Қоғам • 01 Ақпан, 2022

Баспананы жалдау ақысын субсидиялау 70 мың отбасын қамтиды

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отбасы банк жалдау ақысын субсидиялау өтініштерін Baspana market порталында қабылдайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Баспананы жалдау ақысын субсидиялау 70 мың отбасын қамтиды

Отбасы банк қазақстандықтардың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға қатысты онлайн өтінімдерін қабылдау үшін платформаның функционалдығын пысықтауда. Жұмыс барысын автоматтандыру үшін банк 6 мемлекеттік органның 16 дерекқорымен интеграция жасауы қажет. Сондықтан баспананы жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айынан бастап іске қосылады.

Көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады. Алайда үміткерлер тұрғын үй алу кезегінде тұрулары қажет. Олардың әрбір отбасы мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспауы тиіс (2022 ж. 1 КМ – 36 018 теңге). Мұндай отбасыларға көмек ретінде бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа мемлекет 70 мың қазақстандықтың баспананы жалға алу құнының жартысын субсидиялайды.

«Бұл тізімдегілердің дені, 51 мыңға жуығы, көпбалалы отбасылар. Тағы 10 мыңы - 1 және 2 топтағы мүгедек жандар, 7 мыңы - мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар, 2 мыңы - жетім балалар. Енді бұл азаматтар үшін баспана мәселесі аса өткір болмайды. Олар аталмыш бағдарлама арқылы отбасылық бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік алады. Үнемделген қаражатты тұрмысты жақсартуға бағыттауға болады немесе жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына қатысу үшін қаражат жинақтауға да мүмкіндік бар», деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бағдарламаға қатысатын азаматтардың тізімін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалыптастырады. Оны алғаннан кейін Отбасы Банк аталмыш бағыттың операторы ретінде жалдау ақысын субсидиялау мүмкіндігі туралы тізімдегі азаматтарды хабарландырады. Ізінше үміткер банк филиалына келмей-ақ, Baspana market платформасы арқылы онлайн өтініш бере алады. Ол үшін қазақстандықтардың ЭЦҚ кілті болуы қажет.

Өтініш берушінің кірісі платформада тексерілгеннен кейін ол өзіне қолайлы баспана тауып, оны жалға алу шартына онлайн қол қойып, тіркейді. Содан кейін ағымдағы шот ашып, жалға алу құнының 50 пайызын сол жерге аударады.

Банк өз тарапынан қалған 50 пайызын аударып, жалға алушының төлем тәртібін одан әрі қадағалайды. Үміткердің жалдау ақысын субсидиялауға онлайн өтініш беру мүмкіндігі болмаса, ол бұл жұмысты Отбасы банкінің бөлімшесінде өз-өзіне қызмет көрсету аймағында іске асыра алады.