Әдебиет • 07 Ақпан, 2022

Халлед Хоссейнидің қос тынысы

468 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ауғанстанда туып, Америкада есейген жазушы Халлед Хоссейниді әлем оқырмандары өте жақсы біледі. Ол әр шығармасына өзінің туған елінің, анығын айтқанда, Ауғанстанның тарихын, халқының мұң-зарын, қасіретін, үмітін арқау етіп, өлмес романдарды әдебиет тарихына алып келді. Сол үшін де оның шығармашылығына тәнті болған әдебиеттанушылар «Халлед Хоссейни шығармашылығы – ауған қасіретінің қағазға түскен нұсқасы, оның қаламы – бір ұлттың көз жасымен суарылған», деп жоғары баға берген болатын.

Халлед Хоссейнидің қос тынысы

Жібі үзілген ауған батпырауығы

«Батпырауық қуған бала» – Халлед Хоссейнидің атын шы­ғарған роман. Аталған роман жарыққа шыққан соң, әлем оқыр­мандары Ауғанстан туралы терең түсінікке ие болды. Құр­сау­да қалған бір ұлттың тағ­дыры – «Батпы­рауық қуған бала» арқылы өз үнін жеткізе алды. Ауғандық бай отбасының 12 жастағы ерке ұлы Әмір мен оның қызметшісі Хасен аға-інідей болып, тел қозыдай тең өседі. Бірақ бір реткі батпырауық жарысының соңында туған аянышты оқиғадан кейін, Әмір үнемі өзін кінәлап, қатты азаптанып, ақыры Хасенді үйден қуып шығады. Кейін өзі де әкесімен бірге Америкаға кетеді.

Өзінің туған елінен алыстап, азамат жасына толса да, кейіпкер Әмір ба­ла кездегі досына, әке­сінің үй қыз­мет­шісінің ұлына жасаған озбырлығы үшін өзін күнәһар сезінеді. Тіпті өзін мәңгі кешіргісі келмейді. Ақырында, ойдағы ауыр салмақтан арылмақ болып, араға жиырма неше жыл салып, туған жеріне қайтып барып, бала досы алдында өз парызын өтемек болады. Бірақ бәрі ол күткендей емес, мүлде басқаша болады. Ол күткен Ауғанстан құрып бітуге шақ қалған күйде еді. Оның бала кездегі үрейлі де аянышты түсі қайталанғандай күй кешеді. Хоссейнидің қаламы шындықты сөз етіп қана қоймай, әр сөйлемі арқылы ауған тарихын қоса айтып отырады. Автор адам табиғатын және оны арашалап қалуды мақсат ете отырып, кей шындықтарды нанымды түрде қағазға түсіреді.

«Ол 1975 жылғы аспанды соқыр тұман тұмшалаған, аязы сүйектен өте­тін­дей қыстың бір күні еді. Ол кезде мен небәрі 12 жаста едім. Бәрі де күні бүгінге дейін қаз-қалпында есімде: құ­лап жатқан дауалға тығылып, сол бір жолға әлі де көз тіге қараймын. Оның айналасы мұзды жіңішке бұлақ. Содан бері сан жыл аунап түсті. Бастан өткен күн, болған істерді де қара жерге көміп тастауға болады дейді екен бұрынғылар. Бірақ олай істеудің дұрыс емес екеніне көз жеткіздім. Өйткені өткен істер сол көміп тастаған жеріңнен қайта «тіріліп» шығады екен. Өткен күндерді ойласам, осы 26 жыл бойы мен ұдайы сол бір шөлді мекенге ұрлана қараумен болыппын». Роман осылай бас­талады.

