Қоғам • 09 Ақпан, 2022

Жетім курсант жүр әлі жүдеп-жадап...

809 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз.

Жетім курсант жүр әлі жүдеп-жадап...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ең бастысы дұрыс және әділ шешім шығару қажет» деген болатын. Бұл бағытта елімізде Президент тапсырмаларына сәйкес бірқатар игі іс қолға алынғанымен, мемлекеттік органдарда тамыры тереңдеп кеткен бюрократияның жаны сірілігі әлі де байқалып қалады.

Бұған мысал ретінде запас­тағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловтың «Ege­men Qazaqstan» газетінде жария­ланған (11 наурыз, 2021 жыл) «Же­­тім курсанттың жазығы не?» ма­­қа­ласында көтерілген әлеумет­тік әділдік мәселесі созбалаңға салынып, әлі күнге толық шешімін таппағанын айтуға болады.

Еске сала кетейік: Қостанай қаласындағы Балалар үйінде өс­кен тұлдыр жетім Татьяна Водо­лаз­кина орта мектепті 2017 жы­лы тәмамдаған соң осы ша­һарда орналасқан Ішкі істер ми­нис­трлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсуге құжат тапсырады.

Бірақ оның Ұлттық бірыңғай тесті­леуден және қосымша сынақтардан жи­наған балл көрсеткішінің жоғары болуына орай, академияның қабылдау комиссиясы Татьянаға Ұжымдық қауіпсіз­дік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісім негізінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер ми­нистрлігі бөлген квота бойынша Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі­нің Краснодар университетінде оқуды ұсынған. Әу баста бұған қуана келі­сіп, ІІМ-мен келісімшартқа қол қой­ған курсант қыз кейін өзіне жетім ретін­де туған елі – Қазақстанның қолданыс­та­ғы заңнамасында көзделген әлеуметтік жеңілдіктерден айырылып, тұрмыстық қиындықтарға тап болатынын сезбеген де еді. Атап айтқанда, ол нысанды киіммен, тегін тамақпен және мардымсыз лауазымдық жалақымен (стипендия) қамтамасыз етілгенімен, сабақтан тыс уақытта және каникул кезінде кие­тін азаматтық киім-кешек алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсауға бері­летін материалдық жәрдемнен қағыл­ды. Ал оның елордадағы «Астана» уни­верситетіне оқуға түскен сіңлісі Ека­терина мұндай жеңілдіктердің бәрін уақ­тылы алып тұрады екен.

Міне, осындай әділетсіздікке күйін­ген Татьяна адвокат Н. Ережепов арқы­лы ­2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Алма­ты аудандық сотына өзін оқуға жі­берген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үстінен та­лап-арыз түсіреді. Алайда азаматтық істі қараған судья Л.Рахметулина курсант қыздың өзіне ІІМ-нен 2017 жыл­дан бастап ақшалай өтемақы өндіріп алу жөніндегі өтінішін 26 қарашадағы шешімімен мүлдем қанағаттандырмай тастайды. Ол сот отырысына қатысқан прокурор Б.Рашитованың талапкердің талап-арызын ішінара қанағаттандырып, ақшалай өтемақыны 2017 жылдан емес, 2018 жыл­дан бастап төлету қажеттігі ту­ралы қо­рытындысына құлақ аспайды.

Әділдік іздеген Т.Водолазкина мен оның адвокаты Н.Ережепов 2021 жылы Алматы аудандық сотының шешіміне аппеляциялық шағым білдіріп, Нұр-Сұлтан қалалық сотына жүгінген. Бірақ істі қараған Азаматтық істер бойынша сот алқасы 2 ақпандағы шешімімен Алматы аудандық сотының шешімін күшінде қалдырған.

Содан кейін Татьяна қайтадан Ал­ма­ты аудандық сотына жүгінеді. Бұл жолы 2021 жылы 27 сәуірде азаматтық істі қараған судья Д.Байменов курсант қыздың ІІМ-ге қатысты талап-ары­зын ішінара қанағаттандырады. Нақ­ты айтқанда, аталған министрліктің Та­­тьянаға өтемақы төлеуден бас тарту жө­ніндегі шешімін заңсыз деп табады және оның өтінішін қайта қарап, бұзылған құқығын толық қалпына келтіруге мін­дет­тейді. Алайда сот ІІМ-ді курсант талап еткен ақшалай өтемақыны тө­леуге мәжбүрлеуден бас тартып, бұл жауап­кердің айрықша құзыреті деп санаған. Бұл шешіммен келіспеген ІІМ-нің аппеляциялық шағымын қараған Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық іс­тер жөніндегі сот алқасы 2021 жылы 7 шілдедегі шешімімен Алматы аудандық соты Д.Байменовтің шығарған шешімін дұрыс деп санап, еш өзгеріссіз қалдырған.

