Аймақтар • 01 Ақпан, 2022

Кадрдың қадірін кім кетіреді?

2720 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрын «Кадр бәрін шешеді» деуші еді. Білімді, білікті маманға зор жауап­кершілік жүктелетін. Ал қазір ше? Әсіресе мемлекеттік қызметшілер арасында әлеуметтің түйткілді мәселелерін шешудің орнына кадрдың қадірін кетіріп, өзін – зор, өзгені қор санап жүргендер бар. Дәлел керек пе?

Кадрдың қадірін кім кетіреді?

Жақында облыстық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бірнеше тәртіптік іс қаралып, лауазымды шенеуніктер жазаланды. Соның бірі – Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы. Оның бұған дейін алынбаған тәртіптік жазасы болған. Ол еңбекке уақытша жарамсыз парағын аштырған екен. Бірақ соған қарамастан аудандағы барша мемлекеттік қызметшіге үлгі көрсетер шенеунік қызметтік автокөлігін заңсыз пайдаланған. Мұның бәрі – заңнама талаптарын бұзу. Сол себептен әдеп кеңе­сінің ұйғаруымен аудандық әкімдік ап­паратының басшысын атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізілді.

– Атырау облыстық тексеру комис­сиясының басшысы өзі басқаратын ұжым­да өзара іскерлік қарым-қатынасты орната алмауы салдарынан сынға ілікті. Оған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Атырау қала­лық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағ­дарламалар және азаматтық хал акті­лерін тіркеу бөлімінің басшысына қара­мағындағы қызметкермен қарым-қатынас орнату кезінде дөрекілікке жол бергені үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде шешім қабылданды, – деп хабарлады облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Индер ауданы әкімдігі­нің лауазымды шенеуніктері Есбол ауыл­дық округі әкімінің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын негізсіз алып тастаған. Онымен қоймай, «жақсылық» жасағыш атқамінерлердің округ әкіміне 656 609 теңге көлеміндегі сыйақыны заңсыз бергені анықталды.

Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан болатын заң бұзушылықтарды облыс­тық тексеру комиссиясы да анықта­­ған. Аталған комиссияның мүшесі Аслан Құмаровтың мәліметінше, бірін­­шіден, бюджеттен бөлінген қар­жы мақ­сатсыз жұмсалады. Екінші­ден, еңбек­ақыға қарастырылған қаржы жымқы­ры­лады. Үшіншіден, сатылған жер учас­кесінің қаржысы бюджетке толық түспейді.

– Мәселен, бюджет әкімгерлері тарапынан республикалық қазынадан бө­лінген қаражатты мақсатсыз пайдалану дерегі анықталды. Кейбір басшылар бюджеттің игерілмеуіне байланысты жауапкершіліктен құтылу үшін қулыққа барады. Сөйтіп, қаржыны игеру көрсеткішін 100 пайызға жеткізу мақсатында жалған ақпарат береді. Осылайша, жергілікті бюджеттің шы­ғы­нын республикалық қаржының есе­бінен жабуға тырысады. Бұған бюджет шығыстарын дұрыс жоспарла­мау мен жоспарлаудың формальды болуы ықпал етеді. Тағы бір жиі болатын заң бұзушылық – бюджет қаржысын жым­қыру. Мұндай заңсыз қадамға кө­бінесе есепшілер барады. Осындай заң бұзу­шылық жасаған есепшілер өзінің материалдық жағдайын жақсартуды көз­дейді, – дейді Аслан Құмаров.

Оның айтуынша, былтыр уәкілетті органдарға шара алу үшін жолданған аудит материалдары негізінде 256 әкімшілік іс қозғалған. Соның нәтижесінде 120 жеке және заңды тұлғаға 16 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Тексеру қорытындысымен 138 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы мен есепшісі еңбекақы, іс-шаралалар мен іссапар шығындарына бөлінген бюджет қаражатын өздерінің және туысқандарының банктік картасы­на аударып, 112,8 млн теңгені жымқырға­ны анықталды.

Ал Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округі әкімі аппаратының есеп­шісі қызметкерлердің атымен өзіне тиесілі есепшотқа 18,4 млн теңгені аударып жіберген. Сондай-ақ Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлі­мінің есепшісі спорттық іс-шара мен іссапар­ларға бөлінген қаржыны дәлелді құжаттарсыз, тиісті бұйрықта көрсетілген сомадан артық көлемде аударған. Заңсыз аударылған қаржының көлемі 2,6 млн теңгені құрапты. Атырау қаласындағы №26 «Жұлдыз» балабақшасының есеп­шісі де бюджет қаржысын жеке бай­лығындай оңды-солды шашқан. Сөйтіп, 25,6 млн теңгені құраған бюджет қара­жатын өзінің, тіпті туысқандарының банк­тегі картасына аударып алған.

– Былтыр 31 мелекеттік, 52 квази­мемлекеттік сектор нысандарында тексеру жүргізілді. Ел заңнамасын сақтамау себебінен анықталған бұзу­шы­­лықтардың жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде қар­жылық бұзушылықтар – 742 млн теңге. Бюджеттің 423 млн теңгесі тиімсіз жұм­салған. Ал тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы 1 млрд теңгені құ­рады, – дейді А.Құмаров.

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындататын М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің директоры жемқорлық күдігі­не ілінді. Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мектеп директоры мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адамға те­ңестiрiлген жауапты тұлға бола тұра, пай­дакүнемдік ниетпен ресми құжаттарға көрінеу жалған мәлімет енгізген. Оның қылмыстық ісі Атырау қалалық №2 сотында қаралды.

Сонда мектеп директоры не істеген? Ол 2018 жылғы қыркүйектен былтырғы шілдеге дейін қызметтен босаған және жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге та­бель толтыру, бұйрық шығару ар­қылы белгіленген тәртіппен және куәлан­дырылған ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, бюджет қаражатының негізсіз есептелуіне жол берген. Оның осындай іс-әрекетінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері және мектептің қалыпты жұмысы бұзылып, мемлекеттің заңмен қорғалған мүддесіне 6 099 904 теңге көлемінде зиян келген. Сот отырысында мектеп директорының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, сараптама, аудит қоры­тындыларымен толықтай дәлелденіп отыр.

«Сот актісінде жеңілдететін мән-жай­лар ретінде сотталушының жас бала­сының болуы, кінәсін толық мойындауы мен қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде толық өтегені танылған. Осыған байланысты сот сотталушыға процестік келісімге сай, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырып,
3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Іс бо­йынша азаматтық талап қойылмаған, келтірілген 6 099 904 теңге көлеміндегі за­лал сотқа дейін толық өтелді», деп мә­лім етті облыстық соттың баспасөз қыз­меті.

Міне, әріптестерінің несібесінен жырып, өзінің де, туыстарының да қу құл­қынын толтыруды көздеген пысы­қайлар мемлекеттік қызмет саласын­дағы кадрдың қадірін кетіріп, Әдеп кодексіндегі талаптарды аяқасты етіп отыр. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, Атырауда бюджетті сауын сиырға айналдырып, қаржыны миллион­дап жымқырғандардың заңсыз әрекеті көкейкесті мәселеге айналып барады.

 

Атырау облысы