180-ге жуық жүйе жойылуға жатады
Демек, цифрлы тәртіпсіздік бар жерде IT архитектураны платформалық модельге көшіру туралы айтуға әлі ерте. Сонда қайтпек керек?
Жоғарыдағы ұлттық компаниялардың дерегіне сәйкес анықталған 500-ден артық ақпараттық жүйенің барлық тобында процесс толық автоматтандырылмаған, сондай-ақ 50%-дан аса жүйеде бір-бірін қайталайтын қызметтер бар болып шықты. Тексерудің нәтижесінде 178 ақпараттық жүйені есептен шығаруға тура келеді. Оның ішінде 107-сі орталық мемлекеттік органдарға және 71-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.
«Зерде» ҰАХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Йонас Станкевичустың айтуынша, 572 ақпараттандыру объектісінің 226-сы мемлекеттік органдардың бизнес процестерін автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Алайда автоматтандырудың орташа деңгейі 33% және ақпараттандыру объектілерінің 233-інде ақпараттық қауіпсіздік жүйесі қарастырылмаған. Бұған қоса 144 нысанның интеграциялық модулі жоқ, сол секілді анықтамалық деректердің қайталану үлесі – 75%. Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әкімшілік құжаттардың саны – 8 289, оның ішінде қағаз түрінде 30%-ы анықталды.
Негізгі кемшіліктер – мемлекеттік органдардың барлық тобында жұмыс процесі тиісті деңгейде автоматтандырылмаған. Сондай-ақ бір-бірінің функциясын көшіретін бытыраңқы жүйелердің қызметі де шаруаның шатқаяқтауына басты себеп. Анықтамалардың қайталануы да өзекті болып тұр. Компанияның өкілі инфрақұрылым жабдықтары мен оны күтіп ұстауға қомақты қаражат жұмсалатынын айтады.
«2025 жылға қарай сыртқы арна бойынша интернет-трафиктің болжамды қажеттілігі секундына 6 230 гигабитті құраса, жергілікті трафикке сәйкес секундына 2 195 гигабитке дейін жетеді.
Сақталатын деректердің болжамды көлемі бойынша 2025 жылға қарай Қазақстанда жылына 22 млн терабайт өңделуі тиіс. IoT немесе интернет заттарын дамыту бағытында біздің болжамдарымызға сәйкес 1,5 млн-ға дейін құрылғы қажет.
Сонымен қатар республика аумағында деректер орталығын сапалы көлемде ұлғайтуға көңіл бөлген жөн. «Жасыл» технологияларды енгізуге жеңілдіктер берген артық болмайды. Деректер орталығын салуда байланыс операторларымен әріптестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеген тиімді болады деп есептейміз. Және де цифрлы теңсіздікті жою қажет», деді Й.Станкевичус.
Платформалық модельге көшу қажет пе?
Отандық IT қауымдастық өкілдері мұндай зерттеулердің әрбір мемлекеттік орган бойынша жеке-жеке жүргізілгені артық етпейді деген ұстанымда. Мамандар платформалық модель туралы айтылғанда, оның нақты тұтастай өлшемдері де түсіндірілсе деген пікірлерін жеткізді. Көпшілікті әлі де шетелдік бірыңғай технологиялық өнімге көшкен кезде цифрлы егемендігімізге нұқсан келмей ме деген сауал алаңдатады. Бұған сервистік интегратор ретінде «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингінің басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов былай деп жауап берді:
«Сервистік интегратор ретінде бірыңғай платформалық модельге көшу жөніндегі ұсынысты біз соңғы 5 жылда үнемі айтып келеміз. Біріктірілмей, шашырап жатқан ақпараттық жүйелердің салдарынан мемлекет үлкен шығынға батып жатыр. Өйткені бір орган бір технологияны қолданса, келесі ұйым басқа өнімді пайдаланады дегендей. Сондықтан біздің көздегеніміз – нарықтың барлық қатысушысына түсінікті ортақ стандарттағы біркелкі технологияға көшу. Бұл міндетті түрде біздің өнім болуы керек деген шарт жоқ. Қазір оның қандай болатыны жөнінде нарық қатысушыларымен бірігіп, ақылдасуымыз қажет. Түсінесіз бе, бұл технологияға кез келген ұйым ауысқан бойда оның теріс әсері болмауы тиіс. Технологиялық егемендікке тоқталсақ, әлбетте біз өзіміздің дербестігімізді сақтап қалуымызға мүдделіміз. Бірақ қандай технологиялық шешімге таңдау түсетінінен бейхабармын және оған құзыретім де жоқ. Сондықтан қандай да жауапты дөп басып айту қазір қиын. Әрине, бұл қойылатын талап пен жасалатын жағдайға да байланысты. Сервистік ұйым ретінде біздің берген кеңесіміз – бұл өнімді басқарып, қадағалау үшін бастапқы кодтар толығымен берілуі тиіс», деді холдинг басшысы.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин мемлекеттік орган жүйелеріндегі деректердің сапасыз екені жайлы, сол секілді сараптама негізінде осы проблеманың басты себептері анықталғанын жеткізді. Мысалы, бір нысан туралы дерек әр жерде әртүрлі енгізіліп, атап айтқанда бір базада қысқартылып, енді бір базада толық атауы жазылған.
«Сонымен қатар 32 мемлекеттік органның 128 деректер базасындағы метадеректерге талдау жасалып, ақпараттық жүйелердегі 1 млн-ға жуық жол мен 80 мың таблица зерделенді», деді Р.Коняшкин.
Зерттеудің барлық бағыты бойынша жасалған қорытындылар мен ұсыныстар платформалық үлгіге көшу кезінде электронды үкімет жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді, дейді құзырлы орган өкілдері.
Жауапты ведомствоның мәліметі бойынша зерттеу жұмыстарына консалтинг компаниялары, қазақстандық ІТ-сарапшылар мен нарық өкілдері тартылыпты. Сондай-ақ зерттеудің нақты есебі биыл ақпанның аяғына дейін «Зерде» холдингі мен «ҰАТ» АҚ-ның ресми ресурстарында жарияланады деп алға тартты министрліктің баспасөз қызметі.
Цифрлы даму министрі Бағдат Мусин ведомствоның тапсырмасымен жүргізілген зерттеу жұмыстарына мемлекеттің қаражаты бөлінгендіктен, оның нәтижесі де қоғам үшін, әсіресе сарапшылар қауымы мен ІТ-нарық үшін ашық және жариялы болуы тиіс екенін айтқан еді.