Қазақстан • 06 Ақпан, 2022

Жаңа Қазақстанның басты принципі әділеттілік болуға тиіс

3914 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Бейбіт шерулермен басталып, ақыры қантөгіспен аяқталған «Қасі­рет­ті қаңтар» қоғамда жылдар бойы қордаланған кемшіліктерді, өзек­ті мәселелерді ашып көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте сөйлеген сөзінде «Халқымыз үшін тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық», деп үндеу тас­­тағаны белгілі. Осы орайда, Президент айтқан жаңа Қазақстан қан­­дай болуы керек? Еліміз дамудың қандай бағытын ұстанғаны жөн? То­ғы­зыншы территорияның қауіпсіздігін нықтап, халықтың әл-ауқа­тын қалай көтереміз? Осы және өзге де сұрақтардың жауа­бын білу мақ­сатында дөңгелек үстел ұйымдастырған едік. Оған сая­сат­тану­шы-әлеуметтанушы Серік Бейсембаев, білім беру маман­дығы бо­йын­ша PhD Лаура Қарабасова, әлеуметтанушы Исатай Мин­уаров, қаржыгер Жасұлан Кушебаев секілді сарапшылар қатысты.

Жаңа Қазақстанның басты принципі әділеттілік болуға тиіс

– Бірінші сауалымызды «Жаңа Қазақ­стан қандай болуы керек?» деген жалпылама сұрақтан бастасақ.

Лаура Қарабасова:

– Білім саласына қатысты айтатын болсам, біріншіден, ака­демиялық адалдық қағидаттары басты құндылыққа айналуы керек. Профессор Дүйшөн Шаматов «академиялық адалдық дегеніміз ешкім қарап, бақылап тұр­маса да, дұрыс істер жасау», деген еді. Сондықтан жаңа Қазақстанда әр бас­шы, әр маман, әр адам өз ісіне адал болуы керек. Сонымен бірге кез келген сала­да Президент айтқан меритократия прин­циптері, яғни әділдік қағидаттары сақ­тал­ғаны өте маңызды. Екіншіден, шешім қабылдау және қоғамдық пікір қалып­тастыру процестерін­де ғалымдар мен са­рап­шылар пікірі, ғылыми зерттеу нәти­желері көбірек қолданылса деймін. Ол үшін ғылыми әлеуетті көтеру және сарапшыларымызға конструктивті пікір біл­діру плат­формаларын ұсыну маңызды.

Азаматтарымыздың сыни ойлау қабі­летін қалыптастыру мәселесін ерекше атап өту керек. Себебі төтенше жағдай кезін­де жалған ақпарат көбейіп, инфодемия  орын алса, қоғамда алауыздық пайда бо­лып, ахуал қиындайды. Сол себепті мек­теп қабырғасынан бастап сыни тұрғы­дан ойлау, талдау және бірнеше ақпарат көзі­нен алынған мәліметтерді қорытып, прак­тикалық қажеттілікке қолдану дағды­ларын дамыту қажет. Батыс елдерінде оқушылар ақпаратты, мәтінді түсініп, талдауға ертеден машықтанады.

Серік Бейсембаев:

– Жаңа Қазақ­­стан­да автори­тарлық саяси жүйе емес, демо­кра­тиялық саяси жүйе басым­дық алуы қажет. Мен үшін бұл – жаңа Қазақ­­стандағы ең маңызды көрсеткіш һәм фактор. Тар­қатып айтсақ, билік уақ­т­ы­лы ауысып, әділ сайлау өткізілуге тиіс. Бұл бірін­ші­ден. Екіншіден, заң үс­тем­­дігі шын мә­ні­сінде орнауы қажет. Яғни адамның дәре­жесіне, лауазымына қара­ма­стан, заң талап­тары бәріне бірдей болуы керек.

