Қосымша энергияны алуға мәжбүр етті
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың пікіріне сүйенсек, бүгінде Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмысы өздігінен теңдестіріліп жатыр. Бұл орайда қауырт уақыттарда энергия жүйесіне түсетін жүктеме артып, электр қуатының тапшылығы байқалып келеді. Мұның себептері энергия өндіруші ұйымдардағы апатты тоқтатылудың жиілеп кетуімен, сондай-ақ қосылған қуаттың күрт ұлғаюымен байланысты.
«Энергетикалық қажеттіліктің өсуіне цифрлы майнинг субъектілерінің қызметі әсер етті деп санаймыз. Криптовалютаны өндіру үлкен көлемдегі энергияны қажет ететін процесс екенін айта кеткен орынды. Сонымен қатар осы мақсатта қолданылатын қондырғының жекелеген түрлері шамамен 2,5-3 киловат сағат энергияны тұтынады. Бұл 3 бөлмелі пәтердің бір айлық нормасынан 8 есеге жоғары.
Қазір жүйелік оператор барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласындағы кейбір нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізді. 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде Мемлекет басшысы заңсыз жұмыс істейтін цифрлы майнинг субъектілеріне қатысты тексеру іс-шараларын жүргізіп, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Бүгінде қолға алынған шаралар «көлеңкелі» цифрлы майнингпен күресуге бағытталып отыр», деді Б.Ақшолақов.
Министр «көлеңкелі» майнингтің салдарынан қосымша энергияны Ресейден импорттауға мәжбүр болып отырғандарын айтты. Егер де заңсыз криптовалюта өндірісі тыйылса, онда энергетикалық тәуелділік те туындамас еді.
«Жалпы, елімізде жылына 14 млн киловат сағат энергия тұтынылады. Басым бөлігі өзімізде өндіріледі. Десе де тапшылық орын алған жағдайда Ресейден қосымша энергия алуға тура келеді.
Қазір әсіресе, таңғы және кешкі уақыттарда электр энергиясын пайдаланатындар көбейеді. Сондықтан 600-700 мегаватқа дейін энергияны Ресей Федерациясынан импорттаймыз. Біз ұсынып отырған жоспар жүзеге асырылған жағдайда көршілес елден электр қуатын алу үрдісі 2026 жылға қарай тоқтауы мүмкін.
Егер де энергия жүйесіне заңсыз қосылған майнерлердің әрекеті тыйылса, онда Ресейден электр қуатын алмауға да болатын еді негізі. Әлбетте, электр генерациясын дамытып, жоспарға сәйкес 2026 жылға дейін қосымша станса іске қосылса, импортты алудың қажеті болмай қалады», деді Б.Ақшолақов.
Жасыратыны жоқ, криптовалюта өндірісінің көлемі жағынан Қазақстан әлем бойынша көшбасшылардың қатарында. Бұған еліміздегі арзан энергетикалық тариф әсер етсе керек. Мұны естіген алыс-жақын елдердің майнерлері соңғы бір-екі жылдың көлемінде республика аумағына ағыла бастады. Алайда жыл басында орын алған жағдай мен құзырлы органдардың саланы қолға алуы цифрлы актив өндірушілердің мемлекеттеріне оралуына ықпал етті.
«Заңды және заңсыз түрде жұмыс істеп жатқан майнерлердің нақты саны қанша екенін айта алмаймын. Себебі мұнымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі айналысады. Әзірге бірде-бір майнердің өтінішті кері қайтарып алғанын байқаған жоқпын. Қазір 680 мегаватт көлеміндегі қуаттан бас тартқандар туралы мәлімет жоқ. Майнерлердің 1 киловат электр энергиясына 1 теңге салық төлейтінін электр тарифімен шатастырмау керек. Демек электр тарифі емес, майнерлердің салығы осындай мөлшерде.
Энергетика министрлігі елімізге майнерлерді шақырған жоқ. Олардың қызметі энергетикалық тапшылықты туғызатынын білсек, не себепті шақыруымыз қажет? Басты міндетіміз – электр қуатын үздіксіз беру. Нарық ашық болған соң майнерлер елімізге келді. Оларды кімнің шақырғанынан бейхабармын. Әйтсе де майнерлер Қазақстанда бар. Бір анығы, Энергетика министрлігі оларды шақырмаған», деді ведомство басшысы.
Лицензиялау талабы енгізіледі
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқандай, цифрлы майнинг саласын реттеу 3 бағыт бойынша жүргізіледі.
«Сұр» майнерлерге тоқталсақ, біріншіден Энергетика министрлігі және құқықтық органдардан құрылған мобильді топтардың револьверлі тексеру жүйесі енгізілетін болады.
Екіншіден, оларды жүйелі түрде анықтау үшін ұйымдардың тізімі жасалып, тұтынылатын электр энергияның тарихи деректері құрылып, салықтық, кедендік тексерулердің нақты алгоритмі қолданылады.
Үшіншіден, уәкілетті органдармен бірлесіп, ІР адрестерге шектеу қою арқылы «сұр» майнерлердің іс-әрекетіне тыйым салу тетіктері пысықталады.
Сондай-ақ тиімді шешімдердің бірі – «сұр» майнерлердің мүлкін тәркілеу заңнамада қарастырылмақ. Аталған шаралар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Энергетика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп қабылданады.
Нарықты реттеуге байланысты цифрлы майнингті лицензиялау енгізіледі. Мұнда негізгі критерий техникалық талаптарға сәйкес болу, яғни қажетті жабдықтардың, өрт қауіпсіздігі бойынша тиісті бөлменің және міндеттемелердің болуын қарастыру кіреді. Сондай-ақ арнайы тарифті енгізу, электр энергиясын квоталау жүйесі нарық мүшелері мен жалпы мемлекет үшін ашық және түсінікті нарық қағидаттарын орнатады.
Халықаралық тәжірибені ескеріп, салық салудың оңтайлы жүйесі айқындалады. Бұл орайда Қытай тәжірибесін қайталамау үшін нарықтағы бәсекелестікті арттыру, маңызды ойыншылардың елімізде жұмыс істеуге деген ынтасын сақтау секілді тәуекелдер ескеріледі», деді Б.Мусин.
Цифрлы даму министрі ESG талаптарын сақтау тұрғысынан «ақ» майнерлерге тиісті міндеттемелер қойылатынын жеткізді. Цифрлы активтер жөніндегі заң жобасы бір топ Мәжіліс депутатымен көтерілгендіктен бұл іс-шаралар аталған заң жобасының аясында талқыланады.
Бұдан бөлек, салаға жауапты құзырлы орган басшысы Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін криптоиндустрия саласын дамыту үшін экожүйе құру қарастырылатынын айтты. Атап айтқанда, криптобиржаларды құрып, олардың қатысушылары үшін банктік қызмет көрсетуді іске қосу (Астана халықаралық қаржы орталығы), сол секілді майнингтік пулдар қолға алынады. Жауапты ведомстволар осы амалдар нарықта нақты және айқын ережелерді орнатып, энергетикалық жүйеге шамадан тыс жүктеме түсірмей, майнинг фермаларды «сұр» аймақтан шығаруға оң әсерін тигізеді деген сенімде.