Президент • 17 Ақпан, 2022

Лаңкестер мен қарақшыларды қаһарман деуге болмайды – Президент

984 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент «Әрбір азамат еліміздің патриоты болуға тиіс» атты сұхбатында қасіретті қаңтар оқиғасындағы бұзақылардың әрекетіне де жан-жақты тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Лаңкестер мен қарақшыларды қаһарман деуге болмайды – Президент

Мемлекет басшысы өз сөзінде бірқатар азаматтардың жазықсыз жандарды қамауға алды деген пікірмен ғана жүргенін тіліне тиек етті. Олардың сол ұранды ел ішіне таратып, қате көзқарас туындатуға тырысатынын да атап өтті.

«Бұзақылар туралы мәселеге келсек, кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ақиқатқа көз жеткізбей жалған сөйлейтіндердің айтқанына илануға болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ әрбір істі мұқият зерделеу қажеттігін ескертті.

«Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.