Елдегі сөз бостандығы мен митинг өткізу ер­кіндігі де маңызды. Сондай-ақ қо­ғам­дық ұйым­дардың жұмысына шек­теу­дің азайғаны жөн. Жалпы, мемле­кет­тік емес ұйымдардан бө­лек, жалпы қоғам­дық бірлестіктерге қа­тыс­ты заңды түрде шектеулер өте көп. Солар қай­та қа­р­а­лып, азаматтық қоғамның дамуы­на мүм­кіндіктің берілуі де өзекті фактор. Сая­­си партияларға да қатысты түрлі шек­теу­ді алып тастауымыз керек. Менің­ше, жаңа Қа­зақ­станның ең басты алғы­шарттары осылар.

Жасұлан Кушебаев:

– Жаңа Қазақ­станға жаңа экономикалық саясат қажет. Оның ішінде өндіруге, өнеркәсіпке басымдық берген жөн. Бірінші кезекте күнделікті тұтынатын тауарлар өн­діруді қолға алу керек. Статистикаға сүйенсек, ха­­лық­­тың табысының 70 пайызы күн­де­­лікті тұтынатын тауарларға жұмса­ла­ды. Өкінішке қарай, Қазақстанда осындай өнімдердің басым бөлігі импорттық тауар­лар. Сәйкесінше, табысымыздың қо­мақ­­ты бөлігі шетелге кетіп жатыр. Осы­­­лайша, елдегі экономикада ақша ай­на­­лы­­мы азаяды. Мұндай тығырықтан шы­­ға­­тын жалғыз жол – өндіруге басым­дық беру. Азық-түлікке, ауыл шаруа­шы­лы­­ғы­­на, жеңіл өнеркәсіп, киім өнеркә­сібі­­н­е көңіл бөлу керек. Егер күн­делікті тұ­ты­­натын тауарларымыздың бә­рін өзі­міз шы­ғарсақ, қаржыны елде сақ­тап қала­мыз. Тиі­сінше, халықтың тұр­мы­сы да жақ­сарады, мемлекеттік қазына да ортаймайды.

Исатай Минуаров:

– Кедейлікпен, әлеу­меттік теңсіздік­пен күрес және ба­с­қа да өте маңызды мәсе­ле­лерден бө­лек, Қа­зақ­стан білім саласы­на да үл­кен назар аударуы керек. Білім са­ласы­на құ­­йыл­­­­ған ин­вестиция қоғам­ды әлеу­мет­­тік апат­­тар­дан сақтап, дамуға жете­лей­­ді. Ин­­вес­т­и­цияны тиімді пайда­ла­ну да өте ма­­ңыз­ды. Әрине, білім беру сала­сында Қа­зақ­­с­тан өзге елдер қызыға қарай­тын­дай т­а­быс­тарға жетті. «Болашақ» бағдар­ла­масы – ерекше айтуға тұрарлық үлкен жоба.

Жалпы, білім беру саласы бюд­жеттік шығыстардың ең басты басымдығы болуы қажет. Мем­лекеттік бюджеттің білім сала­сына жұмсалатын үлесі ел­дегі ішкі жалпы өнімнің 4,5 пайы­зын құрай­ды. Бұл көрсеткіш Эконо­ми­калық ынты­мақ­тастық және даму ұйымына кіре­тін елдердің көрсеткішімен теңесіп қал­ды. 2025 жылға қарай білім саласын қаржы­ландыру ішкі жалпы өнімнің 7 пайызын құрамақ. Бұл – дұрыс қадам.

Қаржыландыруды көбейту «көп ақша бере салу» қағидасымен жүзеге аспауға тиіс. Қаржы үш ауысымда оқитын және апаттық жағдайдағы мектептер проблемасын, материалдық жабдықтау мәселесін шешіп, мұғалім маман­дығының беделін арттыруға жұмсалуы қажет. Білім сапасы тек материалдық инфрақұрылымға және мұғалімдердің жалақысына ғана байланыс­ты емес. Сонымен қатар білім беру сапасы оқыту процесін ұйымдастыру мен технологиясына және педагогтердің  біліктілік деңгейіне де қатысты.

