Аймақтар • 18 Ақпан, 2022

Жоқ малды субсидиялаған

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасында экспорт өнімдерін шығаратын кәсіпорын басшылары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты облыстық департаменттің өкілдері бас қосып, кәсіпкерлерді түрлі салада бой көрсетіп қалып жататын жемқорлық тәуекелдерінен қорғау мәселесін сөз етті. Сонымен қатар жиында ауыл шаруашылығын субсидиялау барысында туындайтын жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жолдары қарастырылды.

Жоқ малды субсидиялаған

Кездесуде департамент басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов кейбір мемлекеттік органдар әлі де болса кәсіпкерге қызмет көрсету мерзімін созып жіберу немесе басқа да түрлі негізсіз кедергілерді ойлап табу сияқты келең­сіз­діктерге жол беріп отырғанын айтты.

– Мұндай келеңсіздіктерді біз бірлесе жұмыс істегенде ғана жоя аламыз. Әсі­ресе сыртқы сауда саласындағы жем­қорлық тәуекелдерін болдырмауға, елі­міздің экономикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге күш салуымыз керек, – деген департамент басшысының орынбасары ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау барысын талдау жұмыстарының қорытындысын мысал етті.

Мәселен, ауыл шаруашылығын субсидиялау түрінде қолдауға соңғы 5 жыл ішінде мемлекет 2 трлн теңгеден ас­там қаржы бөліпті. Алайда осыншама қы­р­уар қаржының мақсатты жұмсалуын бақылаудың жоқтығы мен жең ұшынан жал­ғасқан сыбайлас жемқорлық тә­уекел­дері мемлекет қолдауының тиім­ділігін едәуір бәсеңдетіп жіберген. Суб­сидиялардың бөліну тәртібін талдау нәтижесінде көптеген олқылық пен түрлі айла-тәсілдер арқылы бюджет қаржысын қымқыруға бағытталған қыл­мыстық амал-әрекеттер анықталған. Олар­дың ішінде, тіпті ауылшаруашылық та­уарларын өндірушілердің өздері де бар көрінеді. Алайда Данияр Смағұлов кәсіпкерлердің көбі мұндай алаяқтық әрекеттерге білместікпен араласқан дейді.

Басқосу барысында ауыл шаруашы­лы­ғын субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің әлсіздігі жөнінде де сөз болды.

– Субсидиялау саласындағы ақпарат­тан­дыру жүйесі жетілдірілмеген, сон­дық­тан демеуқаржы алғысы келетін көп­шілік жалпыға ашық, қолжетімді болуға тиіс ақпараттық базаны дұрыс пайдалана алмай отыр. Бұл құзырлы органдардың өкілдерінің өз қалауынша шешім қабылдауына мүмкіндік беріп келген. Мысалы, ақпараттық жүйеде орын алып келген олқылықтардың салдарынан шенеуніктер мал шаруашылығы саласындағы мәліметтерді бұрмалап көр­сетіп отырған. Осылайша, түліктің түрін, жасын өзгертіп көрсетіп, бір табын малға бірнеше рет субсидия бөлген, тіпті жоқ малды субсидиялаған жағдайлар белгілі болып отыр. Яғни талдау-тексеру жұмыстары барысында фермада жоқ, бірақ субсидия бөліну үшін ақпараттық жүйеде ғана тіркеулі тұрған мал басы анықталып жатыр. Кейбір жүйелер арқылы субсидия алу пайдаланушының компьютерге икемі бар-жоқтығы мен интернет сапасына тәуелді болып отыр. Субсидия қаржысы санаулы секундтардың ішінде бөлінеді, ал пайдаланушы көп жағдайда зу етіп өте шығатын қысқа уақыт ішінде қажетті тетікті басып үлгермей қалады немесе интернет қуаты әлсіз болғандықтан операция аяқсыз қалады, – деді Д.Смағұлов.

Спикердің мәліметінше, кейбір шенеу­­ніктер қызмет алушылардың ЭЦҚ-сы мен ­жеке деректерін пайдалана отырып, кәсіпкерлерге құны асыра көрсетілген жұмыс істемейтін немесе сапасыз құрылғылар мен жабдықтарды үлескер фирмалар арқылы жеткізіп беріп отырған. Мұндағы бір ғана мақсат – субсидия арқылы бөлінген басы артық ақшаны қалтаға басып қалу. Тіпті кейбір жағдайларда жалған шарттар жасалып, шаруашылыққа жіберілуге тиіс жабдық сол күйі жеткізілмей қалған.

Басқосу барысында сөз алған Қоста­най облыстық кәсіпкерлер палатасы ди­рек­торының орынбасары Самат Сәдуа­қа­совтың айтуынша, «Атаме­кен» филиа­лы 2021 жылы өңірдегі 77 кә­сіпкердің шағымын тексеріп, нәти­же­сін­де бизнес өкілдерінің 997 млн теңге көле­міндегі мүліктік құқын қорғап қал­ған.

– Бұл шағымдардың көбі салық орын­­да­рының шешімдері мен іс-әрекет­те­­ріне, мемлекеттік сатып алу саласына, жер мәсе­лелері мен бизнес саласындағы дау­­­ларға қа­тысты. Кәсіпкерлерден ке­ліп түскен ша­ғымдардың бәрін мем­ле­кет­тік орган­дармен және «антикор» қыз­ме­ті­мен бір­­лесе отырып тексердік, – деді С.Сәдуа­қа­сов.

Жиын соңында жемқорлық тәуекел­де­рі мен сыбайлас жемқорлыққа әкелетін жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды қамтитын құжат әзірлеу туралы ұсыныс қолдау тапты. Сон­дай-ақ тараптар саладағы ақпараттық жүйе жетілдірілмей, субсидия әділ бөлін­бей­ді деген қорытындыға келді.

 

Қостанай облысы