ұрып-соға бастады. Ұрып жүріп бір әкімшілік хаттамаға қол қойғыз­ды. Шынымды айтсам, ол жерде не жазылғанын да білмеймін», деген ол тергеу кезінде басынан өткерген азаптарын тәптіштеп баяндап берді.

«Қолымыз кісендеулі 50-ге тарта адам екі күн бойы спортзалда түнедік. Қол­дарымыз артқа қайырыла кісендеулі, суық еденде жаттық. Жарытып тамақ та ішкен жоқпыз. Осыншалықты қинай­тындай біз не істедік? Сот өткеннен кейін де бізді осы жерге алып келіп қамап, ойларына келгенін істеді. Ұрып-соғып, электрошокермен қинады. 9 қаңтар күні түнгі 10-дар кезінде спортзалға бір топ полиция келіп қорлық көрсете бастады. Осының барлығын қалай түсіндіруге болады? Мен қылмыскер емеспін ғой. Керісінше біздер үш күн бойы митингтің бейбіт өтуін қадағалап, әкімшілік ғимаратты бүлікші, тонау­шылардан қорғап жүрдік. Алайда бұл жасағандарымыздың бірде-бірі сот кезінде ескерілген жоқ», деген М.Бай­мағамбетов 8 күн бойы Ақтөбедегі бір түзеу мекемесінде ұсталғанын айтады. Бір адамдық аядай бөлмеде үш адам сығылысып жатқан. Бұл мекеменің қатаң режімдегі түзеу мекемесі екенін, мұнда тек ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер ғана ұсталатынын ол кейіннен білген.

Ақтөбе қаласының әкімшілік құ­қық бұзушылықтар жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соты негізі 9 қаңтар күні Мәрлен Баймағамбетовті ӘҚБтК-нің 488-бабының 7-бөлігіне сәйкес кінәлі деп тауып, 15 тәулікке қа­мақ­қа алған. Алайда ол прокурор берген апелляциялық өтініш хаттың негізінде он бірінші күні бостандыққа шығады. «Конституциялық құқығым бұзылды! Ең сорақысы – денсаулығыма зақым келді!» деп әділдік іздеген ақтөбелік азамат қазіргі таңда құзырлы органдарға шағым түсіріп, «Осының барлығына кім жауап береді?» деген сұраққа жауап іздеп жүр. Ал Ақтөбе облыстық прокуратурасына митингтен кейін ұсталып, кейін босатылып шыққан екі адамнан арыз келіп түскен. Қазіргі таңда осы екі арыз бойынша қызметін асыра пайдалану дерегімен полиция қызметкерлерінің үстінен екі қылмыстық іс қозғалған.

 «Аманат» кімнің аманатын арқалап жүр?

«Аманат» – «Қасіретті қаңтардан» кейін заңсыз қудалауға ұшырап, қамау­ға алынғандардың құқығын қорғау мақса­тында құрылған қоғамдық комиссия. Комиссияның құрылуына мұрындық бол­ған белгілі құқық қорғаушы Абзал Құс­пан өзіне хабарласатындардың саны тым көп екенін айтты. Барлығының сұрағаны біреу-ақ – жазықсыз жәбір көрген жақындарына араша түсу.

