Қазақстан • 09 Ақпан, 2022

«Бөкейхановты Қазақстанға жіберу қауіпті»

2180 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1927 жылы 21 мамырда Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (БМСБ) төрағасының орынбасары Генрих Ягода БК(б)П Орталық комитетіне және И.В.Сталинге бұрынғы Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов туралы хат жазып, оның Қазақстанға баруына мүлдем тыйым салу керек деген ұсыныс жасады.

«Бөкейхановты Қазақстанға жіберу қауіпті»

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Бірақ Г.Ягода бірнеше күнге кеш қалған еді. И.Сталин 17 ма­мырда-ақ Ф.Голощекин мен Н.Нұрмақовтың атына жеделхат жолдап, «Бөкейхановтың Қазақ­станға уақытша сапарына неме­се сіздерде оның тұрақты жұмысы­на қарсылық білдіресіздер ме, дереу хабар­лаңыздар», деп, Қа­зақстан басшы­ларының пікірін сұрағансыған болатын.

Шын мәнінде, сол кезеңде И.Ста­линге қарсы күшейіп тұр­­ған оппози­циялық блок­қа пи­ғылдас болған, әрі Қазақ­стан­дағы Ф.Голощекинге қарсы қа­зақ қайраткерлеріне дем бе­ріп отырған Ә.Бөкейхановты Қа­зақ­станға жіберу қауіпті деп танылған еді. Сонымен қатар, Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Нұрма­қов пен Ағарту халық комиссары әрі Ә.Бөкей­­хановтың туған күйеу баласы С.Сәдуақасовтың бұрынғы Алаш­орда басшысына деген ілтипаты 1925 жылдың өзінде-ақ БК(б)П ОК-не бел­гілі бола­тын. Сондықтан да, И.Ста­лин Ф.Голощекинге қосақтап, Н.Нұр­­ма­қовтан «пікір» сұрады. Өкінішке қарай, И.Сталиннің аталған жеделхатына Қа­зақстан басшыларының қандай жауап қай­тарғаны бізге белгісіз, бі­рақ осы 1927 жылдан бастап Ә.Бөкей­хановтың Қазақстанға ба­руына мүлдем тыйым са­лын­ды. Бұл Г.Ягоданың нақты ұсы­ны­сы еді.

Біз 2021 жылдың жазында Мәскеу қаласына барған ғылыми сапарымызда осы хаттың тү­п­нұс­қасымен танысқан болатынбыз. Бүгін хаттың толық мәті­нін қазақ тіліне аударып, Сіздердің назар­ларыңызға ұсынып отырмыз.

БМСБ төрағасының орынбасары Г.Ягоданың БК(б)П Ор­талық комитетіне және И.В.Ста­линге Ә.Н.Бөкейханов туралы жазған хаты

1922 жылы Бөкейхановтың Қазақ­станда болуы кеңестік және партия­лық құрылыстың қалыпты жүруін қиын­датады деп танылды, осыған орай ол Мәскеуге жер аударылды.

Жер аударуда болған кезін­де Бөкей­ханов өзінің бұрынғы прин­циптік ұста­нымдарынан бір де бір иотаға (өлшем бірлігі – С.Ш.) кері шегінбеді. Ұлт­тық араздықты қоздыруға, олар «отарлық» деп атайтын Мәскеу басшылығынан «азат етуге», пар­тияның Қазақ­стандағы прак­тикалық іс-ша­ра­ларына қар­сы іс-қимылға ба­ғыт­талған Бөкей­хановтың же­­лісі айқын көрініп тұратын бір­­қатар құжат (мәтінде: «Ряд до­кументов, через которые крас­­ной нитью проходит линия Бу­кейханова...» деп берілген – С.Ш.) осыны дәлелдейді.

1926 жылы Бөкейханов Ғы­лым академиясы жабдықтаған Қазақстанды зерттеу жөніндегі экспедицияға жіберілді.

Бөкейхановтың осы кезеңде­гі қыз­метіне жүргізген біздің бақы­лауларымыз Бөкейханов­тың Қа­зақстанда жүргізген анти­ке­ңес­тік үгіт-насихатының бір­қа­­тар фактісін анықтады. Бө­кей­ханов қазақтардың орыс қоныс­та­нушыларына деген өш­пен­ді­лігін қоздырды; халықты орыс­тардың Қазақстанға қоныс аударуына неғұрлым батыл қар­­сы тұруға үгіттеді; Кеңес билі­гінің жер­ді пайдалану мәсе­ле­леріндегі саясатының «дұ­рыс еместігін», Қазақстан жағ­дайында кооперация арқылы социализмге көшудің мүмкін еместігін дәлелдеді; жаңа оппозициямен ынтымақтастық­та болды.

Ол осы ой-пікірлерінің бар­лы­ғын экс­педиция мүшелері – қазақ студент­тері мен экспедиция тұрағына арнайы қажылық жасаған (бұл жерде Ә.Бөкей­хановқа арнайы барып, сәлем берген адамдарды «арнайы қа­жы­лық жасаған» деп жазып отыр. 1928 жылы Л.Троцкий Алма­тыға жер аударылған кезде де оны көруге, тілдесуге барған адамдарды ОГПУ өкілдері «совершили паломничество» деп суреттеген болатын – С.Ш.) Қа­зақстан жұмысшылары арасында дамытты. Осыған байланысты 1926 жылы қыр­­күйекте Бөкейханов БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті­нің келісімімен Қазақ­станнан Мәскеуге аластатылды.

Соңғы уақытта Бөкейханов Қазақ­станға баруға қатты талпынуда. Біздің материалдар Бө­кейхановтың бұл әрекет­терін Қа­зақстандағы антикеңестік және ант­ипартиялық барлық күш­тің бізге қарсы үлкен бірі­гу жолымен жүріп жатқан Қазақ­стандағы белгілі бір көңіл күй­мен байланыстырады.

Жоғарыда айтылғандарды ес­кере отырып, біз Бөкейхановтың Қазақстанға баруына рұқсат бермеу қажет деп есеп­тегенімізбен, жергілікті парторгандар оның Қызылордаға уақытша баруына қарсы болмай тұрғандықтан, біз Бөкей­хановтың Қазақстанда болу фактісінен туындауы мүмкін қауіп-қатерлер туралы сізді хабардар етуді жөн санаймыз.

Өз тарапымыздан біз бұл мәселені шешуді жолдас Голо­щекин келгенге дейін кейінге қалдыра тұруды және ол келген соң жеке сөйлескенді дұрыс деп тапқан болар едік.

БМСБ төрағасының орынбасары: Г.Ягода

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры