Бұл құнды жәдігер мұражайға дейін Жаңаарқа ауданындағы Сәкен ауылында Жақып деген кісінің қолында болған. Кісе белбеу − күміспен безендіріліп, қалташалар салынған жалпақ былғары және қайыстан жасалып, екі қабат етіліп тігілген. Таза күмістен жасалған пышағы мен екі басына қапсырма салынған. Онда іліп өткізіп қоятын былғары төртбұрышты қалта бар, оны қару-жараққа немесе басқада қажетті ұсақ-түйектерді салу үшін пайдаланады. Оған қалтамен қосымша оқшантай, кішкене сопақша дорба және пышақ, қанжар салатын қынап тағылады.
Бұрынғы заманда кісе белбеу – адамның әлеуметтік дәрежесін танытып қана қоймай, әдемі бұйым ретінде де той-томалаққа тағып баратын бағалы зат саналды. Адамдар оны барқыттан, оқа жіптермен кестелеп, алтын, маржан тастардан көз салдырып жасатқан.
Қазақы дәстүрде Кісе белбеудің ерекше орны бар, оның жасалуы да сан қырлы болып келеді. Ол бір шебердің туындысы ғана емес, ұлттық болмысымыздың ғажайып келбетін айшықтайды.