Соттың осындай солқылдақ шешімін­де Ішкі істер министрлігін Т.Водолазкина­ға қатысты заңдылықты қалпына келтіру­ге міндеттеу болғанымен, мәжбүрлеу шарасы қарастырылмағандықтан, онда­ғы шенеуніктер курсант қыздың талабын орындауға аса құлшына қоймаған сияқты. Соның салдарынан қазір РФ Краснодар университетінің соңғы курсында оқып жүрген Татьяна бүгінге дейін өзі азаматы болып саналатын Қазақстаннан үміттенген әлеуметтік көмегін ала алмай, жүдеп-жадап жүр. Ал оның мұқтажды­ғын шешу үшін Үкіметтің «Әлеуметтік кө­мек көрсетілетін азаматтарға әлеумет­тік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысына өзгеріс енгізу қажет болып шықты. Осы құжатта өз еліміздегі жо­ғары білім беру ұйымдарында (түріне және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан) тәрбиеленетін және оқитын жетім балалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балаларға әлеу­меттік көмек көрсету көзделгенімен, ол мем­лекетаралық келісімдерге сәйкес шетелдердегі жоғары оқу орындарында оқитын жетімдерге қарастырылмаған екен. Бірақ іс жүзінде мұндай әлеуметтік көмек Білім және ғылым министрлігі­не қарасты білім беру ұйымдарында оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ғана беріліп келген, ал олардың Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орын­дарында оқитын тағдырластары мем­лекеттің мұндай қамқорлығынан мүлдем шет қалдырылғаны анықталып отыр.

– Өзім де жас кезімде жетімдіктің кермек дәмін татып өскендіктен, Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын бас­қарған кезімде жетім курсанттардың жағ­дайын біліп, хал-қадерімше көмек беруге тырыстым. Олардың Үкіметтің №320 қаулысында көзделген әлеуметтік көмекті алмайтынын анықтап білген соң 2017 жылдан бері осы көкейкесті мәселені көтеріп, хат жазбаған инстанциям қалмады. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп, жетім курсанттар тағдырына жүрдім-бардым қарады. Тек Egemen Qazaqstan республикалық газетінде жарияланған мақалама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, былтырғы 15 наурызда «Өзекті мәселе, жүйелі түрде шешу керек» деген нұсқау жазып, бір­қатар мемлекеттік орган басшыларына тапсырма бергенінің арқасында ғана сең қозғалды.

Нақты айтсақ, Ішкі істер министрлігі 2021 жылдың 8 сәуірінде өзіне қарасты жоғары оқу орындарының басшыларына сол білім беру ұйымдарында оқып жүрген 25 жетім курсантқа әлеуметтік көмек көрсету мәселесін шешу қажеттігі туралы нұсқау хат жолдады. Алайда бұл нұсқау осы күнге дейін іске асқан жоқ. Бұған қоса мүдделі Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері Ресейде оқып жатқан жалғыз курсант Татьяна Водолазкинаның мәселесін шешуді де тым созып жіберді. Үкіметтің №320 қаулысына енгізелетін өзгерістер жобасы келісу үшін мемлекеттік органдарға бір емес, екі рет жолданып, бюрократиялық бөгесінге тап болып тұр. Ал Татьяна оқуын аяқтауға жақын. Бес жыл бойы ала алмаған ақшалай өтемақысы қолына қашан тиетіні белгісіз. Әбден ұят болды... – дейді запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов.

Шынтуайтында, Мемлекет басшы­сының осыдан бір жыл бұрын берген тапсырмасын әлі толық орындамай, жырақта жүрген жетім курсант қыз­дың және өз елінде жүріп Конституция ар­қылы кепілдік берілген әлеуметтік кө­мекке қолдары жетпей, мұқтаждық көр­ген ұл-қыздарымыздың көз жасына қалып отырған Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері басшыларының жаны ашымастығына қарап, жағаңды ұстайсың...