Қоғам • 21 Ақпан, 2022

«Ел үміті» дарындарды баулиды

667 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2019 жылдан бері талантты жастарды танып қана қоймай, талабын ұштау мақсатында елімізде «Ел үміті» жалпыұлттық бастамасы жүзеге асып жатыр. Бұл бастама аясында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

«Ел үміті» дарындарды баулиды

«Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркеу басталды

Бүгінде қала мен ауыл мектептеріндегі бі­лім сапасындағы алшақтықты азайту мә­се­лелері өзекті. Білім және ғылым минис­трлігінің мәліметінше, елімізде 7 471 орта білім беретін мектептердің 5 262-і – ауыл мек­тептері. Бұл – барлық мектептің 74,6 пайызы. Оның 2 786-сы шағын жинақты мек­тептер екенін ескерсек, орта білімнің дең­гейі мектептің ахуалына, мұғалімдердің біліктілігіне тәуелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев Мәжілістің жалпы отырысында: «Біз мектептерді қалай материалдық жағы­нан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұға­лім – мектептің жүрегі. Сондықтан мұға­лімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы қолдау па­кет­тері бар бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», деді.

Осы қордаланған мәселені шешіп, ауыл мен қала бөлінісіндегі білім сапасын теңестіру үшін «Мың бала» олимпиадасы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Екі жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінде оқитын 400 мыңнан аса 5-6-сынып оқушысы қатысты. 2021 жылы еліміз бойынша 150 мыңға жуық оқушы тіркеліп, 4 320 ауыл мектебінің 92 мың оқушысы тестілеуден өтті.

Олимпиадаға қатысу үшін 19 ақпаннан 20 наурызға дейін тіркелуге болады. Ауыл мектептерінде кейінгі екі оқу жылында білім алып жатқан 5-6-сынып оқушылары қатыса алады. «Мың бала» олимпиадасына интернет желісіне қосылған кез келген компьютер немесе ұялы телефон арқылы тіркелуге болады. Тартысты доданың бірінші кезеңі 4 және 8 сәуір аралығында онлайн форматта, ал екінші кезеңі 27-29 сәуір аралығында өңірлік тестілеу орталықтарының базасында офлайн өтеді деп жоспарланып отыр. Оқушылардың академиялық білімін ғана емес, дағдыларын бағалау үшін когнитивті ойлаудың деңгейіндегі сұрақтар да беріледі. Олимпиадада ауыл оқушыларының қабілеті жоғары екені анықталып, академиялық білімінің бәсеңдігі байқалған. Осыны негізге ала отырып, жеңімпаздарға еліміздің жетекші мектептерінде оқуға мүмкіндік беру арқылы білімін арттырып келеді.

Екі жыл ішінде республикадан жинал­ған кіл үздіктердің ішінен суырылып шыққан 600-ге тарта жеңімпаз «Дарын» мамандандырылған мектептеріне, «Білім-Инновация» лицейлеріне, республикалық физика-математика мектебі сияқты еліміздің жетекші мектептеріне оқуға түссе, 2 мыңға жуық финалистер Елбасы академиясының Birge oqý онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуге мүмкіндік алды.

Ауыл оқушыларымен қатар «Ел үміті» бастамасының жобаларында жоғары нәтиже көрсеткен ауыл мектептеріне де қолдау көрсеті­ліп келеді. Жақында Нұрсұлтан На­зар­баев қоры 2 млн теңгенің қаржылай сертификатын Қызылорда облысының Қазалы ауданында орналасқан Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейіне табыстады. Жобаға қатысқан 4 мыңнан аса мектептің ішінде бұл оқу орны үздіктер қатарында болды. Олимпиаданың қорытындысы бойын­ша, мектепте 66 финалист және 21 жеңім­­паз анықталды. Бұл – еліміз бойынша ауыл мектептері арасындағы үздік көрсеткіш.

