Қазақстан • 06 Ақпан, 2022

Ұлтының ар-ұяты бола білді

342 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әбекеңнің өмірден өткенін төбемізден жай түскендей болды деп айта алмаймыз. Өйткені бұл кісі бір жыл­­дың төңірегінде қатты нау­қастанып жатты. Ең соңғы рет барғанымда тіпті шүй­кедей болып қалған. Жатын бөлмесінен коляскамен алып шыққанда, жас бала сияқты болып қалғанын көр­дім. Сонда менің көзімнен жас шығып кетті. Қандай Әбе­кең еді.

Ұлтының ар-ұяты бола білді

Көрмегелі үш-төрт ай болып еді, мені көріп ол кісінің де көзінен жас шықты. Содан кейін мен көзімнің жасын білдірмес үшін жас бала сияқты қылып корридорда коляскамен әрлі-бері қыдыртқан болып барып, қасына отырып әңгімелестік. Құлағы естімей қалған, та­мақты қасықпен аузына салып ішкізді.

Бір кездері қандай Әбе­кең еді деп бәрі көз алдыма елестеді. Бұл ұзақ әң­гіме, сезімнің сөзі. Ал енді Әбе­кеңнің қазақ әдебиетіндегі, қазақ халқындағы рөлін, қандай орын алатынын айтып жа­тудың өзі артық. Сол сияқ­ты Әбекең біз үшін сон­дай тұлға еді. Ол кісі біз­дің қорғанышымыз бол­ды. Ұлттың мүддесін қыз­ғыштай қорғаумен өтті. «Ана тілім ертең өлер болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» дей­тін Расул Ғамзатовтың сөзін жадына сақтады. На­ғыз ұлтжанды, ұлтын, тілін сүй­ген адам еді. Тілін сүй­ген­діктің арқасы емес пе? Ол әр шы­ғармадағы ағат кеткен бір сөздің өзіне қадалып, шұқ­шиып отыратын. Өзінің романдарын қайта-қайта өң­деуден жалықпайтын. «Қан мен тердің» он жетінші нұс­қасын жасадым» деп айтып отырғанда, мен сәл рен­жіп: «Әбеке, одан гөрі жаңа шы­ғарма жазбайсыз ба? «Қан мен тердің» он жетінші нұсқасын оқитын адам бар ма, жоқ па қайдан білесіз?» деп едім, бірақ ол кісіні алған бетінен қайтара алмайсың. Әр жеріне лайықты сөз қосып отыратын. «Бұл баяғыда жазылған шығарма ғой» деуші еді.

«Соңғы парызды» қанша ұзақ жазды. Бұл кісі ұзақ жазады, жұрт сияқты бір шығар­маны бітіре салып, екінші шығармаға кіріс­пей­тін. Әсіресе аудар­маға қан­шалықты көңіл бөл­ді, жер-жебірімізге жетіп ұр­сатын да сол Әбекең еді. «Сендер шығармаларыңды орыс тіліне аударуға беріп, аударлығанына мәз болып қана жүресіңдер, ал әдебиетте, сөз өнерінде бір сөздің өзі көп нәрсені шешіп кететінін неге білмейсіңдер? Бір сөз шығарманың құ­нын арттырса, орынсыз бір сөз шығарманың бәсін тү­сіреді. Сендер осыған мән бермейсіңдер», деп кездескен сайын айтатын.

Қазақ елінің абыройы, ары, ұяты осы Әбекең еді ғой. Қайсы қырын айтайық, ол шығармаларымен қазақ әдебиетін әлемге танытып кетті. Ұлылардың соң­ғы сар­қыны, соңғы тұл­ғасы О дүниеге кетті. Мұх­тар Әуе­зов, Сәбит Мұқа­нов­тар­мен бірге жүрген тұл­ғадан айы­рылып қалдық. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құла­ғанын» деген өлеңі бар, сол сияқты мен де бүгін ұзын қайың ғана емес, алып емен­­нің құлағанын естіп, же­тімсіреп қалдым. Бұлай дей­тін себебім, ол кісі телефон соққан сайын «Әй, бала» деуші еді, «тапқан екенсіз, жетпістен асқан адамды бала дегеніңіз қалай?» дейтінмін. Енді олай айтатын адам жоқ.

