Театр • 11 Ақпан, 2022

Жасыл құрлықта жарқырады

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Ballet International Gala әлемдік шоуы аясында Аустралия елінде абыройлы өнер көрсетіп қайтты. Талантты әртістің балеттегі мінсіз техникасы мен шеберлігі жасыл құрлық көрермендерін таңдай қаққызды.

Жасыл құрлықта жарқырады

26 қаңтардан 5 ақпанға дейін жалғасқан би өнерінің жәрмеңкесіне Қазақстаннан бөлек, Ковент-Гарден Корольдік бале­ті, Америкалық балет театры және Квинс­лендск балетінің жетекші солистері қа­ты­сып, үздік тәжірибелерімен бөлісті. Пла­нетаның түкпір-түкпірінен барған үздік бишілер Аустралияны бекзат өнердің нағыз думанына айналдырды.

Ballet International Gala әлемдік шоуы  – бұл байқау немесе жарыс болмағанымен, онда Олимпия ойындарының бір жұрна­ғы бар: күллі әлемнің үздік балет әртістері өздерінің мінсіз техникасын көрсетіп, осылайша ерекше мерекелік атмосфера тудырады. Айтулы шарада Қазақстанды талантты биші Бақтияр Адамжан таныстырды. Бидегі сахналық жұбы «Астана Операның» талантты әртісі Шұғыла Әдеп­ханмен бірге А.Хачатурян­ның «Спар­­так» балетінен үзінді орындады.

– Аустралия елінде өткен өнер сапарымыз шығармашылық жолымыздағы үлкен мектеп болды. Тамаша тәжірибе жинап қайттық. Жергілікті көрерменнің де балет өнерін түсініп, қабылдауы ерек­ше. Бұл олар үшін айтулы оқиға бол­ғаны сөзсіз, залда ине шаншар орын болмады. Жасыл құрлық халқының балет әртістеріне көрсеткен қошеметі мен құрметі көңілімізге айрықша әсер етті. Елге зор шабыт алып оралдық, – деп Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан өз әсерімен бөлісті.

Әртістің айтуынша, ол әріптестерімен жылы достық қарым-қатынас орнатқан. 

– Балет әлемі өте тар, сондықтан біз бұған дейін бір-бірімізбен таныс болмасақ та, әлеуметтік желілер арқылы сырттай білетінбіз. Ballet International Gala әлемдік шоуы сондай үздік әріптестерімізбен жақынырақ танысуға, шығармашылық тұрғыдан тәжірибе алмасуға тамаша мүм­кін­дік берді, – дейді ол.

Бақтиярдың балеттегі жұбы Шұғыла Әдепхан да серіктесінің пікірін қуаттады: – Өнер сапарынан тек жақсы әсер алдым. Біздің нөмір бәріне ұнады, тамсанбаған жан қалмады. Әр балет мектебінің және әр шетелдік әртістің өзіндік кәсіби ерекшелігі бар. Біздің бір-бірімізден ерекшеленуіміз заңдылық. Бұл қай-қайсымызға да  қуат, мотивация алуға, шабыттануға мүмкіндік береді.

Ballet International Gala жобасы балет­тің жетекші әртістерін жинай отырып, көпшіліктің назарын аударды және бұқаралық ақпарат құралдарында кең ре­зонанс туғызды. Ең қызу талқыланған орындаулардың бірі «Астана Опера» әртістерінің нөмірі болды, ол туралы бірқа­тар аустралиялық және әлемдік бұ­қара­лық ақпарат құралдары жарыса жаз­ды. Айтулы басылымдар ішінде The Australian, The Courier Mail, The Mercury, The Cairns Post және басқалары бар. Шоу қатысушылары да әлеуметтік желілерде Қазақстанның астанасынан барған өз әріптестері жайлы таңданыстарын білдіріп жатты.

Ең ірі аустралиялық сыншылардың бірі – өнер шолушы Фил Браун The Courier Mail газетінде Бақтияр мен Шұғыланың өнеріне жоғары баға берді:

– «Спартак» балетінен үзінді орындаған қазақстандық қос биші – Бақтияр мен Шұғыланы көргеніме сене алар емеспін. Оларға мұнда жету оңай болмады, алайда қажетті құжаттардың болуы және BIG-тің басқа да қатысушыларымен бірге каран­тинді сақтаудың нәтижесінде олар ковидті болдырмай, мақсаттарына жетті. Қазақстандық жұп кезінде жазылған ең әде­мі әуендердің бірі – Арам Хачатурянның музыкасына керемет биледі. Және де Адам­­жанның бейнесі шынайы Спартактан ай­ны­май қалды. Бұл жұптың өнер көрсетуі таңғал­дырарлық қуатты және әдемі болды,  деді Браун.

Ballet International Gala әлемдік шоуында өнер көрсету мәртебесі биыл  Орта­лық Азия мемлекеттерінің ішінен тек Қазақстан ғана бұйырыпты. Еліміздің абы­­ройын жат елде асқақтатқан өнерлі жұп балет өне­ріндегі кезекті биігін бағын­ды­рып қайтты. Ал «Астана Опера» театры ба­лет труппасының жасампаз жұмыстары әлемдік деңгейдегі әйгілі орталықтармен афишада қатар тұруы – өз алдына зор мәртебе.