Бұдан бұрын құқық қорғаушы бейбіт митингке қатысушыларды қудаламау туралы петиция дайындап, кейіннен Қауіп­­сіздік Кеңесіне қоғамдық бақылау, қо­ғам­дық комиссия құру туралы ұсыныс жол­даған болатын. Бұл бастамасын ол «Жергілікті жердегі кейбір шаш ал десе, бас алуға дайын полиция өкіл­дерінің әрекеті халықтың ашу-ызасына тиюде. Мұндай заңсыздыққа шектеу қою керек!» деп түсіндірген еді. Комиссия жұмысын 24 қаңтарда дереу бастап кеткен құқық қорғаушы: «Біз­дің басты мақсатымыз – қаңтар оқиға­ла­рына байланысты ұстал­ғандар мен қамауға алғанғандарға адвокаттар қауым­­­дас­тығы атынан кәсіби көмек ұсы­ну» дейді. «Әрине, адвокаттар былай­ғы күн­дері де азаматтардың заңды құ­қық­­­­тарын қорғайды. Бірақ дәл қазіргі уақыт­та қарапайым халық құқықтық кө­мекке қатты зәру. Алматыда жаппай тәр­­­ті­псіздіктің болғаны ол – факт, алаң­­ға мыңдаған халықтың жиналғаны да баршаға белгілі. Ал қазір кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтау штаттағы тергеушілерге өте үлкен сал­мақ түсіруде. Осыған орай біздер кәсі­би мамандар р­е­тін­де өзіміздің көмек қолымызды со­­зып отырмыз. Бар мақса­ты­мыз осы ға­на!», деген А.Құспан ко­мис­сияның жұ­мыс құрамы енді ғана жасақталып жат­қа­нын да айтты. Қазіргі таңда комиссия құра­мында 8 адам бар. Оның ішінде 4 кәсі­би адвокат, 1 Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің бір мүшесі, Бас прокуратура және ІІМ басшы құрамынан бір-бір адам бар.

«Біз жұмысымызды шұғыл түрде бастап кеттік. Конкурс ұйымдастырып отыруға уақыт тапшы», деген құқық қор­­ғау­шы алдағы уақытта комиссия құра­мының әлі де толыға түсетінін мә­лім­деді. «Біз мемлекеттік орган емес­піз. Бәріміз де жеке өз еркімізбен бас қосқан ынталы топпыз. Қазіргі таңда Алматы қалалық прокуратура, полиция департаменттерімен бірге тізе қосып жұмыс істеп жатырмыз. Тергеу изоляторларына кіріп, қамауда отырған адамдармен кездесу, қылмыстық істермен танысу үшін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Мен осы тұста бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Ақорда, Бас прокуратура мен ІІМ, қоғам белсенділері, лауазым иелері жазықсыз жандардың қосақ арасында кетіп қалмауына мүдделі. Кінәсіздердің заңсыз қудаланбауы үшін олар бізге барлық жағдайды жасап отыр», деген құқық қорғаушы комиссия жұмысының таяу арада өз нәтижесін көрсететініне де сенім білдірді.

Комиссия мүшесі, адвокат Мәди Мырзағараев те тергеуде жүрген азамат­тардың ішінде бейбіт шеруге шық­қанымен қосақтың арасында кетіп қалып, жазықсыз жапа шеккендердің болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. «Біздің басты мақсатымыз – алаңға шық­қанымен арам ойы, қылмыстық пиғылы болмаған, қолына қару алып, өртеу, қи­рату секілді әрекеттерге барма­ған аза­мат­тарға араша түсу», деген адвокат қаңтар оқиғалары еліміз үшін үлкен қасірет екенін де ашық жеткізді.

«Алматы секілді ару қаламызды қа­лай талқандағанын көзіміз көрді. Сол оқиғалар кезінде ғимараттардың тонал­ғаны, өртелгені, күнкөріс көзіне айналып отырған кәсіптерінен халықтың айы­­рыл­ғаны, жазықсыз боздақтардың қаза болғаны анық. Осының барлығын кім­дер жасады? Террористер ме? Экстре­мистер ме? Бұзақылар ма? Өзінің бас пай­­да­­сын күйттеген пайдакүнемдер ж­а­са­ды ма? Әлде, аңғал халықтың алаң­­­ға шық­қанын пайдаланып, өзінің саяси ұ­пайын түгендегісі келгендер ме? Ал­дағы уақытта осы жайттардың ақ-қа­ра­сы ажыратыла жатар. Ал біз­дің дәл қазіргі таңдағы басты әрі жедел мақ­са­тымыз – арам пиғылды аранда­тушылардың арасынан бейбіт шеруге шыққан адал жігіттерді анықтап, олар­ға заңды құқықтық көмек көрсету. Олардың жазықсыз жапа шекпеуін, қосақ арасында кетіп қаламауын, бостан­дыққа шығып, отбасына оралуына жәрдемдесу», дейді ол.