«Батпырауық қуған бала» романын соғыс өрті қаптаған шақтағы Ауған азаматының іш­кі күрсінісі деуге болады. Кі­тап Әмір мен оның бала досы, әкесінің Хазар текті жалшы­сы­ның ұлы Хасеннің арасындағы оқиғаларды негіз ете отырып, бірінші жақпен баяндалады. Бас кейіпкер Әмір – пуштун әулетінен, әкесі дәулетті, ел арасында ықпалды адам. Шешесінен ерте айырылған Әмірдің тума әлсіздігі бар, оның үстіне үнемі әкесінің мейіріміне бөлене алмайтын ұрпақтың өкілі. Ал Хасан досқа адал, таза жүректі бала. Отбасы деңгейі мен таптық өзгешелік олардың балалық шақ­­тағы достық сезімдеріне ке­дер­гі бола алмағанымен, бірақ еш­кім де бұл ұлы сезімге құрмет етуді қаламайды. Романға арқау болған оқиғалар негізі Ауған даласында өткен, жазушының көзімен көріп, құлағымен естіген сан алуан түрлі күрделі тари­хи оқиғалардан құралады, со­ның ішін­де, Ауғанстандағы мо­нархияның құл­дырауы, Кеңес әскерінің басып кіруі, ауғандық босқындардың Пәкістан мен Америкаға бассауғалап қашуы, тали­бандардың бас көтеруі сияқ­ты маңызды оқиғалар баян­далған. Жазушы Халлед Хос­сейни бұл шығармасын әке-бала арасындағы қарым-қатынас деп пайымдап, «Отбасы» дей­тін тұғырдың берік болуын шы­ғар­­маның айтар ойы, басты идея­­сы ретінде оқырманға ұсы­на­­­ды. Ро­манның алғашқы бө­лі­мінде кейіп­­кер Әмір досы Хасан­ды ол кездес­кен зорлық-зом­былықтардан құтқа­руға шарасыз қалады. Міне, осы тұс шығар­мада көрсетілген күнәһарлық пен парыз тақырыбына жетелейді. Автор ро­ма­нының алғысөзінде: «2001 жылы осы кітапты жазуға отырдым. Жазып-сызу өзім үшін қызмет істеудің, өз өзіме әң­гіме айтудың бір түрі еді. Бұл кітап­­ты басқалар ұнатып оқиды дегенді ойла­ған емеспін. Мен бұл романды жазып жатқан ша­ғымда, Дүниежүзілік сауда ұйы­мының бір зәулім сарайы құлады. Содан көп өтпей, әйелім Роя шы­ғар­маны баспаға ұсын деп кеңес берді. Шын­туайтына келсек, талап етті. Мен бір тарауын жазып бітірген соң, Роя сол та­рауды оқып бітіріп отырды. Ал мен кітапты баспаға беруге қарсы болдым. Бүкіл Амери­када қайдағы бір ауғандықтың дәтіне ешкім құлақ салмайды деп ойладым. Ол кез елдің ыза-кегі өр­шіп тұрған кез болатын. «Қазір ауғандықтар алаланды, кемсітуге ұшырады», деймін Рояға. Шы­ғармам бас­падан шықты де­ген күннің өзінде, басқалар оны не­ге са­тып алмақ? Америка то­пы­­­ра­ғында та­рих­та болмаған ең үл­кен сұмдық жаса­ған­дар бі­­реу­­дің Отанында лаң салса, өз­ге­лер сол халықтың өкілінің қал­та­­сы­на неліктен ақша салып бер­мек? Бірақ Роя құптамады. Неғұрлым көп оқыр­­ман табатын орай осы деп есептеді. Оның үстіне ол: «Сенің кітабың олар­ға ау­ғандықтардың басқа бір қырын көрсе­­теді»,  деді. 2002 жылы маусым айын­­да қолжазбамды Нью-Йорктегі бас­па саудагеріне жібердім», деп өз ойын айтады.

