6 ақпандағы дерекке сүйенсек, аймақта 345 адам коронавирусқа шалдыққан. Ал 613 науқас ауруынан айығыпты. Жалпы, соңғы аптада өңірдегі эпидемиялық ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Әйтсе де арқаны кеңге салуға болмас. Облыстағы емдеу мекемелерінде төсектік орын саны, дәрі-дәрмек қоры, медицина қызметкерлері жеткілікті ме?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, өңірде «Омикрон» ресми түрде тіркелмеген. Жергілікті ПТР-талдау зертханалары коронавирус инфекциясының бар-жоғын ғана анықтауға қауқарлы. Оның «Дельта» немесе «Омикрон» екенін растайтын мүмкіндік жоқ. Талдамалар Алматы қаласындағы зерттеу орталықтарына жолданады екен.
– Аймағымызда медициналық қызметкерлердің, дәрі-дәрмектердің, аппараттар мен төсектік орындардың саны жеткілікті. Жағдайдың одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескеріп, бірнеше шара жоспарын дайындадық. Мәселен, қауіпті індетті жұқтырғандар саны күрт өссе, облыс аумағындағы 4 мыңға жуық төсектік орынның барлығын жұмылдырамыз. Қазіргі уақытта тек 1 280 орын ашылды, оның 42 пайызы толық. Реанимациялық 130 орынның 16 пайызында науқастар ем қабылдауда, – дейді А.Сейітқазинов.
Жыл басынан бері қауіпті індетті жұқтырған балалар саны айтарлықтай көбейгені байқалады. Қаңтар айының алғашқы күндері шамамен 10 бала стационарлық жағдайда ем қабылдаса, бүгінде 70-тен аса жеткіншек ауруханаларға жатқызылған. Тағы 170-тен аса жасөспірім амбулаторлық түрде дәрігерлердің бақылауына алынған.
Қауіпті кеселмен күресте медициналық мекемелердің жұмысы саябырлаған емес. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жұқпалы аурулар орталығының мамандары адамдардың өмірін қатерлі аурудан арашалап қалуға барын салуда.
Қысқа мерзімде салынып, өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген модульдік жұқпалы аурулар госпиталінде Covid-19 дертіне шалдыққан науқастарды емдеуге барлық жағдай жасалған. Жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі Қымбат Қазкенованың айтуынша, былтыр модульдік орталықта 4 712 науқас КВИ-ден емделіп шыққан. Жыл басынан 248 адам заманауи ауруханада ем қабылдаған. Орталықта қазір 155 науқас ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінде 11 науқастың бірі өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Тәуліктік жүктеме – шамамен 15-20 адам. Мұнда 20 орындық жансақтау бөлімшесі, кіші операциялық бөлме, ПТР-талдауларға арналған зертхана, экспресс-зертхана, компьютерлік томография, рентгенография, УДЗ, электрокардиография және бронхоскопия кабинеттері жұмыс істейді.
– Дерттен сақтанудың бірден-бір жолы екпе салғызу болғандықтан, әрбір адам саналы түрде вакциналау мен ревакциналаудан өтуі тиіс. КВИ-ден емделіп шыққандарға үш айдан соң екпе алуға рұқсат етіледі. Ревакциналау үшін ересектер «Спутник Лайт» вакцинасын салғызса, 60 жастан асқандар, жасөспірімдер мен жүкті әйелдер Pfizer компаниясының (АҚШ) Comirnaty вакцинасын салғызуы қажет, – дейді Қ.Қазкенова.
Елордадағы ахуал күрделенсе, іле-шала Павлодар өңіріндегі жағдай ушыға түсетіні рас. Аймақтар көрші орналасқандықтан, аурудың да «қыдырып жүруі» заңдылық. Сол үшін тұрғындардың себепсіз қыдырмауы қажет-ақ.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист
Павлодар облысы