Оқушыларға жүктелген сал­мақты азайту, оны неғұрлым кә­сіп­­ке негізделген пән­дерді ен­гізу, кәсіби бағдарлау курс­тарын ашу – осы бастамалардың алғы­шарты. Керек емес пәндерді алып тас­тау да маңызды. Мектепте оқу­шыларға өздері­нің әлеуетін анықтауға және оны дамытуға бағытталған бағдарлама әзір­ленуі қажет. Әрине, білім саласы орта білім­мен шектеліп қалмайды. Қазақ­стандық білім жүйесіне қағаз жүзінде емес, іс жүзінде реформа жасалса, алдағы уақыт­та бәсекеге қабілетті азаматтар саны одан әрі көбейе түсетіні сөзсіз.

– Президент 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде реформа жасау қажет­тігін айтты. Осы орайда біздегі білім жүйесін қалай өзгерткен дұрыс?

Лаура Қарабасова:

– Білім сала­сын­да соңғы үш  жылда жүйелі өзге­ріс­тер жү­зеге асырылып келеді. Универ­си­тет­­тер­ге академиялық және қар­жы­лық ав­­то­но­мияның берілуін, корпора­тив­тік бас­қа­ру жүйесінің енгізілуін, шешім қа­был­дау процестерінің алқа­лық прин­циптерге бағытталуын, ғы­лым­ды қар­жы­­лан­дыру тетіктері­нің жетіл­ді­рі­луін, жас ға­лым­дарға арналған бағ­­дар­ла­ма­лар­ды және оқытушылар жалақы­сының көте­рі­луін атап өтер едім. Әрине, білім сала­сын­­дағы трансформациялар уақытты және мол ресурс­тарды талап етеді. Ең бас­­­ты­сы, өзгерістер тұрақты және жү­йелі болуы керек. Одан бөлек, кез келген ре­­­фор­­маның нәтижесі оны жүзеге асы­ра­­­тын кадрлардың біліктілі­гіне тәуел­ді. Сол се­бепті егер басшылар мен оқыту­шы­­­лар­­­дың жиі тағылымдамадан өтіп, кәсі­би бі­­л­ік­­тілігін арттыруына мүм­кіндік беріл­се, оң өз­герістерге мүдделілер қатары көбейер еді.

Жылдан-жылға ғалым-профес­сор­лар­дың мәртебесі өсіп, жағдайы жақсаруы керек деп есептеймін. Мем­лекет басшысы жоғары білім­нің қолжетімділігін және түлек­тердің еңбек нарығындағы мүм­кін­дік­терін арттыру жөнінде өте орын­ды айтты. Сондықтан алдымызда жоғары оқу орындарына әлеуметтік қорғалмаған санаттағы жас­тар­ға көбірек жеңілдіктер мен гранттар қарастыру және білім беру бағдарламаларының маз­мұ­­нын жаңарту арқылы еңбек на­ры­ғымен байланысты күшейту міндеттері тұр.

– Мемлекет басшысы Үкімет­ке техни­ка­лық ма­ман­­дық­тар­ға басым­дық беруді тапсырды. «Болашақ» стипендиясының да бағытын өзгертуді ұсынды. Сіздіңше, қай елдің білім саласына қарап бет түзеген дұрыс? Нақты қандай мамандар елімізде жетіспейді?

Лаура Қарабасова:

– Жалпы, ғылыми-техникалық жетіс­тіктері бар, индустриямен байланысы мық­ты және әлемдік инновациялық дамуға жол ашып, серпіліс жасап отырған университеттерде техникалық бағытта сапалы білім алуға еліміз жағдай жасап отыр. Жастар осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланғаны жөн. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасы бойынша жаңа оқу орындарының тізімге қосылуы мүмкіндіктерді кеңейтеді. Ал сапа талаптары жоғары шетелдік университет филиалдарын ашу, түрлі серіктестік модельдерін енгізу – ішкі әлеуетімізді дамытуда аса маңызды әрі ұзақ мерзімде тиімділігін көрсететін қадам.

