Қоғам • 02 Ақпан, 2022

Қазақстанда тұтынушылар шағымдарының саны өсті

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Сауда және интеграция министрлігінде өмір сапасының жаңа ұлттық стандарттарын әзірлеу талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда тұтынушылар шағымдарының саны өсті

ҚР Сауда және интеграция министрлігінде министр Бақыт Сұлтановтың басшылығымен аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігі қарастырылды, осы мәселе бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков баяндама жасап, халықтың өмір сүру сапасын арттыру тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесімен тығыз байланысты екенін, олардан келіп түсетін шағымдар саны жыл сайын артып келе жатқанын мәлімдеді. Келтірілген деректер статистикаға негізделген. Мәселен, 2020 жылы шамамен 21 мың адамның шағымы қаралды. 2021 жылы олардың саны 25,2 мыңға дейін өсті, яғни өсім 120,5%-ды құрады.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға 363 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Ең көп шағым түсетін экономиканың ең проблемалы салалары: бөлшек сауда (55,3%), тұрмыстық қызметтер (15,2%), электрондық сауда (5,3%), ТКШ(4,3%), авиатасымалдар (1,8%)», деп түсіндірді Асқар Тынысбеков.

Тұтынушылық шағымдардың өсу жағдайы бизнестің өз міндеттерін бұзғанын, ал тұтынушылар құқығының қорғалуы төмен деңгейде  екенін көрсететді.

Мұның бәрін 2021 жылы жүргізілген социологиялық сауалнаманың нәтижелері дәлелдейді.

20 мың респонденттің 42%-ы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң нормаларын қолданбайды деп жауап берді. 5%-ы мұндай заңның бар екенін білмейді. Сұралғандардың 45%-ы мүдделері бұзылған жағдайда мемлекеттік органдардан көмек сұраған жоқ. 14%-ы тұтынушылық құқықтарға сәйкес жағдай туралы сұраққа жауап беруге қиналды.

Әлеуметтік сауалнаманың қорытындылары ел тұрғындарының медицина саласында қызмет көрсетуге - 26,5%, интернет-провайдерлерге - 26,4%, қалалық қоғамдық көлікке - 21% қанағаттанбайтындығын көрсетті.