Birge oqý онлайн мектебі – жаңа формат

Елімізде осыған дейін Birge oqý онлайн мектебі секілді білім берудің тың тәсілін енгізген жүйе болған емес. Білім бәсекесінде бәсі биік болғандар шалғай ауылда отырып-ақ еліміздің білікті ұстаздарынан білім алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі білім технологиялары нарығында онлайн қосымша білім беретін платформалардың саны көп болғанымен, барлығы дерлік ақылы. Әйгілі онлайн мектептерде оқушылардың саны бар болғаны 3 мыңнан аспайды. Ал Birge oqý онлайн мектебінде 5 мыңнан аса «Мың бала» олимпиадасының финалистері мен жеңімпаздары, әр өңірдің белсенді оқу­шы­лары тегін білім алып жатыр. Олар жаһан­дық желінің мүмкіндіктерін қолдана отырып, математика, ағылшын, жаратылыс­тану, орыс тілі немесе қазақ тілі пәнін оқиды.

Жаңа оқу жылында цифрлы техноло­гияларды тиімді пайдаланудың әдісін біле­тін білікті ұстаздың саны 42-ден 150-ге арт­ты. Өңірлердегі Назарбаев зияткерлік мектептері, Республикалық физика-матема­тика мектебі және Нұр-Сұлтан қаласы ли­цей­лерінің жоғары санатты мұғалімдері ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және цифрлы білім беру құралдарын қолдана отырып сабақ өтеді. Пәнге деген қызығушылықты арттыратын көптеген дидактикалық және үлестірмелі материал­дар, әртүрлі деңгейдегі тест тапсырмалары мен тәлімдік, тағылымдық ресурстар қолданылады. Оқыту әдісінде са­бақ­­тар ойын түрінде геймификация тә­сі­лімен түсіндіріледі. Күнделікті оқу бағ­­дар­­ламасының сапасына және әдіс­теме­­лік нұсқаулыққа сәйкес өтуін 15 пән әдіске­рі жіті қадағалап отырады. Олар сабақ аяқ­тал­ған соң бейнежазбаны қарап шығып, сабақтың қалай өткенін бағалайды.

Birge oqý онлайн мектебінде білім беріп қана қоймай, оқушылардың жеке қасиеттерін дамыту үшін психологиялық тұрғыда да дайындау қарастырылған. Бір айда екі рет тәрбие сағаты әртүрлі та­қы­рыпта өтеді. Мысалы, тайм-менедж­мент, цифрлы этикет, эмоциялық интел­­лект. Ал оқушылардың күнделікті сабақ­қа қатысуын 45 тьютор назарда ұс­тап, әрдайым байланысқа шығады. Оқушы­лардың тұрғылықты жеріне және интернет жылдамдығының төмен болуына қарамастан, Birge оqý онлайн мектебіндегі қатысу белсенділігі 99 пайызға, күнделікті сабақтарға қатысуы орта есеппен 82 пайызға жетіп отыр. Олардың басым бөлігі синхронды, яғни онлайн режімде оқиды.

Жол ашар жоба

«Елбасы медалі» жобасына бір жыл ішінде 14-29 жас аралығындағы 20 мыңнан аса жас қазақстандық қатысып, креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты. Олар жалындаған жастық шақта бойындағы күш-қуатын жинап, игілікті іске жұмыла кіріскен. Қатысушылар жобаның үш деңгейі­нің бірін таңдап, 7 негізгі бағыт бойынша дамиды: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі.

«Елбасы медалі» – жастарға қиындықтар­ды еңсерудің жолын көрсетіп, олардың икемді дағдыларын дамытуды көздейтін бағдарлама. Жо­бада 359 тәлімгер, 17 ай­мақ­тық үйлестіруші мен 17 сарапшы бар. Осы күнге дейін 2 216 қола, 40 күміс және 3 алтын қатысушы бар. Сондай-ақ 344 қа­тысушы бағдарламаны аяқтап, сертифи­кат алды. 2019 жылдан бас­тап 6 187 қазақ­стандық медаль алды.

Биыл «Елбасы медалі» иегерлерінің 605-і грант алып, еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түсті. Олардың 35 пайызы – ауылдық жерлердің, 63 пайызы қаланың тұрғындары, сондай-ақ 25 пайызы – ұлдар, 75 пайызы – қыздар.

