Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Данилина бұған дейін жұптық сында 25-орында тұрса, енді 24-сатыға көтерілді. Бұл оның үздік көрсеткіші болып табылады.
Сондай-ақ Елена Рыбакина мен Жібек Құламбаева жұптық сында сәйкесінше 50-інші және 308-сатыға жоғарылады. Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Е.Рыбакина бұрынғысынша 12-орында келеді.
Юлия Путинцева 42-ден 41-ге, Зарина Дияс 118-ден 117-ге жоғарылады. Е.Рыбакина осы аптада басталған Санкт-Петербург WTA 500 турнирінде 3-ракетка болып тіркелген. Ол бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 81-сатыдағы ресейлік Варвара Грачевамен өткізеді.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланды) ATP 500 жарысында бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, қазір рейтингте 95-орында тұрған атақты ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасады.
Егер Е.Рыбакина мен А.Бублик осы айтулы додаларды сәтті өткізсе, рейтингіде жоғарылайтыны анық. Тағы бір қазақстандық, рейтингте 165-орындағы Михаил Кукушкин Шербур (Франция) челленджер турнирін сәтті бастады. Ол алғашқы қарсыласы, әлемнің 113-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, чехиялық Томаш Махачты 6:3, 6:2 есебімен ұтты.