«Хасен парсының ежелгі батырлары суреттелетін ХХ ға­сырдағы тарихи дастан «Шаһ­наманы» жақсы көруші еді. Ол бұл кітапты өте жақсы көретін. Ол шығармадағы көпті көрген патша Феридун, Зал, Рудабені ұнатады. Бірақ ол екеуміз де «Рүстем мен Сохраб» хикая­сына қатты берілуші едік. Ол хи­кая­т­та жаужүрек батыр Рүстем мен оның желден жүйрік тұлпары тартымды суреттеледі. Рүстем қарсыласы Сохрабты ойсырата жеңеді. Ал шындығында ол өзінің сан жылдар бойы сер­гелдеңге түскен туған баласы болып шығады. Әңкі-тәңкі күйде қалған Рүстем қасірет жамыла отырып, ұлының: –Туған әкем сен болсаң, Қылыш тістестіріп сенімен, даңқыңа тиді кесірім. Бәрі сенің кесірлі мінезіңнен болды емес пе? Туған анам­ның ант белгісін көрейінші, ал қазір бала­лық парызымды өтеп, «әке» деп айқайлайын. Жүрегің қабылдар ма екен мені? Өз қолыңмен жа­зым ет мені! – деген соңғы сөзін естиді. Хикаяның осы тұсы­на келгенде Хасен «Тағы бір рет оқышы» деп өтінеді. Тіпті көзінен жас ағып, өксіп отырады. Оның бұл әре­кеті маған жұмбақ сезілетін. Не үшін, кім үшін жы­лайды? Өмірлік қасіретте қа­лып, басы қатып, аласұрған Рүс­тем батыр үшін бе? Жоқ, әл­де өлім мен өмір өларасында жа­тып, әкеге деген сағы­ны­шы шер-шеменін қозғаған Сох­раб үшін бе? Бірақ мен үшін Рүс­темнің тағдыры аянышты деуге келмейді. Әр әкеде баласын өз дегеніне иландыру дей­тін құлшыныс бар емес пе?». Осы жол­дардан Ауған балаларының білім алуға деген құштарлығы мен ертеңге деген сенімі бірден аңғарылып тұр. Шы­ғар­ма кейіп­­кердің досы Хасанның ұлы Сохрабтың Америкадағы өмі­рі, оның жаңа ортаға деген ұмтылысы мен көзқарасы, Әмі­р­дің өткен күндерін есіне алып, қалқып ұшып жүрген бат­пы­рауық­ты көргенде бала сияқтанып қуа жөнелгенімен аяқталады. Бала көңі­ліне түскен жараның араға сан жыл өтсе де жазылмағаны кітаптың соңғы сөй­ле­­мінен білінеді. «Мен әлі жүгіріп келемін. Еңгезердей тұрқыма қарамастан мен батпы­рауыққа қарай ұмтылып бара жатқан топ баланың арасында батпырауықты қуып келемін. Мен бұл әрекетім үшін еш ұялмаймын. Кекілімді жел тарап, аузым Паншер шатқалындай үңірейіп әлгі батпырауықты қуып келемін. Қуып келемін. Қуып келемін».

Жарқыраған мың күн: ауғандық үміт  ұшқыны

 «Мен де әкемнің басқа балалары сияқты мектепте оқығым келеді». Біз сөз еткелі отырған Халлед Хоссейнидің «Жар­қы­раған мың күн» атты екінші романы құдды осы бір жалғыз сөзге байланып тұрғандай. Бұл жалғыз сөз күллі Ауған балаларының жүрегінің түбіндегі қастерлі сөз. Отан, әділдік, адам құқығы, әйел теңдігі, балалар тағдыры да осы сөздің қауызында тұрғаны шындық. Аталған роман қысқа ғана уақыттың ішінде әлемдік кітап клубының классикасына айналып үлгерді. Бұл да Ау­ғанстан тақырыбындағы көркем шығар­ма. Сомерсет Моэмнің «Не жазсаң да өзің білетін нәрсені жаз» деген ұстаны­мын ұстанған Халлед Хоссейни өз еңбегінің арқасында оқырмандар жақсы көретін авторлардың тобына кіреді, әлем оқырмандары үшін оның әрбір жаңа кітабының жариялануы бір мереке іспетті болды. 2007 жылы баспадан шық­қан бұл роман қысқа ғана уақыттың ішінде үш рет басылып, 70 мемлекетте 38 миллион­­нан астам данасы сатылды. Қазіргі кітап нарығы үшін бұл аса үлкен көрсеткіш болмақ.

Гераттық жасөспірім қыз Мәриям отбасылық қайғылы оқиғадан кейін кабулдық етікшіге тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Одан кейін дүниеге келген Ләйлә салыстырмалы түрде бас­қаша өмір сүреді. Гераттың шетінде Мәриям анасы Нанамен оңаша бір лашықта тұрады. Роман осылай оқиғалармен өрби түседі. «Мәриямды босанарда оның қасында ешкім жоқ екен. Бұл 1959 жы­лы көктемнің жаңбырлы күндерінің бірі. Захир шахтың қырық жылдық тыныш билігінің 26-жылы. Толғақ кезінде Нанаға тағы да жын жа­бысып алу қаупі бар екенін біле тұра Жәлел дәрігерді, тым құрығанда туытқа жәрдемдесер бір пендені де іздемепті. Нана құжырасында бір өзі қара терге түсіп, қолына пышақ алып, сыз еденде жатыпты». Әйел теңдігі жоқ елдегі оқиғалардың көбі қасіретпен аяқталып жататынын ескерген жазушы әр сөз-сөйлемінде әйелдердің де жалпы адамзат баласымен қатар өмір сүруге хақы бар екенін айтқысы келеді. Әсіре діншілдік жайлаған Ауғанстандағы алапат жағдайлар ақ қағаздың бетінде риясыз сөйлеп тұр. Ары қарай жас ана мен оның өмірге келер сәбиінің қиналысын, өмір мен өлім алдындағы жанталасын жазушы былай суреттейді:

