Президенттің негізгі ойларымен келісуге болады. Неге десеңіз, көпшілік Қазақстанда демократиялық процестердің қарқын алып, саяси тұлғалардың халыққа жақын болуын тілейтіні мәлім. Парламентте көппартиялық жүйенің қалыптасқанын дұрыс деп есептеймін. Мысалға айтсақ, қазір онда «Ауыл» партиясы ұсынылмаған. Бұл ұйымға Парламенттен орын берілуін ауыл халқы, оның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар асыға күтіп отыр. Сол себепті жоғарғы палатаға аталған партияның мүшелері де кіру керек деп ойлаймын.
Екіншіден, Президенттің партияның құрамында болмағаны да дұрыс шығар. Мұндай мысалдар көптеген өркениетті елде бар және қолданыста. Егер де шын мәнінде демократиялық мемлекет құрғымыз келсе, мұны да іске асыруымыз керек деп санаймын.
Үшіншіден, партияның деңгейін көтеру үшін оның өз ішінде іріктеу үдерісі жүруге тиіс. Айталық, бірінші хатшыны, облыстық жерлердегі атқарушы хатшыларды, бірінші орынбасарларды әкім тағайындамай партияның мүшелері таңдауы қажет. Себебі атқарылған жұмыс пен алға қойылған міндеттердің есебі болады. Осы арқылы олардың сайланып тағайындалғанын халық та біледі.
Аудан, қала, облыс әкімдерін де халық сайлау керек деген әңгіменің айтылып жүргеніне де біраз болды. Бұған түбі келеміз деп сенемін. Ал мұны іске асыру үшін осындай бастаманы партия бірінші болып жариялап, көтеруге тиіс. Демек осындай маңызды мәселелерде партия жауапкершілікті өздеріне алып, бастамашыл болуы қажет. Яғни саяси институт халыққа жақын болуды көздесе, бастамаларды көтере білуі керек.
Өңірлік мәслихаттардың қызметіне келсек, қабылдау жұмыстарын көбейтіп, кез келген мәселеге байланысты шешімді шұғыл әрі тиімді қабылдаудың тетіктерін енгізген дұрыс. Шындығын айтқанда, облыстық мәслихат депутаттарының құзыреті шектеулі. Мәселен, өңірлерде қандай да бір шешім шығарылса, соның әрі кетсе 5-10%-на ғана депутаттар өз ұсыныстарын айтып, жеткізуге мүмкіндік бар. Сол себепті өңірдегі депутаттардың құзыретін кеңейткен артық болмас.
Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ,
Qazaq Aqbas республикалық палатасының төрағасы,
Шығыс Қазақстан облысының мәслихат депутаты