Әдебиет • 06 Ақпан, 2022

«Құлағынан қан аққан құлын дене...»

336 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауыл құралайдың салқыны өтісі­мен жапа-тармағай бие байлайтын. «Құралай өтсін, құлындар қа­ра­құлақтансын» деп отыратын үл­кендер. Кейде «қарақұлақтанып қал­ған екен» деп мамыр туысымен бай­лап жіберетін. Құралайдың сал­қынымен қабаттасып та байлайтын жылдары болатын. Суық, салқын уақыт қой бұл. Жаңбырлатып басталып, арты қарға ұласатын. Құралайда киіктер лақтап, лағын өргізеді дейтін. Бөкендер бір уақытта лақтайды екен де, құралайлары жата-жата қалатын болса керек.

«Құлағынан қан аққан құлын дене...»

Сосын бір мезетте дүркіреп алып жө­не­леді екен ғой үлкен киіктер. Сонда суық­пен шираған құралайлардың еруге жара­ғаны ғана дүрмекке ілесетін көрінеді де, әлжуаздары қалып қоятыны айтылады. Олар туысымен табиғи сұрып осылай басталатынын біз қайдан білейік. Осы құралайдың салқынының өзі қазақтың ай амалдарының біріне жататынын да кейінірек кітаптардан білдік. Біздің ауылда биені құралайда алас-күлес байлайтынын айтатын себебіміз – Есенғали Раушановтың «Амал деген айыңыз...» атты өлеңі.

«Амал деген айыңыз – жаңбырлы ай бұл,

Жаңбырлы ай бұл – жылаулы

тағдырдай бір.

Мен риза жылаулы тағдырыма,

Өтіп жатқан шөлімді қандырмай бір.

Амал деген айыңыз – мына келген,

Күн қабағын ашар ма сұрағанмен,

Жаңбыр кешіп жүгірген балалық-ай,

Құлыншақтай құлдырлап құба белден».

Амал күтпейді сені. Буыны қатпаған жас баласың ба, сәбисің бе қарамайды. Жаң­бырсыз, қарсыз, суықсыз амал жоқ қазақ да­ла­сында. Жаңағы киіктер лағын өргізген сияқты бір мезетте дүркіреп, күркіреп өте шығады. Жетіліп туған құралайдай іліксең – іліктің, ілікпесең – қалдың. Сол амалдың бірінде панасыз далада туған құлыншақтар ауылға алғаш келген. Үстіне енесінің шуы­нан басқа тимеген жас құлындар қандай сұлу, қандай аяулы. Енесінің жанына ереді де жүреді, көрінген шыбыннан үркіп қалатын пәк бейне. Ол амалдың аямасын білмейді ғой. Бәлкім амалдың өзі табиғаттың төліне жаудырған көз жасы шығар. Ширығып өссін, ширап тусын деген. Ал құлындар ене­сі­нің арқасында, үйірдегі сақа биелердің арқасында білмейді ауыртпалықтың не екенін. Ақын өзінің алаңсыз балалығын да сол құлындарға теңейді. «Жаңбыр ке­шіп жүгірген балалық-ай, Құлыншақтай құл­дырлап құба белден» дейді. Құлын арқылы өзін айтады.

Көп жылқымен даладан алғаш келген әлгіндей құлындарды шыңғыртып ұстайды ғой жуан қолдар. Және жылқының жасы, кәрісі болсын, ең әлсіз, ең жанды жері құ­лақтан басады. Мұндайдың не екенін білмей­тін құлын шыңғырып өліп кете жаздайды. Ауыл үшін, үлкендер үшін кәдімгідей үйреншікті іс болғанымен, сыртынан қарап тұрған періште, бала жүрекке шаншудай қадалуы бек мүмкін. Дүлей күшпен құлақтан ұстап тұқыртқаны өз алдына, ноқталап байлап тастайды құлындарды. Сөйтіп еркінен, қалауынан айырады. Бой бермей енді құтылам ғой деп сыртқа шапшығанымен, байлау ұстап қалады. Атқып барып, гүрс етіп құлайды. Басын жерге соғады, ышқынады, қайта тулағанмен, босай алмайды байлаудан. Ақын үшін бұдан азапты көрініс жоқ шығар. Онысы аздай кешінде құлақтан басып тұрып, ен салып жібереді ғой. Жанын жаралағаны аздай тәнінің бір бөлшегін кесіп алады. Етінен ет кесіп алғанға төзе қоятындай, есейген мал емес, жас құлын. Елестетіп көріңіз, құлақтан қан шапшиды, тән ішінде оны сезген жан шапшиды, тастап кетем жалғанды деп. Ешқайда тастап кете алмайды, бірақ...

Қазақ құлындарға ен-таңбаны күн ысымай тұрып, амал кезінде әдейі салады. Басқа уа­қытта ен салса шыбын қонып, құрттап, әу­реге түсуі мүмкін. Сондықтан көктемде құралайдың кезінде немесе жаздың ыстығы қайта, бие ағытарда боқыраудың тұсында ен салып жібереді. Бұрын көрінген шыбыннан үркетін жан енді саулаған өз қанынан шошығанда, шыбын жаны шығарға шақ қалғаны да құлынның. Қазақ ауылындағы кәдімгі көрініс.

«Иен дала жаңбырмен жуынғанда,

Ен салатын ауылда құлындарға.

Құлағынан қан саулап қасқа құлын,

Дірілдейді, қорқады қыбырларға.

Құлағынан қан аққан құлын дене,

Кетпей қойды көзімнен бүгін неге.

Кісінейтін сияқты қыр астында ол,

Сатырлаған нөсердің үнін бөле»  

Жылқының жылағанын көрсеңіз, жақсы түсінер едіңіз. Тұп-тұнық көзден моншақтап жас үзілгенде, шаққа қаласың. Бәрін айтады сол жаспен. Жазықсыз, шарасыз жанның жасы. Оны көрген соң ештеңе айтудың керегі болмай қалады. Жануардың алдында кішірейіп, кешірім сұрайсың. Неге екенін өзің де білмейсің, бірақ. «Жылқыда тіл ғана жоқ» дейтін үлкендердің сөзі сонда ғана еске түседі. Ақын осы құбылысты одан да тереңірек түйсіндіріп, өз жанымен параллель ұсынады. Бұл жерде «құлағынан қан аққан құлын дене» мен ақын – бір жаратылыс. 

«Осы менің тағдырым неге бұлай,

Көз алдыма кіл жетім келеді ұдай,

Өңірімде шынымен аз болды ма,

Өрен жүйрік, шоң мен би, өрелі бай?

Көз алдымда сай-сайдан өрген елес,

Көш, көш бұлт, елесті өңгере көш.

Не бар сонша бүлінген – амал келді.

Амал келіп жылап тұр – ол мен емес,

Жылай берсін!»

Ал амал туралы әңгіме бөлек. Ол бізден баяғыда озып кеткен...