Финалдық матч 42 000 көрерменді сыйдыра алатын Мұхаммед бин Зайед стадионында өтті. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін қос команда ширақ қимылдай бастады. Нәтижесінде, 55-минутта Каллум Хадсон-Одойдың әуелетіп берген пасын Ромелу Лукаку қақпаға дөп түсіріп, ағылшындарды алға шығарды. Арада тоғыз минут өткеннен соң бразилиялықтар таразы басын теңестірді. Бұл голды Рафаэл Вейга соқты. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағаннан соң ойын овертаймға ұласты. 117-минутта Кай Хаверц 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздеп, кездесудің соңғы нүктесін қойды. Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жеткен «Челси» аталған жарыстың жеңімпазы атанды.
Мысырдың «Әл-Ахли» мен Сауд Арабиясының «Әл-Хиляль» клубтары арасындағы үшінші орын үшін бәсеке Аль-Нахайян стадионында өтті. Бұл матчта Каирдан келген футболшылардың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Олар қарсыластар қақпасын төрт мәрте дәл көздесе, саудиялықтар бірде-бір рет жауап қайыра алмады. Есеп – 4:0. Бұл голдардың авторлары – Яссер Ибрагим (8 және 17-минут), Кадер Ахмед Абдель (40-минут) және Әмір әл-Суллайя (64-минут). Сөйтіп, «Әл-Ахлиге» қола медаль бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, клубтық әлем чемпионаты 2000 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта Мадридтің «Реалы» ең көп олжаға кенелді. Корольдік клуб төрт рет (2014, 2016, 2017, 2018) топ жарды. Испанияның тағы бір командасы – «Барселона» үш мәрте (2009, 2011, 2015) бас жүлдені олжалады. Сан-Паулудың «Коринтиансы» (2000, 2012) мен Мюнхеннің «Бавариясы» (2013, 2020) екі реттен дара шықты. Бразилияның «Интернасьонал» (2006) мен «Сан-Паулу» (2005), Италияның «Милан» (2007) мен «Интер» (2010), Англияның «Манчестер Юнайтед» (2008), «Ливерпуль» (2019) және «Челси» (2021) клубтары бір-бір мәрте дәл сол биіктен көрінді.