Мамандардың жетіспеуін анықтау үшін нақты зерттеу-сараптау жұмыс­тары жүзеге асырылуы керек. Кәсіп­орын­дар жаңа форматтағы мамандарды қабыл­дауға және олардың интеллек­туалдық және материалдық сұраныстарын қана­ғат­тандыруға қаншалықты дайын? Ма­мандарды даярлаумен қатар, қазақ­стандық еңбек нарығы да әлемдік стан­дарт­­тар­ға сай бой түзеп, жоғары оқу орын­дары­на нақты тапсырыс беріп, қол­дап отырса, бұл бәсекеге қабілетті маманды ғана даяр­лап қана қоймай, бәсекеге қабі­летті жаңа Қазақстанды құрудың басты алғы­шарттарының пайда болуына жол ашады.

– Президент өз сөзінде алдағы қыр­күйекте саяси реформалар пакетін жария­лайтынын айтты. Осы орайда, елімізде саяси реформа бағыты қандай болу қажет деп есептейсіз?

Серік Бейсембаев:

– Саяси реформалар пакетін қыр­күйекке ысырып қоймай, қазірден бас­тап оны жүзеге асыруға кірісу керек. Себебі күзге дейін жарты жыл уақыт бар. Осы аралықта эконо­ми­калық, әлеумет­тік дағдарыс одан әрі ушы­ғып кетуі мүмкін. Қаңтар оқиға­сы­ның шындығы толық­қанды айтылмауына байланысты, тағы бір қоғамдық дүрбелең орын алып, қайғылы жағдай қайталануы мүмкін.

Осы орайда, саяси реформалар паке­тін жасақтау қалай жүреді деген сауал туады. Бұл процесс қаншалықты ашық болады? Мұның бәрі басы ашық мәсе­ле. Бұған дейін елімізде бүкіл шешім бір адамның еркі, соның түсінігі бойын­ша қабылданып, сол бойынша жүр­гізілді. Келешекте бұл жағдай қайта­лан­бауға тиіс. Мемлекетке қатысты маңыз­ды мә­се­лелер президенттің шешімі негізінде емес, кең қоғамдық талқылау, қоғам­дық ұйым­дардың араласуы арқылы жүзеге асуы қажет. Сондықтан балама көзқарас­ты ескеріп, оларды пікірталасқа қатыс­тыру арқылы саяси реформалар пакеті жасақталуы керек.

Бұған дейін сөз бостандығына, бейбіт шеру­лерге қатысты заңдарды өзгерт­кені­мен, жағдай түзеліп кеткені шамалы. Жергілікті билік әлі күнге дейін саяси митинг өткізуге рұқсат бермей келе­ді. Алдағы уақытта бейбіт шерулер туралы заңды тағы да қайта қарап, оған халық­ара­лық ұйымдар, құқық қорғау сала­сын­­дағы мамандардың ұсыныстары негізінде түзету енгізу керек.

Саяси реформалар пакетінің ішін­дегі ең маңызды тармақ сайлау туралы болуы тиіс. Соның ішінде ірі қала­лар­дың әкімдерін сайлауды бастау керек. Мәселен, Алматы қаласының әкімі ауысуына қатысты қоғамда қызу пікір­та­лас жүруде. Тұрғындар әкімді электорат­тардың сайлауына мүмкіндік беруді сұрап отыр. Негізі бұл 10-15 жыл бұрын жүзеге асуы керек еді. Қазір бұл уақыты жеткен, пісіп тұрған мәселе. Оны қабылдамай кері шегере берсек, саяси тұрақсыздықтың факторына айналады.

– Қазір қоғамдағы ара-жіктің, яғни табыстың әділ бөлінбеуі жиі айтылады. Мысалы, ел байлығының жартысы 162 адамның қолында екен. Жаңа Қазақ­станда экономикалық әділет­тілікті қалай орнатамыз?

Жасұлан Кушебаев:

– Ең бі­рін­­ші, экономикалық индикаторларды есептеу механизмін өзгерту керек. Мә­селен, орташа жалақыны есеп­теу­ді ала­йық. Қазіргі таңда алынатын орташа жал­ақы мөлшері шынайы емес. Есептеу ме­­ха­низмі әділетсіз, арифметикалық үлгі­де есеп­теледі. Бұл біздегі әлеуметтік жағ­дай­ды нақты көрсетпейді. Яғни осыған сал­сақ, біреу миллион теңге, екінші біреу жүз мың теңге алса, орташа жалақы 550 мың теңге болып шығады. Ал әлемде, әсі­ре­се дамыған елдерде медиандық әдісті қол­­да­нады. Экономикалық зерттеулер мұ­ның шар­тараптың түкпір-түкпірінде жалпы ха­лықтың орташа жалақысын нақты көр­сететін инструмент ретінде мойындайды.