 Қамаудағының бәрін кінәсіз деу – дилетанттық

25 қаңтардан бастап қана жұмыста­рына кірісіп кеткен комиссия денсаулық­тарына байланысты 11 адамды босатуға қол жеткізген. Оның 7-уі тергеу изоляторынан, 4-уі ауруханадан босатылған. Бас шаралары өзгертіліп, бостандыққа шыққан 11 адамның барлығы да Қыл­мыстық кодекстің 272-бабы яғни, жап­­­пай тәртiпсiздiк бойынша тергеуге алынған. Егер олардың осы бапта көрсе­тілген: «Күш қолданумен, қирату­мен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қол­данумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішін­де шетелдік көздерден алын­ған қа­ра­жатты пайдалана отырып жаппай тәр­тiпсiздiктi ұйымдастырғаны» дәлел­денсе, төрт жылдан он жылға дейiн бас бостандығынан айырылар еді. Ал осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жаппай тәртiпсiздiкке қатысса 3-тен 8 жылға дейiнгi мерзiмге, «билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде ба­ғынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақырса», 3 жылға дейiн сотталар еді.

Осы тұста «Қосақ арасында жазасыздар кетіп қалмасын деп жанталасып жүргенде осы сәтті пайдаланып нағыз қылмыскерлер құтылып кетпей ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Біз бұл сұрағымызды «Аманаттың» адвокаты Мәди Мырзағараевке де қойған едік. Қай ел, қандай заман болсын қоғамдық комиссия ешқашан да мемлекеттік, соның ішінде сот органдарының орнын алмастыра алмайтынын айтқан ол: «Әрине, тергеу-тексеру барысында қандай да бір қылмыстық топтардың, содырлардың болғаны анықталса және ол өз дәлелін тапса, олар өздерінің тиісті жазасын алуы керек. Халықтың осындай талап-тілек қойғанын пайдаланып, жеке басын күйттеп кеткендер болған сыңайлы. Біздің міндетіміз тек мемлекеттік, сот, құқық қорғау ор­ган­да­рымен, қоғам белсенділерімен, қоғамдық қозғалыстарымен бірлесе отырып, халықтың арасындағы тарап жатқан ақпараттарды саралап, адвокаттар қауымдастығының қолдауымен қиын жағдайға тап болған жазықсыз, кінәсіз адамдарға көмек беру», деді.

А.Құспан да «Қамауда жатқанның бәрін кінәсіз деп шығару – дилетанттық» екенін баса айтты. «Мен бұл сөзімнен бас тартпаймын. Өйткені арандатушылар қирап-бүлінген, адам шығыны болған Алматы тұрмақ, бір талдың шыбығы сынбаған Оралда да болды. Сондықтан ұсталғандар арасында қылмыс жасағандар болса, олар жазасын алу керек деген пікірімнен танбаймын. Ал біздің комиссияның мақсаты – жазықсыз жандардың қосақ арасында кетіп қалмауына барынша себепкер болу. Одан кейін, кінәсі болсын, болмасын, ауыр дене жарақатын алғандардың бас шарасы өзгертіліп, қамаудан шығарылуы керек», дейді құқық қорғаушы.

Айта кетейік, өз мақсаттарын айқын­дап алған аманаттықтар осы санаулы күннің ішінде Алматыдағы бірнеше тергеу изоляторының камераларын аралап, 200-ге жуық қамауда отырған адаммен кездесіп, емдеуде жатқандардың жағдайын да біліп шыққан. Соның нәтижесінде жазықсыз қамауға алынған тағы төрт адамның бостандыққа шығуы­на ықпал еткен. Олардың екеуі – кәмелет­тік жасқа толмаған жеткіншек.

