Әдебиет • 08 Ақпан, 2022

Балаларына кітаптан енші берген...

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адамның да, қоғамның да бақытсыздығы – кітап оқымаудан.
Үш жыл бұрын ақын Байбота Қошым-Ноғай ағамен көрші болдым. Бір күні үйіне барып, кітапханасын көрдім,таңғалдым, үйі толған кітап, балконы да кітапқа лықсып тұр.

Балаларына кітаптан енші берген...

«Кітапханаңыз бай екен», деп сөз бастап едім.

«Бұл кітаптарымның азайғаны ғой, үш балам жеке отау болғанда, әрбіріне 500 кітаптан енші бердім» демесі бар ма?

Осы бір сөз денемді тоқ соққандай дір еткізді.

«Балаларыма үй алып бердім», «Кө­лік сыйладым», «Демалсын деп Дубайға жібердім» деп мақтанатын әкелерді білуші едік, ал бұрын-соңды балаларына кітаптан енші берген әкені тұңғыш рет кездестіріппін. Сол сәтте менің қасымда әлемдегі ең ойлы да бақытты әке тұрғандай болды.

Бір көкеміз «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» деп еді, сол сөздің шындығы басым болып барады. Алматыдағы бүлік кезінде кітап дүкені ғана қиратудан аман қалды дегенді құлағымыз шалды. Бұл нені түсіндіреді? Рухани құндылықтың орнын материалдық құндылық күштеп тартып алғанын бізден үлкендер айтып та, жазып та жатыр.

Қазіргі мақтанның ішінде сөресіне жинап қойып, оқылмай тұрған кітаптар­мен мақтану қосылғалы қашан? Мұхтар Мағауин «Қаламгер кітапханасы және жазу үстелі» деген эссесінде: «Айт­тық, жазушы кітапханасының жайы бас­қашарақ. Негізінен өзіңіз оқу үшін ғана. Әуелгі жасырақ кезіңізде оқу­лық іспет­ті. Таным, білімхана емес. Үл­гі­лі дәріс. Тіпті бәріне жеттім деп байып­таған кездің өзінде... жаңа бір сорап, көкжиектің арғы жағы. Басқасын бы­лай қойғанда, артық тыныс, жаңа байып. Турасын айтқанда, жекелей кітап­ханасыз жазушы жоқ. Және бұл кітапхана – масаттық пен өзгеше қанағат негізі. Тіпті шексіз мақтанға себеп», деп жазады. Сөздің шыны да солай.

Қонаққа барған сайын сол үйдің к­і­тапханасын көруге асығамыз,сән үшін сатып алған «Бабалар сөзінің» 100 томдығынан бастап бәрі тізіліп тұра­ды, бірақ әңгіме ауаны тағы материалдық байлық туралы өрби береді.

Ақы төлесең де кітап оқығысы келмейтін ұрпақтың балалық шағы кітапсыз үй, кітапқа мойын бұрмайтын ата-ананың тәрбиесімен байланысты шығар деген ой меңдейді. Әрине, қай заман үшін «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» (Әбіш Кекіл­бай) екені даусыз. Тағы бір данышпан «Кітабы жоқ үй – терезесі жоқ үй», депті, әлемде, айналамызда қаншама терезесіз үйлер бар десеңізші?