«Елбасы медалі» қатысушыларының жетістіктерін бақылап отырамыз. Жоба арқылы платформалар ашып, білім саласына өз үлесін қосып жүргендер де бар. Мы­са­лы, Алматы облысы Көксу ауданы Мәмбет ауылының тұрғыны Ықылас Тұрсынбай есімді қатысушы «Елбасы меда­лі» жобасы арқылы мобилографияны меңгеріп, мектепте студия ашып, қосымша табыс тауып жүр. Бұл жобаға дейін ол бейне түсірудің қыр-сырын білмеген. Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған «І Халықаралық жас ғалымдар форумында» гүлдерді автоматты түрде суаратын құ­рыл­ғыны ойлап тапқаны үшін 3-орынды иеленді. Оның айтуынша, «Елбасы медалі» арқылы бойындағы дарыны мен білімін одан әрі дамытып, оған жаңа мүмкіндіктер ашылған.

Қазіргі уақытта «Елбасы медалі» бағдар­ламасына 10 мыңнан аса адам қатысып жатыр. Оның ішінде 83%-ы – мектеп оқу­шы­лары, 11%-ы – студенттер, 6%-ы – жұ­мыс істейтін жастар, 0,4%-ы – NЕET санатын­дағы жастар, 24%-ы – ауылдық жерлерден. 

«Qabilet қызметі» жобасы іске қосылды

Былтыр қазан айынан бастап еліміздің барлық өңірінде балалардың қабілетін ерте анықтауға бағытталған «Qabilet қызметі» жобасы басталды. Бұл жоба баланың да­му траекториясын құруға көмектеседі. Жо­баның бірінші кезеңінде 10-11 жастағы балалардың қабілеттерін XXI ғасырдың төрт негізгі құзыреттілігі – сыни ойлау, креативтілік, коммуникативтілік, кол­ла­борация бойынша диагностикалау жүр­гізіледі. Келесі кезеңдерде жасөспірім балалар қатыса алады.Үш жыл ішінде 17 жасқа дейінгі балаларды қамту көзделіп отыр. Тестілерді Абай атындағы ҚазҰПУ психологиялық диагностика саласындағы сарапшылары әзірлеп, бейімдеді.

10-11 жас – өзінің бойындағы қабілетін байқап, мамандық таңдауға ойланатын кезеңі. Жас жеткіншектің бойындағы таби­ғат берген ерекше қабілетін, дарынын анық­тап, одан әрі дамуына бағыт-бағдар беру үшін «Qabilet қызметі» еліміздің бар­лық өңірінде іске қосылып жатыр. Тест­тің нәтижесін көргеннен кейін мамандар баланың қай салаға икемі бар екенін тереңінен түсіндіріп, оған бағыт-бағдар береді. Мамандардың білімін жетілдіру мақсатында Елбасы академиясы Алматы қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев қоры базасында әдіскерлер мен психологтерді даярлау бойынша оқыту семинарларын өткізді. «Дарын» өңірлік орталықтарының 100 қызметкері оқыту семинарынан өтіп, сертификаттар алды.

Бүгінде Qabilet онлайн-платформасында 101 958 оқушы диагностикадан өтіп, қабілеттерін одан әрі дамыту бойынша мамандардан кеңес алды. Оқушылардың диагностика мен қабілеттерді анықтайтын тестілеу Елбасы академиясының Qabilet онлайн платформасында жүзеге асады немесе «Дарын» өңірлік орталықтарына барып тест тапсыруға болады.

Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен бөлісіп, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосып келеді. Дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау білдіруге бағытталған «Ел үміті» бастамасы аясында Елбасы академиясының жобалары екі жыл ішінде 1,5 млн адамды қамтыды. Олар заманауи түрлі дағдыларды меңгеріп, бос уақытын тиімді үйлестіріп үйренді, рес­публика бойынша өздерін дамытуға ниетті білімді, интеллектуал жастардың тұтас шоғыры қалыптасып келеді. Алдағы уақытта да Елбасы академиясының қолдауымен жас­тар үлкен жетістіктерге жетіп, қабілетті де қарымды жастардың саны артады деп сенім артамыз.

 

Салтанат СҮГІР,

«Елбасы академиясы» корпоративтік қорының жоба үйлестірушісі