Қазақстанда дұрыс есептелмей жат­қан, елдің әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін тағы бір мәселе – ең төменгі күн­көріс деңгейі. Бұл өте маңызды инди­ка­торлардың бірі. Осы арқылы еліміздегі кедейшілік көлемін анықтауға болады. Стипендияларды, зейнетақыны, неше түрлі әлеуметтік төлемдердің бағасын нақты белгілейміз. Ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тұтыну себетін есептеу­мен тікелей байланысты. Бір адамның бір айда өмір сүруіне қажетті азық-түлік тізімі тұтыну себетінде көрсетіледі. Қазақ­­станның тұтыну себетінде 43 түрлі азық-түлік өнімі тіркелген. Бұл азық-түлік өнімдерінің бағасы – ең төменгі күн­көріс деңгейінің 55 пайызы, ал қал­ған 45 пайызына азық-түлік емес өнім­дер мен қызметтер кіреді. Жал­пы, еліміздің тұтыну себеті мамандар тара­­пынан үлкен сынға ұшырап келеді. Өйт­кені онда көрсетілген азық-түлік өні­мі­нің мөлшері бір адамның бір ай­лық өміріне жетпейтіні талай мәрте ай­тыл­ды. Дамыған мемлекеттердің тұ­тыну себеттерін талдайтын болсақ, ол ел­дер­дің себетінде көрсетілген өнімдер саны 300-ден асып кетеді. Мысалы, Ұлы­бри­тания­ның тұтыну себетінде 350 өнім болса, АҚШ-та ол көрсеткіш 300 өнім. Бұл факті еліміздің тұтыну себеті Ба­тыс ел­дер­дің себеттерінен әлдеқайда жұ­­­таң еке­нін көрсетеді. Жалпы, әлемдік тәжі­рибе көр­­сет­кендей, ең тиімді нұсқа тұты­ну се­бетін – медиандық жалақымен бай­лау. Со­ған сәйкес ең төменгі күнкөріс дең­ге­йі ме­­диан­дық жалақының жартысына теңестіріледі.

Егер жаңа Қазақстанда экономикалық индикаторларды осылай өзгертсек, елдегі шынайы картина айқындалады. Қанша кедей адам бар? Халықтың нақты табысы қан­дай? Осы сұрақтарға нақты жауап ал­ғанда ғана экономиканы жандандыратын, тұр­ғындардың әл-ауқатын арттыратын реформалар жасауға мүмкіндік туады.

– Қаңтардағы шерулер кезіндегі тәр­тіпсіздік оңтүстік өңір­лерде, әсіресе Алматы қаласында өр­буі­нің себебі неде?

Исатай Минуаров:

– Тәртіпсіз­дік­тердің Алматы қала­сында болуы нені көрсетеді? Қазақ­стан­ның ең ірі қаласы және қаржы хабы бол­ғанымен, Алматы – әлеуметтік теңсіз­дік өршіген, бай мен кедей­дің ал­шақ­тығы тым ұлғайып кеткен қала. Шеру­ге қатысқан азаматтардың демо­гра­фия­лық портреті мынандай. Қозғаушы күш – 20-40 жастағы ер кісілер, қазақтар. Сонымен қатар олар жастар және елдің саяси өміріне қатысқысы келе­тін белсенді әлеуметтік топтар, яғни азаматтар. Олар елдегі процестерге қатыс­қысы келеді және едәуір бөлігі ел­дегі жағ­дайға қанағаттанбаған. Өңірлер бо­йын­ша қарайтын болсақ, наразылық тол­қыны 2019 жылы «протестік дауыс­тар жинаған» өңірлерде өршіген. Одан кейінгі екі жылда наразылық тол­қы­ны басылған жоқ. Олардың қатарын­да бел­сенділердің, көпбалалы аналар­дың, кәсі­би қауымдастықтардың, мұнай­шы­лардың наразылық акциялары бар. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әсерімен және билікке көңіл толмаудың салдарынан наразылық толқыны күшейіп, 2022 жылы ол өзінің апогейіне жетті.