 Келіп түскен шағым               саны – 109

Ал ІІМ Тергеу департаментінің басшысы, полиция полковнигі Санжар Әділов тергеушілердің қылмыстық іс­тер­ге қатысты барлық шешімі заң талаптарына сәйкес келетінін айтады. «Бұл шешімдердің барлығы қыл­мыс­тық процестің үш буынды моде­лі шеңберінде қабылданады», дейді ол. Оның айтуынша, күдіктіні ұстау, олар­дың іс-әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау секілді негізгі шешімдердің барлығы прокурормен келісіледі. Ал тінту, алу, сараптама үшін үлгілерді алу, бас шарасын санкция­лау сияқты іс жүргізу әрекеттері тергеу соттарының қаулысымен жүргізіледі.

«Қылмысқа күдікті ретінде ұсталған­дардың барлығы алдымен медициналық тексеруден өткізіледі. Осыдан кейін ғана дене жарақаттарын алуының мән-жай­­лары анықтала отырып, уақыт­ша ұстау абақтысына қамалады. Себе­бі тәртіпсіздік орнынан бірден меди­ци­налық мекемелерге жеткізілген кү­дік­тілер де бар», деген ІІМ өкілі ұс­тал­ғандардың барлығы адвокаттармен қамтамасыз етілгенін де жеткізді. «Қажет болса, мемлекет өз қаражаты есебі­нен тегін қорғаушы қызметін ұсынады», дейді полковник.

С.Әділов сондай-ақ полиция қызме­тіне қатысты халықтан келіп түскен әрбір шағымның жіті тексерілетініне назар аударды. Бұл жөнінде ол: «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы және билікті асыра қолдануы туралы әрбір шағымға прокуратура ор­гандарымен қатар ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік бөліністері тексеру жүр­гі­зеді. Ал мұндай деректер бірінші күн­­­нен бастап БАҚ-та жарияланып ке­леді», деді.

ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда арнайы мекемелердегі медицина қызметкерлерінің ұсынымдары бойынша денсаулық жағдайына байланысты бірнеше күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары өзгертіліп, олар күзеттен босатылған.

Ал Бас прокуратура қазіргі таңда жедел тергеу топтарының 2 мыңнан астам қылмыстық істі қарап жатқанын айтады. 1-қызмет бастығының орынба­сары Елдос Қилымжановтың хабар­лауын­ша, бұл істер бойынша 898 күдікті ұстал­ған. Оның ішінде сот санкциясымен 802-сі қамауға алынса, 50 адам үй қамаққа алынған, ал 21-не кепіл, 12-сіне ешқайда кетпеу қолхаты берілген.

Тергеу кезінде заңдылықтың сақта­луына баса мән берілетінін айтқан Е.Қи­лым­жанов прокуратура органдарына құ­қық қорғау қызметкерлеріне қа­тысты 109 шағым келіп түскенін де мә­лімдеді. Бұл арыз-шағымдардың дені тыйым салынған тергеу әдістері, азаматтардың құқықтарын бұзу дерек­те­рі­не қатысты. Оның айтуынша, қазір­гі таңда билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 11 шағым бо­йынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Ал қылмыстық қудалау органдары прокуратураның нұсқауымен 10 қылмыстық істі тіркеді.

ТҮЙІН. Қазақстан – Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға қол қойған мем­лекеттің бірі. Ал халықаралық құжаттың 2-бабында «Қандай да бір соғыс жағдайы немесе соғыс қаупі, ішкі саяси тұрақсыздық немесе кез келген басқа да төтенше жағдай сияқты ерекше жағдайлар азаптаулардың ақтауы бола алмайды» деп жазылған. Яғни кез келген жағдайда, тіпті соғыс, террористік акт кезінде де азаптауға жол берілмеуге тиіс. Ал осы баптың 3-бөлігіне сәйкес «жоғары тұрған бастықтың немесе мемлекет билігінің бұйрығы азаптаулардың ақтауы бола алмайды». Осы құжатты негізге алар болсақ, қаңтардың қанды қасіреті қоюлана түсері анық. Өйткені алаңға ақиқат іздеп барамыз деп, ақыр соңы абақтыда азап көрген азаматтардың саны аз емес...