Парламент • 17 Ақпан, 2022

Сенаторлар ЕАЭО-ның электр энергетикалық нарығы туралы заңын қабылдады

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату туралы ел Президентінің ұсынымын қарады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар ЕАЭО-ның электр энергетикалық нарығы туралы заңын қабылдады

Нәтижесінде сенаторлар тиісті қаулыны қабылдап, Жаңылсын Архарова Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды.

Сонымен қатар отырыс барысында екі заң қаралып, қабылданды. Олардың бірі ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығында электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылау тәртібін регламенттейді. Мұндай нормалар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңда жазылған.

«Қабылдаған заң Еуразиялық экономикалық одақта ортақ электр энергетикалық нарық қалыптастыруды және Ұйымға мүше мемлекеттер арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ бұл құжат экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Алдағы уақытта мұның бәрі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз», деді заң туралы пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл келісімге 1994 жылы қабылданған алдыңғы Шарттың нормаларын жандандыру үшін 2020 жылы қол қойылды. Себебі алдыңғы Шарттың ережелері бүгінгі талаптармен салыстырғанда ескірген немесе қазірдің өзінде іске асырылған.

Шарт әскери өзара іс-қимылды нығайтуға, өңірлік қауіпсіздіктің сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы әрекет етуге, тиісті мәселелер бойынша штабтық келіссөздер мен консультациялар өткізуге арналған. Құжат жедел және жауынгерлік даярлық бағытындағы ынтымақтастықты, атап айтқанда, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуді де қамтиды.

Сондай-ақ отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Ақылбек Күрішбаев былтыр елімізде 30 жылда болмаған қуаңшылық орын алып, салдарынан агробизнес саласы айтарлықтай зардап шеккеніне назар аударды. Соған байланысты ол алдағы егіс науқанына уақтылы дайындықты қамтамасыз ету үшін шаруаларға мемлекет тарапынан толық көлемде және сапалы қолдау көрсетуді ұсынды.

Динар Нөкетаева еліміздің ішкі көші-қон саясатының идеологиясы мен нақты бағыт-бағдарын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Сүйіндік Алдашев Үкіметті Жаңаөзен қаласындағы проблемалық мәселелерді шешуге шақырып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету, қазіргі өндіріс орындарын әртараптандыру және жаңаларын ашу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Сұлтан Дүйсембинов елдегі діни ахуалды терең зерделеу арқылы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама дайындау керектігін айтты.

Андрей Лукин субсидия алу үшін шаруалар өтінім беретін «Qoldau.kz» платформасын мемлекеттің меншігіне беруді сұрады. Қазіргі таңда фермерлер өтінім беру мүмкіндігі үшін ғана 1,7 млрд теңгеден астам қаражат төлеуге мәжбүр болып отыр. Ал негізі мұндай рәсімдер eGov электрондық үкімет порталында тегін болуға тиіс.