Жұмыссыздық мәселесінің күшеюі және өршуі елдің әлеуметтік және сая­си тұрақтылығына қаншалықты әсер ететіні бәріне белгілі. Жұмыссыз аза­мат­тардың басым бөлігі әлеуметтік қол­дау бағ­дарламаларына қатыспайды және мем­лекетпен «байланысын үзген». 2017 жылы, әлеуметтік медициналық сақтан­дыру енгізілмей жатып, Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрлігі жергілікті әкім­дік­термен бірге арнайы талдау жүр­гіз­ген еді. Талдау нәтижесінде 1,2 млн адамның бейресми түрде жұмыспен қам­тыл­ғаны және 1,5 млн адамның өзін өзі жұмыспен қамтып отырғаны және жұмыссыз екені анықталған. Осы санат­тағы азаматтарды жұмыспен қамту жос­пар­ланды. Ол мақсатта «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Жыл сайын бұл бағдарламаны жүзеге асы­ру үшін 73 млрд теңге қаражат жұм­салады. Алайда оның тетіктері мен ауқымы бос жүрген тұрғындарды жұ­мыс­пен қамтуға шамасы жетпегенін көр­іп отырмыз. Жалпақ тілмен айтсақ, жа­с­тарға қатысты бағдарламалардың қа­жет­тігіне, оның пайдалы екендігіне кү­мән кел­тіруге болмайды. Бірақ оларды жүзеге асыру күткен нәтижені көрсете алмай жүр.

– Қаңтардағы қаралы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде NEET жас­тар туралы жиі айтыла бастады. Осындай жас­тардың әлеуметтік бел­сен­ділігін арттыру үшін қандай шара­лар атқарған жөн?

Исатай Минуаров:

– Елдегі NEET үлесінің жоғары болуы­ның қаупі қан­дай? Жастардың үздіксіз түр­де тұрақ­ты жұмыс іздеуі оларды кедейлікке және әл-ауқатының едәуір төмендеуіне әкелуі мүм­кін. Сәйкесінше, өмір сапасы на­шар­­лай­ды. Сонымен қатар қылмысқа бейім болуы мүмкін. Қоғамның бұл сегментінің әдетте елдің қоғамдық-саяси институттарына және Үкіметке сенімі өте төмен келеді.

NEET санатындағы жастардың үлесі­нің өсуі ұзақмерзімді әлеуметтік пробле­маға айналуы мүмкін. Халықара­лық Ең­бек ұйымының мәліметіне сәйкес NEET санатына кіретін жастардың үлесі ең төмен елдер қатарында Жапония (3,0%), Нидерланд (3,1%), Сингапур (4,5%), Германия (5,4%), Швейцария (6,0%) бар. Ең жоғарғы көрсеткіш Йеменде (44,8%), Иракта (44,6%) және Ауғанстанда (41,8%) тіркелген.

Қазақстанда NEET санатына кіретін жастардың диапазоны 15-28 жас аралығын қамтиды. 2019 жылы олардың үлесі 7,4 пайызды немесе 250 мыңнан астам адамды құраған. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, NEET санатына кіретін жастардың саны аз елдер екі негізгі бағытқа басымдық береді. Бірінші, мектепке дейінгі білім беру саласына инвестиция құяды. Екінші, жастар арасындағы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған және ғылыми әдіске негізделген бағдарламалар жасайды. Сондықтан Қазақстан да аталған санатқа енетін жастар санын азайту үшін осы әдіске жүгінуі маңызды. Себебі бірін­ші бағыт превентивті тетік, яғни алдын алу, профилактика үшін жасалынатын шара. Оның тиімділігі бірден білінбесе де, ұзақмерзімді перспективада әсері бай­қалады. Мектепке дейінгі білім беру са­ла­сына инвестиция құюдың оң әсері бір­қатар ғылыми зерттеумен дәлелденген.

