Додаға түсіп, жеңімпаздар қатарынан көрінген 150 оқытушы жылдың үздіктері атанды. Салтанатты шарада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, үздік оқытушыларға жұмыстары үшін алғыс білдіріп, табыс тіледі.
«Осы маңызды байқаудың жеңімпазын жаңа табыстарымен құттықтаймын! Биыл келіп түскен жұмыстардың сапасы әлдеқайда жоғары болды әрі орташа көрсеткіш 15-20 балға өсті. Бұл оқытушылар құрамы мен жалпы білім беру сапасының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша да жақсы динамика бар. Елімізде жақсы сапа көрсететін жоғары оқу орындары көп. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек. Бүгінде мемлекет білім беру сапасын арттыру, ғылымды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде», деді министр.
Осы байқауда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның 25 оқытушысы оқу ордасының білім беру және ғылыми бағдарламалары мен жобаларының жоғары деңгейін дәлелдеп, үздіктер қатарынан көрінді. Білім ордасының Химия және химиялық технологиялар факультетінің аға оқытушысы Насиба Байматова қуанышты сәтпен бөлісе келіп, «Оқытушы рөлін талдай келе, қоғам алдында жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершіліктің жоғары екенін ұғынасың. Осы мамандықты таңдағанда студенттерді оқыту ғана емес, өзіңді дамыту және жетілдіру жұмысы тұрғанын нақты түсіндім. «ЖОО үздік оқытушысы» сыйлығы біздің мамандығымыздың маңызын көрсетеді және ғылыми-педагогикалық қызметті жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді», деп атап өтті.
Марапаттау барысында жүлдегерлерге арнайы төсбелгі тапсырылып, әрқайсысына 6 млн теңгеден сыйақы берілді.
АЛМАТЫ