Коронавирус • 02 Ақпан, 2022

Жұқпалы ауру белең алып барады

327 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің мамандары өңірде жыл басынан бері 586 адамнан COVID-19 анықталып, соңғы тәулік ішінде тұрғындардың індет жұқтыру көрсеткіші 1,23%-ға өскенін мәлімдеді. Әсіресе, Қостанай мен Рудный қалаларында қауіпті індеттің тырнағына ілініп, аурухана төсегіне таңылып жатқандар көп.

Жұқпалы ауру белең алып барады

Өңірде түрлі инфекциялық ауруларға шалдыққан науқас­­тарға арналған 1 350 төсек­тік орын бар. Ал емдеу мекеме­ле­рінде жұқ­палы аурумен келіп түс­­кен 300-ден аса адам жатыр. Об­лыс­та коронавирус жұқтыр­ған нау­қастар жататын 300 ка­ран­тиндік төсектік орын жеке жаб­дықталған. Оқшаудағы емдеу орындарында ПТР-тест қо­ры­тын­дысын күтіп жатқан 42 адам бар.

Облыстық санитарлық-эпи­демиялық бақылау депар­та­мен­тінің бөлім басшысы Гүлім Досы­мованың айтуынша, COVID-19-ға қоса соңғы кез­дері өңірде тез жұғатын түрлі жұқ­­­палы аурулар да белең алып барады.

– Қостанай облысында биыл ЖРВИ-мен ауырғандардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Мә­се­лен, соңғы аптаның ішінде мұндай 5 мыңнан аса науқас тіркеліп отыр. Олардың 60-70 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Суық тигізіп алған нау­қас­тардың бәріне тұмауды таңа беруге болмайды. Алдымен нау­қастың дене қызуын өлшеп, жө­телінің қандай екенін, тама­ғының ісіну ерекшелігін зерттеп, тұмау белгілерін анықтап алу керек. Тұмау жұқтырған адамдар­ға қазіргі науқастар сияқты әрі-бері жүруге болмайды. Міндет­ті түрде жатып емделу керек. Сон­дықтан қазір аурулардың әр­қай­сысын жіті зерттеп, талдап, со­сын барып нақты ем шараларын қабылдау маңызды, – деді Г.Досымова.

Дәрігер-мамандар тұрғын­дарға індетті тежеудің жалғыз жолы вакцина қабылдау екенін қайталап түсіндіруде. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова арнайы баспасөз жиынын өткі­зіп, қайталап екпе алудың аса маңызды екенін тағы айтты.

– Аймақта «Спутник V» бі­рін­ші компонентінің шамамен 292 мың дозасы және екіншісі­нің осынша мөлшері сақтаулы тұр. Соныман қатар 5 мыңға жуық «Спутник-Лайт» дозасы әкелінді. Бұған қоса 400 мың доза QazVac, 65 мың доза Hayat, 28 мың доза CoronaVac және 230 мың Vero Cell вакцинасы бар. Pfizer Comirnaty вакцинасы­ның 112 мың дозасы жеткізілді. Бүгінге дейін облыста 353 065 адам бірінші компонентпен, ал 334 мыңнан аса адам екінші компонентпен вакцина алды. Бұл халықтың шамамен 70%-ына жуықтайды. Сондай-ақ 70 803 адам қайта вакцина қа­былдады, – деді А.Бек­сұлтанова.

Аймақта эпидемиялық ахуал­дың күрделене түсуіне қара­мастан, өңірде шағын және орта бизнес өкілдеріне, Ashyq жо­басына қатысатын өзге де меке­мелерге карантиндік шектеу талаптарының біршама жеңіл­детілгенін де айта кеткен жөн. Мәселен, «көк» мәртебесі бар тұрғындар бұған дейін ірі сауда орындарына демалыс және мереке күндері кіре алмайтын. Енді мұндай сауда нысандарына «көк» те, «жасыл» да жіберілетін болды.

Жалпы, әлемді құрсап таста­ған қауіпті індет басталған екі жылға жуық уақыт ішінде облыста COVID-19 жұқтырған 48 мыңға жуық адам анықталып, оның 42 мыңнан астамы емделіп шыққан.

 

Қостанай облысы