«Толғақ қысқанда жастықты тісте­леп, тамағым қарлыққанша айғайладым. Көзіме құйылған терді сүртер, таңдайыма бір там­шы су тамызар жан табылмады. Ол аз болғандай сен де мынау жарық жал­ғанға келуге асық­пай­-ақ қойдың. Екі күн бойы мені сол бір суық еденде жа­ту­ға мәжбүр еттің. Екі тәулік нәр сыз­­ба­дым, кірпік ілмедім. Бар бол­ғаны қина­ла ыңыранып, сенің сау-сәлемет өмірге келуіңе дұға қылдым.

– Көп қиындық көріпсің, Нана.

– Екеуімізді жалғап тұған кін­дікті де өзім кестім. Соған бола пышақты қасыма алып қойдым.

Кешір мені, Нана». Халлед Хоссей­ни не жазса да, өмірмен, шынайы оқи­ға­лармен байланыс­тырып жазды. Сол үшін де оның әрбір кітабы әлі де оқыр­ман­ның қолынан түсе қой­ған жоқ. Ол осы екінші романында да «Батпырауық қуған балада» қол­да­нылған кейбір көркемдік әдістерді пайдаланды, мысалы, отба­сылық динамика, ұлт­тың өшіп бара жат­қан үмітін сөндірмеуді мақсат етті. Ол өз шығармаларындағы әйел кейіп­керлер мен олардың қазіргі ау­ған қоғамындағы рөлдеріне на­зар аударады. 1978 жылы Ауған­стандағы саяси орта аласапыран күйге түсті. Коммунистік партия билікке келіп, ақырында Ауғанстан үкіметін құлатып тына­ды. Кабулда талибандар билікке келіп, жергілікті ха­лық­қа қатал ережелер енгізіп, әйелдердің құқықтарын шектей­ді. Осы оқиғалардың бәрі автор­дың өз қөзқарасы арқылы шы­ғармада сәтті пайдаланылды.

Жазушы өз шығармасындағы детальдар арқылы оқырманына Ауғанстанның бастан кешкен қиын-қыстау кезеңдерін жіпке тізгендей айтып отырады. Кеңес Одағы мен Ауғанстан арасындағы со­ғыс­қа аттанған, кейін майданда мерт болған аналардың зары да назар­дан тыс қалмайды. «Ахмет даусыз көсем болар еді. Онда ғажайып талант бар. Өзінен үлкендер де оның сөзде­рін құрметпен тыңдайтын. Нұрды айтсаңшы... Ех, Құдайым. Менің Нұрым ылғи да ғима­раттар мен көпірлердің чертежын сызатын. Сәулетші болып, бүтін Кабулды өзі жобалаған ғи­мараттармен өзгертпекші еді. Міне, енді әр екеуі де бұл дү­ниеде жоқ. Менің балаларым, менің шахиттерім». Фарибе есім­­ді ананың ащы зары осылай шығып жатады.

«Батпырауық қуған балада» да тали­бандардың қолынан қаза болған жазық­сыз жандар туралы оның ішінде Хасан мен әйелі жөніндегі оқиғалар шы­ғар­ма арқауы болған еді, ал «Жарқыраған мың күнде» кейіпкер Мәриям да тали­бан­дардың қолынан мерт болады. Романның соңында кейіпкер Ләйлә Кабулға оралғанда, тали­бандардың Мәриямды қайда көмгенін біле алмай дағдарады. Тапса, құран оқып, қабірінің басына гүл шоғын қоймақ. Жұрт сүйіп оқыған бұл роман кейіпкер Ләйләнің жарық дү­ниеге келер сәбиіне ат іздеп әлек болып жатқанын, оған «Өмір» деген есім ұнайтынын, «Ал егер қыз туа қалса, оған қандай есім қою туралы Ләйлә әлдеқашан ойланып қойған» деп аяқталады. Үміттің аты – Үміт. Ол ортайғанымен, таусылмайды. Халлед Хоссейнидің біз сөз еткен екі романы да осы ойды мең­зейді. Оның кейіпкердің аузымен «Ауғанстанның жеңе алмайтын жалғыз жауы бар – ол Ауғанстанның өзі» деуі де көп шындықтың бетін ашады. Жаралы Ауғанстанның әр­бір қиын сәті Ауған текті жазу­шының жанын ауыртатынына күмәніміз жоқ.