Әдебиет • 13 Ақпан, 2022

Теңізбен ерегес

1357 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жығылғысы, жеңілгісі келмейді адам. Жеңілгені былай тұрсын, жеме-жемге келгенде, бір нәрсені мойындауының өзі қиын. Қайткен күнде қапысын тауып жеңіп кетуді ойлап тұрады. Әйтеуір осы психология адамзатқа ертеден тән секілді. Түпсана солай ма, білмедік.

Теңізбен ерегес

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шамасы келсе, ақылы жетсе асып жығылмай ма пенде баласы? Болмаса да асып түсуді ойлап тұратын әдет кейінде таңылған шығар, кім біліпті. Жығылып тұрса да, байқаусызда сүрініп кеттім деп құтылатын адамзат ауылының балаларын талай көрдік. Сыртымыздан бас изегенімізбен, жүгіне де бермейтініміз жасырын емес-ау. Жұмекен Нәжімеде­нов болса, «Теңіз, міне. Теңіз менің не теңім, Теңім менің – табынумен өте­мін!» деп қойып қалады «Теңіз» өлеңінде. Мойындап та, жүгініп те тұрғанға ұқ­сай­ды. Өлең алғашқы екі сөзден соң бірден шиеленіседі. Оқырман алдына тұтас теңізді жая салу үшін автор «теңіз, міне» деп екі ақ ауыз сөз шығындапты. Әрі қарай ой иіріміне ала жөнеледі. «Теңіз менің не теңім» расында. Адамзат теңіз тұрмақ тағдырының да алдында қауқарсыз. Екінші жолда онсыз да шарасыз жанның жүрегін зырқ еткізеді: «Теңім менің – табынумен өтемін», деп.

Қолдан келер қайран жоқтай шарасыз кепке түскеннен басқа аянышты не бар? Теңізге қарап алып, табиғаттың алдында осыншама әлсіздігіңізді бір ойлап аласыз да, өмірді қайыра жалғастырып кетесіз. Енді бұдан былай теңіздің ішінде өмір сүруге тура келеді. Өйткені іштей мойын­дап қойдыңыз ғой ұлылығын. Және сол ұлылылық пен мықтылыққа деген ерегес бой көтеруі мүмкін іште. Теңіздің ыстығы мен суығына қатар төзіп, дауылында шынығып, тау толқындарын бастан өткермей бағындыру қайда? Бағындыру дегеннің өзі артық. Теңіздің бір бөлшегіне немесе толқынына айналу десе дұрыс. Сөйте жүріп теңізге айналып шыға келгеніңізді өзіңіз де байқа­май қалуыңыз мүмкін бе, сірә?! Өлеңде ­бас­тапқыда бізді «әуреге» түсірген екі жол, одан әрі теңіз стихиясы көшеді:

Теңіз, міне. Теңіз менің не теңім,

Теңім менің – табынумен өтемін!

Толқын тулап жағаны асты,

жарды асты,

Мөлт-мөлт етіп көбік-көздер

арбасты.

Неткен ғажап, неткен ғажап

бұл теңіз!

Бұл теңіз бен аспан егіз, бұлт егіз.

Жатыр шексіз қасіретсіз шалқып ол

Ұлылықтың, сұлулықтың даңқымен.

Бас ием мен сол даңққа амалсыз.

Амалсызбын – ол күшті де мен әлсіз», дейді.

Теңізге қарап тебіренген ақын жү­регінің бір тығыны ағытылып кеткендей, өзегінен ой теңізі сөйлеп кеткені сезіледі. Айдын бетіне амалсыз тас атқаннан аулақ, дәрменсіздіктен гөрі, өз жүрегінен өткізіп, теңіз қасиетін танып сөйлеген және соған сендіре білген ақын. Теңізді танытуға да ішіңде бір теңіздей күш тулап жатуы керектігін сездіретін сияқты. Әйтпесе, алдыңғы шумақтарда әлгіндей деп алып, бұдан әрі ағысқа қарсы жүзер ме еді?

«Уа, ұлылық! Атың кімді бұзбаған

Дәл өзіңді теңізден де қызғанам!

Теңіз, теңіз, даңқ-атақтың құлы көп,

Шынында сен не тындырдың

ұлы боп?!

Толқын, тулап жарға қарғып,

ал, шық, ал,

Жаралғаныңды ұмытпа

тек тамшыдан.

Тебірен, теңіз, тебіренгенің –

далбаса,

Басың сүйеп құлайтын

Қара жерің болмаса»

Туынды Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасымен алыстан үнде­сетін сыңайлы сезіледі. Олай болатыны, біз мысалға келтірген осы кейінгі үзіндіні адамзатқа қарата айтса да келе береді. Ұлылыққа да қарата айтуға болады. «Шал мен теңізде» дәрменсіз балықшының тіршілік үшін күресте титықтаса да бе­ріл­меуі, өмірлік мұрат жолында серттен таймаған жан­кеш­тілік қылаң береді. Сөйте тұра, өмір бойы қол жеткізсем деген жайынды аулап алғанымен, онысы акулаларға жем болады. Қаншалықты жігерлі, жанкешті, айлакер болғанымен адам соншалықты дәрменсіз, шарасыз көрінеді. Балықшы жетім шалдың сертін ақтаған жалғыз сүйеніш – оны уайымдап, зарыға күткен баланың махаббаты ғана. Шығарма соңында балықшыға деген баланың махаббаты бәрінен биік болып қалады. Ал Жұмекеннің «Теңізіндегі» мына жолдар ше? «Уа, ұлылық! Атың кім­ді бұзбаған, Дәл өзіңді теңізден де қыз­ғанам! Теңіз, теңіз, даңқ-атақтың құлы көп, Шынында сен не тындырдың ұлы боп?!».

Әркімнің көксеген бір-бір арманы бар. Өмірін суда өткерген балықшы да күнелту үшін ғана қармақ салмайды теңізге. Ең үлкен балық аулап, даңққа жетті делік, не шықты? Теңіздің көлемімен қарағанда түк емес қой. Былайша айтқанда, қане шыққан мүйізің?! «Жаралғаныңды ұмыт­па тек тамшыдан». Бойыңда жалғыз тамшы махаббат болмаса, бәрі бекер. Соны жоқтан бар еткен құдіретті сезе алсаң бақыттысың. Теңіздің өзі де бір құдірет, бірақ ол түйсіксіз жаратылыс. Тебіреніп, торықпайды, өлемін деп қорықпайды. Өмірдің мәнін бағамдау тек адамның маңдайына жазылған. Өлім болмаса оның да ешбір мағынасы жоқ.

«Тебірен, теңіз, тебіренгенің далбаса...»