Тағдыры оңай болған жоқ. Аштықтың, қуғын-сүргіннің куәсі болды, бұғанасы бекімей жатып қолына қару ұстап, майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Өйткені Әбе тектілердің тұяғы, ата-бабалары ту ұстаған батыр, сөз ұстаған би болған. Сондықтан қасиетті тіліміз бен жерімізді даулағанда аузы дуалы ақсақал, данагөй қария алға шыққан жоқ па? Ұлы Абайдың жолымен кертартпалықты, озбырлықты, тоғышар пысықайлықты, әлеуметтік әумесерлікті, даңғойлық пен даңғазалықты сынап, шын намысты ширатып, қолымызға әзер қонған азаттық құсын қызғыштай қорғаған Әбенің ерлігі мен еңбегін қалай ұмытамыз? Әбе 95 жасқа толғанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Алматыға арнайы келіп «Енді ғасырлық мерейтойыңызда кездесейік» деген тілекпен бірге «Еңбек Ерінің» алтын жұлдызын төсіне тағып еді. Амал не, Алланың әміріне қарсы шығу мүмкін емес. Бірақ біз бүгін Алла тағалаға өкпе айту үшін емес, қазақ халқына осындай тұлғаны сыйлағаны үшін рахмет айтуға жиналдық. Жаныңыз жанатқа самғағанмен, сөзіңіз, ойыңыз, пікіріңіз ақ қағаздың бетінде, қара жердің үстінде қалып барады ғой, аяулы Әбе! Соларды өзіңіздей, Көзіңіздей көріп, әлі талай сырласармыз, мәслихаттасармыз! Өйткені алар асуларымыз қиындап барады. Шығар шыңдарымыз биіктеп барады. Қатарларымыз сиреп барады. Қалғандарымыздың ендігі жерде айтысып-тартысып жүруге қақымыз жоқ болса керек, рухани жаңғыруға рухани бірлікпен жетуіміз қажет болып тұр. Абыз ағамыздың қазасы осындайда кешегі ызғарлы қаңтардан кейін елді бірлікке шақырғандай болып көрінеді. Ендігі түскен ақ жол бір-бірімізге әрі сергек, әрі әділ болуды талап етеді! Осы бір ұйытқылы істе Әбенің рухы бізбен мәңгі бірге!
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері