Қазақстан • 18 Ақпан, 2022

Қостанай даласында туған біртуар тұлға

469 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Белгілі ғалым, Қазақстан ғылымы мен білім беру ісінің ұйымдастырушысы, академик К.Ә.Сағадиевтің 84 жылдық мерейтойы сияқты айтулы күн де жақындап қалды. Бұл оның қатысуынсыз өтетін алғашқы мерейтой. Міне, екі жылдай уақыт өтті, тағдырдың жазуымен ол біздің арамызда жоқ. Бірақ оның сәулелі келбеті біздің жүрегіміз бен санамызда мәңгілікке қалып қойғандай әсер қалдырды. Ол айрықша жарқыраған жұлдыз тәрізді ерекше тұлға болатын, сол себептен де мен осы мақаламда оны біртуар деп атап отырмын.

Қостанай даласында туған біртуар тұлға

Әрине, болашақ академиктің адами тұрғыдан қалыптасуына оның ұлы жерлестері, кейінгі ұрпаққа білімге ұмтылудың асқақ рухын қалдырып кеткен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың үлкен әсер еткені де даусыз. Осы тұлғалардың көзін көрген ата-аналары мен жақындарының олардан қалған ұлы мұраны кейінге жеткізе білуі, талантты жастардың жаңа шоқжұлдызының пайда болуына тұғырлы негіз болды. Өмірдің ұлы заңдылығының өзі де осында емес пе?!

Осы орайда сенатор Алтынбек Нұхұлының Ахмет Байтұрсынов сынды көрнекті отандасымыздың 150 жыл­дығын тойлауды ЮНЕСКО бағ­дарламасына кір­гіз­генін, ал экранға 6 сериялы тарихи фильм шығуына бас­та­машы болып отырғанын да риза­шылықпен жеткізгім келеді.

Ұлы Отан соғысы басталардан 3 жыл бұрын Қостанай облы­сының Жангелдин ауда­ны­ның №1 ауылында ферм­а меңгерушісі Сағади Тыныштықбаевтың отбасында дүниеге келген оның өмір жолы сол бір күрделі жылдарға тап келді. Әлі бұғанасы да қатпаған 12 жасында әкесі қайтыс болып, ерте есеюге тура келді. Мектепті үздік бітірді, ҚазМУ-дің экономика факультетінде өткіз­ген студенттік жылдарында сталиндік стипендиат болды.

Одан соңғы Мәскеуде өткізген жыл­дарының нәтижесін: «Мате­риалды-техникалық жабдық­тау­дың эко­номикалық тиімділігін арттыру мәселелері (теория, ме­тодология және арттыру жолдары)» тақырыбында 39 жасында қорғаған докторлық диссертациясынан көруге болады. Сонымен қатар 4 жоғары оқу орны мен Қазақстанның Ұлт­­тық ғылым академиясын бас­­қарған, еліміздің Парламенті Мә­­жілісінің депутаты мен Қар­жы және бюджет жөніндегі ко­ми­тет­тің төрағасы болған жыл­дары да оның еселі еңбегінің айқын кө­рінісі еді.

Осындай ұлағатқа толы еңбек жолы да ұлы өзгерістер мен ота­ны­мыздың игілігіне бағыт­талған көптеген нақты істермен толығып отырды. Оған оның өзіндік жетілу жолынан бір сәтке де таймауы бірден-бір себеп еді. Менің ойымша, бұл оның өмір­лік принциптерінің бірі болды. Оның ойында әр іске «ұсақ мәсе­ле ретінде қарау» деген ұғым болмайтын.

Егер де ол бір іске кіріссе, осы істің барлық бүге-шігесі­мен тү­гел таныса отырып, тыңғы­лықты атқаратыны соншалық, жұмыс нәтижесімен танысқан адамдарда Кенжеғали Әбенұлы осы мәселемен бірнеше жылдар бойы айналысып келе жатқан және осы істің аса білгірі сияқты пікір қалыптасатын. Оның ерек­шелігінің өзі де терең де аса кең біліктілігінде, дұрыс мақсат қоя алу мен оны нәтижелі шешудің тиімді жолдарын таба білуінде еді.

Осыларды ескере отырып, біз оны 1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының президенттігіне сайладық.

Осы жағдаяттың бір айрық­ша­лығы, алғаш рет акаде­мия тарихында оның прези­ден­ті ре­тінде ҰҒА кор­респон­де­нт-мүшесінің сайлануы еді. Біз оның ғылыми да және ғылыми-ұйымдастырушылық та қабілеті­нің кеңдігін біле отырып сенім артып, осындай тәуекелді іске бара білдік. Кейін сыншыл­ уа­қыт пен оның табанды еңбе­гінің нәтижелері біздің қате­лес­пегенімізді көрсетті. Ол акаде­миялық ғылымды қоғамның үз­дік­сіз дамуының тұғыры ре­тін­де сақтап қалу үшін көп еңбек сіңірді. Осы орайда Ғылым ака­демиясының бірінші президенті Қ.И.Сәтбаевтың: «Ғылым мен білімсіз Қазақстанның, тіпті кез келген басқа елдің ешқандай бо­лашағы жоқ» деген ұлағатты сөз­­де­рін де еске алғанымыз дұ­­­­­рыс шығар?! (Қаныш Иман­та­й­­ұлы­­ның осындай даналық пі­кі­­­рін негізге ала отырып, ол елі­­міздің ғылымы мен білімін да­­­мы­туға бағытталған бірталай бі­ре­гей істерге мұрындық бол­ды. Атап айтқанда, оның бас­та­ма­шылығымен 4 жаңа ғылыми-зерттеу институты (жалпы генетика, социология және политология, фитохимия және аймақтық экономика) құрылды.

Соңғы екеуі Қарағанды мен Шымкент қалаларында ашылды. Фитохимия институтының қазіргі кезде «Фитохимия» ха­лық­аралық ғылыми-өндірістік холдингіне айналғанын және бү­кіл әлемге танымал болып отыр­­ғанын да ерекше атап өткім ке­ле­ді. Сонымен қатар оның 1995 жылы біздің қаламызда академик Е.А.Бөкетовтің 70 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйым­дастырып және өткізгені де есте қаларлықтай шара болды.

Ағылшын тілінде «Ұлттық ғылым академиясының баяндамалары» ғылыми журналы шыға бастады.

Ол ғылыми қызметкерлердің жалақы мөлшерін 2 есе көтеруге қол жеткізді. Бұл игі шара елі­міздің ғылыми мекемелеріне талантты жастардың көбірек келе бастауына жол ашты. Сонымен қатар оның бастамашылығымен еліміздің Үкіметі көрнекті ға­лымдарға мемлекеттік стипендия тағайындады. Бұл шараны да ғылыми қауымдастық үлкен әсермен қабылдады. Өкінішке қарай, бүгіндері ғалымдардың жалақысын шын мәнінде өсіретін кездің келіп жеткенін тағы да көтеретін мезгіл туды. Жақсы мы­салды іздеп, алысқа барудың да қажеті жоқ.

Өз еліне аянбай қызмет ету­дің осындай мысалдарын көп­теп келтіруге болады. Ол депутат болған жылдары, мен ай­налымдағы баспасөзді мұқият оқу арқылы, телеберілімдердегі жа­ңа­лықтарды көре отырып, біз­­дің Кенжекеңнің еліміздегі жағ­дайды жақсарту үшін не ұсы­­натынын біліп отыратынмын. Ол осы бағытта да алдына жан салмайтын. Оның дәйекті, терең ойластырылған сөз сөйлеу мә­не­рі, аздаған және өзіне жарасымды акценті, сыртқы бейнесі – осының бәрі адамды тартып тұ­ратын және көбіміз бар ісі­мізді тастап, оны зейін сала тың­­дайтынбыз және үнемі тәнті бо­ла­тынбыз. Отандастарымыз үшін аса маңызды және шешімі табыл­ма­­ған көп сұрақтарға жүйе­лі жауаптар алатынбыз.

Тоқетерін айтсақ, осының бәрі түптеп келгенде оның мемлекет қайраткері және ғалым ретіндегі беделінің артуына себеп болды. Осы жерде тағы да аме­рикалық философ Джон Мил­дің: «Мемлекеттің мәртебесі оны құрайтын тұлғалардың мәрте­бе­лерімен анықталады», – де­ген сияқ­ты ұлағатты сөздеріне жүгін­гім келіп отыр.

Осындай бағаны біз, өзін өзі жүйелі түрде тәрбиелеуші ең­бек­тің нәтижесінде ғана жасап шығарып, Біртуарға айнал­ған Кенжеғали Сағадиевтің тұл­ға­сы­на бере аламыз. Бәрі­міз­дің санамызда оның осы бей­несі ғана сақталып қалды. Жа­ның жән­натта болсын, аяулы бір­туа­ры­мыз!

 

Зейнолла Молдахметов,

ҰҒА академигі

 

АЛМАТЫ