Ол кісі әр шығарманы оқы­ғанда, қолына қызыл, көк қарындаш алып оқушы еді, менің соңғы жазған шығармам «Бөртені» ауырып жатқанына қарамай, бір күннің ішінде оқып шықты. Ол кісі оқыған нұсқасын сақтап қойдым. Белгі салмаған бір бет жоқ. Ең соңында өзінің пікірін орысша жазыпты. Оны ай­тып жатудың қажеті жоқ. Со­ңында: «Әй, бала, жылаттың ғой», деп қазақша бір сөйлем қосыпты.

Ол ана тілінің қорғаушысы бола білді. Жұрттың есінде бар шығар, Горбачев Алма­тыға келгенде Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде жатқан Әбекеңді шақырып алды, ол кісі сол күні ұшып келді де, ер­тесінде жиналысқа қа­тысып, өте керемет баяндама жасағаны әлі есімізде.

Сол кезде Әбекең өзінің сөзін оқып отырғанда Гор­бачев қасындағы біреумен сыбыр­ласа бастағанда Әбекең мой­нын бұрып: «Михаил Сер­геевич, я эта слово говорю вам», деп састырып тас­тап еді. Әсіресе 1986 жылы жұрт кімнің кінәлі, кімнің ж­а­зықсыз екенін білмей, «бұ­ны ұйымдастырған кім?» деп біздің жастарымызға жа­ла жауып, қаулы қабылдап, «Қазақ ұлтшылдығы» дегенді тауып, сөйтіп жатқан қиын кезде Әбекең «Известия» газетіне үлкен мақала жазды. Сол мақаладан кейін жалпы жұрттың пікірі өзгерді. Әбекеңнен басқа адамның ма­қаласы болса, газет те оны баспас еді. Бүкіл Одақта Нұр­­пейісов деген атақ-даң­қы бар, өзі Москваның жа­зушыларымен араласып тұратын болғандықтан, бұл мақа­ланың салмағы жақсы болды. Сол мақала бүкіл Одақ­қа, орыс­тардың өзіне көп­теген мә­селені түсіндірді.

Қазақ қаламгерлерінің көбі қол жеткізе алмаған нәрсеге Нұрпейісовтің қолы жетті. Атақ­ты «Роман газета» дегенге біздің әде­биет­тен тұңғыш рет «Қан мен тер» романы басылды. Мен Колумбияда болған кезімде бір оқиға бол­ды. Олар Қазақстан деген елді естіп те көрмепті. Сонда бір адам ке­ліп, орысша сөй­лесті. Сол кісі: «Әбдіжәміл Нұр­пейісов қан­дай жаңа шығарма жазды?» дегенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Біздің атақты жазушымызды Колумбиядағы біреудің сұрағаны қандай ба­­қыт. Әбекең кім дегенде, ол кісі менің ұстазым, қамқор­шым, арқасүйер ағам, заман­да­сым, кейде құрдасым болды.

Зейнолла Қабдолов «Суырылмайтын қазық» деп ат қойып еді. Негізінде ол кісі біреуді жақсы көрсе, жек көрсе пікірін еш уақытта өзгертпейтін. Әр жағынан өзінің пікірі бар адам болды. Ендігі біздің міндетіміз – ол кісінің мінезі, кісілігі мен кішілігі жайлы өткір зерт­теулер мен мақалалар жазу. Ұнатпаған кезінде өңме­нің­нен өтердей күшті жанары бар еді. «Не айтып отыр­сың?», «Бұл жазу­шы айта­тын сөз бе?», «Шын­ды­ғың қайда?» дейтін. Қалай бол­ғанда да, ол кісі ұлттың қор­ғанышы, абызы бола білді. Мұхтар Әуезовтің шеберлігі жайлы аузынан тас­тамай жүретін, енді өзі де сол кісі­лердің қатарына, солар­мен сырласуға кетті.

Қадірлі Әбеке, еліңіздің алдында бір адамға ғана емес, бірнеше адамға тән пары­зыңызды өтедіңіз, арамыз­дан абыроймен аттандыңыз. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Халқыңыз сізді ешқашан ұмытпайды.

Қош болыңыз!

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты