Қазақстан • 16 Ақпан, 2022

Елімізде мұрағат үшін мамандандырылған ғимараттар жетіспейді

473 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік мұрағаттар үшін ғимараттардың жетіспеушілігі мәселесін қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде мұрағат үшін мамандандырылған ғимараттар жетіспейді

«Енді мұрағат ісі саласына қатысты. Республикада 229 мемлекеттік мұрағат жұмыс істейді. Бұл ретте мемлекеттік мұрағаттардың типтік мамандандырылған ғимараттарының жетіспеушілігі байқалады, олардың үлесі тек 14,7%-ды құрайды», деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ведомствоның кеңейтілген отырысында.

Министрдің айтуынша, жүргізілген талдау республика бойынша 128 нысан салу қажеттігін анықтады.

Ол жетекшілік ететін вице-министрге жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мұрағат қоймаларының көлемін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Сонымен қатар, негізгі сервер істен шыққан жағдайда «Е-мұрағатты» резервтік серверлермен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ұлттық және өңірлік мұрағаттармен өзара іс-қимыл проблемасы бар. Жүйелерді біріктіру ресми түрде жүзеге асырылды, бірақ іс жүзінде ол толық жұмыс істемейді. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мен оны жеке бақылауымда ұстаймын», деді Дәурен Абаев.