Екінші бағыт – проблемаларды шешу және NEET үлесін төмен деңгейде ұстап қалу шаралары. Осы орайда Жапония, Люк­сембург, Норвегия сияқты елдердің тиім­ді тәжірибесін енгізе аламыз. Бұл ел­дерде жастардың бұл санатта неге тап бол­ғаны ғылыми әдістерді пайдалану ар­қылы анықталған. Соның нәтижесінде же­ке­лей бағдарламалар жасалып, шаралар қол­данылған. Жапонияда «жұмсақ қабілет­терге» (soft skills), әлеуметтенуге, өзін өзі дамыту бағдарламаларына ден қойылған.

Нидерландта мектепке дейінгі және орта білімге құйылған инвестицияның нәтижесі сәтті болды. Статистика бойынша елдегі үш балдырғанның екеуі мектепке де­йін­гі мекемелерге барады. Сонымен қа­тар мем­лекет жұмысбасты аналарға түр­лі мүм­кіндік береді. Мысалы, жұ­мыс істеу са­ғаттары қарастырылған. Жар­ты күн жұмыс істеп, қалған уақытын бала­сы­на бөлгісі келетін аналарға ортақ жүйе енгізілген.

Норвегия NEET санатын азайту мақ­са­тында жастармен ғана емес, сонымен қа­тар жұмыс берушілермен де тікелей ке­ліс­сөз жүргізеді. Бұндай кешенді шара­лар Норвегия билігіне еңбек нарығын рет­­теуге және жастарға қолайлы жағдай жа­сауға мүмкіндік береді. Қазақстан ха­лық­аралық тәжірибені ескеріп, сәтті кейстерді қолданса, жақсы нәтиже болары сөзсіз.

– Азаматтардың белсенділігін артты­рып, қоғамдық бақылауды күшейту үшін қандай шаралар атқарылғаны дұрыс?

Серік Бейсембаев:

– Бізде аза­мат­тық белсенділік артқан. Оны мем­ле­кет арнайы заңмен, шешім­мен, қаулы­мен күшейте алмайды. Бұл – өздігінен жүріп жатқан процесс. Ең бастысы, билік бұған кедергі келтірмеу керек. Мұның ішінде қазіргі таңда қандай заңдар, қандай қаулылар азаматтық белсенділікке кедергі болып жатқанын арнайы қарау керек. Екі мысал келтірейін.

Біріншісі, тәуелсіз бақылаушылар жұмысына қатысты былтыр шектеулер енгізілді. Мәселен, сайлауда бақылаушы болу үшін белгілі бір ұйым атынан тір­келу қажет. Қоғамдық тәуелсіз бақылауды жүзе­ге асыру үшін бұрынғыға қарағанда қиын­дай түсті.

Заң аясында қарастырылған екінші шектеу – сайлау кезіндегі экзит-пол жүр­гізуге байланысты. Сайлау өтіп жатқанда сауалнама жасау үшін міндетті түрде сайлау комиссиясының атына өтініш жазу керек. Сосын мақұлдаған жауабынан кейін олардың рұқсатымен ғана сауалнама жүргізе алады. Бұл – абсурд нәрсе. Мұндай шектеу біздің елде және санаулы дамымаған елде ғана бар шығар.

Батыста кез келген жекеменшік ұйым өзінің қаражатына сауалнаманы жүр­гізе береді. Ал бізде дәл сайлау тақы­ры­бы­на келгенде ғана осындай шек­теуді ен­гі­зіп қойған. Бұл – бақылауды, ақпа­рат­­­ты бақылауды, саясатқа қатысты ақ­па­рат­­тық монополияны қамтамасыз ету үшін жа­сал­ған қадам. Бұл халықаралық нор­маларға қайшы. Заңның осы тұсын өзгертс­ек, Пре­зи­дент айтқан жаңа Қазақстан құруға ар­налған үлкен қадамды көре алатын едік.

 

Дөңгелек үстелді жүргізгендер

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»